Исатай БЕРДАЛИЕВ: Сирияда қазақтар шөптің тамырын жеп күнелткен
«Қазіргі күні Сирия тақырыбы жабылды» дейді мамандар. Яғни «жиһад» деп сабылғандардың көші тоқтаған. Дегенмен, бейбіт күнде әйелді жесір, баланы жетім қылған зобалаңның зардабы әлі де бар. Дін саласының мамандары Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жусан» операциясы арқылы елге оралған жандарды қоғамға қайта бейімдеу бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді.
Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы, Ислам құқық ғылымдарының PhD докторы Исатай Бердалиевпен сұхбат барысында біз көпке сабақ болған Сирия тақырыбын тағы бір көтердік.
– Исеке, сіздер Сириядан оралған жандармен жиі тілдесіп, оңалту жұмыстарын жүргізесіздер. Олар туған жердің, тыныштық пен тоқшылықтың қадірі жайында не айтады?
– Иә, зерттеу, сараптау шараларымен күнделікті айналысатын болғандықтан, түрлі ахуалмен бетпе-бет келіп жатамыз. Сол жұмыстар барысында таңдай қақтыратын, ішті ашытатын, көзге жас үйіретін түрлі жағдайларды көрдік.
Тағдыр тәлкегіне түсіп, алданып, Сирия асып кеткен көптеген қандастарымыздың дені бүгінде дәстүрлі дінімізге оралып, тура жолды тапты. Кейбірімен әлі күнге жұмыс істеп жатырмыз. Айтайын дегенім, сол азаматтар жат топырақта немесе темір тордың арғы жағында талай қиындық пен теперішке тап келген.
Сирия жерінде 6 жыл болып келген Г. есімді қарындасымыз аштықтан шөптің тамырын жегендерін айтады. Екі-үш ай бойы жерге тамақ, ішірге су таппай қиналған кездері болған. Тіпті, жуынуға су жоқ, шаштары ұйысып, қатып қалған. Сол қарындасымыз «Елге келген соң, бейбітшіліктің, тыныштықтың қадірін білдім» дейді. Жан-жүрегімен сезінгенін айтады. Тәңір басымызға салмасын, соғыс кімге опа әперген?! Жалпы, қандай да кикілжіңді Алла да сүймейді.
Сол Сирияға баруға таныстарын үгіттеген, тура жол, ақиқат дін Сирияда деп адасқан С. есімді азамат бар. 9 жыл түрменің дәмін татты. Ал темір тордың арғы жағы қандай болатынын әрбіріміздің ішіміз сезеді. Бас бостандығыңды шектеу деген қасірет емес пе? Ол да жат жерде сусыз, тамақсыз әбден ашыққанын айтады. Өкінеді! Басқа не істейді?! Алтын уақытының текке кеткеніне қамығады.
– Қазіргі таңда Сирияға кету қаупі әлі бар ма?
– Бүгінде Сирия тақырыбы жабылды десе де болғандай. Адасып, алысқа аттанғандар толықтай туған топырақтарына оралды. Олармен біздің мамандарымыз, ғалымдарымыз үздіксіз жұмыс жүргізді. Бірнешеуі болмаса, барлығын дерлік дәстүрлі дінімізге қайтардық. Қалғандарымен де әлі жұмыс істей береміз. Арамызда білікті, сауатты, шетелдік үлкен білім ордаларында оқып келген дін мамандары, теологтар бар. Олар нәтиже шығаратынына сенімдімін.
Біздің Діндерді зерттеу орталығымыздың жұмысы ауыр, миссиясы зор. Санасы адасқан адаммен жұмыс істеу қиынның қиыны. Сол жолда орталығымыз алға қойған мақсаттарына жетіп келеді.
– Рахмет!
Сұхбаттасқан Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ