Қай жерде білім жоқ болса, сол жерде радикал дін барлығының құтқарушысы бола қалады – Асылтай Тасболат
Қоғамға терең әсер ететін күрделі және көп қырлы мәселелердің бірі - діни радикализм. Ол халықтың дүниетанымына жат идеологияны таратып, алауыздық тудырып, оларды топ-топқа бөліп, қоғамның берекесін қашырады, тіпті, елдің ішкі діни ахуалының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіруі мүмкін. Ал діни радикализм қайдан шықты? Бұдан қалай құтылмақ керек? Осы туралы «Адырна» тілшісі PһD докторант, дінтанушы Асылтай Тасболатпен сұхбаттасты.
- Алдымен, діни радикализм дегеніміз не? Осыған анықтама бере кетсеңіз.
- Діни радикализм деген ұғымға анықтама бермес бұрын, жалпы “дін” деген Құдіретті күшке сенім мен сол сенімге негізделген дүниетаным формасын түсініп алу қажет. Адамдар әлем жайлы, қоғам жайлы, мораль жайлы түсініктерін дін арқылы негіздеуге тырысады. Дегенмен, сенімге негізделген дүниетаным формасы болса да дін адамның ақылға салып ойлануын жоққа шығармауы тиіс. Себебі, христиандық, яхудилік пен ислам секілді монотеистік діни дәстүрлердегі сенім бойынша құдай адамдармен тілдесу үшін пайғамбар жіберіп отырады. «Міне, сол құдай түсірген қасиетті сөзді, яғни уахиді түсінуде оған ақылды араластыруға болмайды. Сөз бе сөз түсіну қажет. Ол жерде адам ақылына салып ойланса, адасып кетеді. Сондықтан діни мәтінді сөзбе сөз, өмірде қолдану керек» деген жерден фундаментализм туады. Осыдан келіп «біз сияқты түсінбейтіндер мен біз сияқты ойламайтындар – адасқандар» дейтін радикал түсінік туындайды. Яғни, адасушыларға қатысты біз өте қатқыл мәміледе болуымыз керек деген түсініктен барып радикализм пайда болады. Тарихқа зер салсақ, Ислам дінінде де, христиан дінінде де осы радикал формадағы діни түсінікке бой алдырған топтар пайда болды.
- Діни радикализмнің салдары қоғамға қандай қауіп төндіруі мүмкін?
- Соңғы кезде Қазақстандағы эксперттердің көпшілігі Ауғанстанды мысалға келтіріп айтып жүр. Одан алдын Сирия жерінде қаншама босқындар Еуропаға үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл әлемдегі жалпы геосаяси жағдайға да әсер етуде. Сондықтан Ауғанстандағы талибан радикалды ұйымының бір мемлекетті басып алуы үлкен оқиға. Бұл да діни радикализмнің, діни фанатизмнің бір көрінісі болса керек.
- Оның алдын алу үшін не істеу керек? Алдын алу және оған қарсы тұрудың қандай әдістері мен стратегиялары ұсынылған? Мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар бар ма?
- Діни радикализмнің қаупін алдын алуымызға болады. Дегенмен ағартушылық бағытта балама көзқарастар, ғылыми зерттеулер жүзеге аспайтын болса, діни радикализм, әрине, қоғамға қауіп төндіріп, тұтастай бір мемлекеттің құлдырап кетуіне немесе мемлекеттік биліктен айырылып қалуға да алып бара алатынын жоғарыдағы Ауғанстан билігін басып алған Талибан қозғалысының әрекетінен көріп отырмыз.
60-шы 70-ші жылдағы Таяу шығыста осындай діни радикалдардың мемлекетті шайқалтқаны есімізде. Бізде 2014-2017, 2017-2020, 2020-2023 жылдар аралығында 4 жылдық діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бағытында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып келеді. Соның ішінде мемлекет Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының орталықтанған институтқа айналуына үлкен күш салды. Діни экстермизмнің алдын алуда ҚМДБ-мен әріптестік бағытты күшейтті. Ағартушылық бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр және мемлекеттік органдар мен дінтанушы және осы ҚМДБ молдаларымен бірлесе отырып қоғамда діни экстремизмнің алдын алу бойынша әртүрлі ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жерде мен бір нәрсені айтқым келеді, аталған жоспарлы істі ғылыми негізде жасай алмадық. Яғни, ғылыми зерттеулер аз. Қоғамда дәстүрлі ислам негіздерін құрайтын матуриди, ханафи мәзхабтары туралы көп айтылады, бірақ оның мән-мазмұнын,эпистемологиясын, басқа мәзхабтардан айырмашылығын біздің қоғамда көп адам білмейді. Осындай көп кемшілік бар.
- Діни радикализммен күресуде білім мен сананың рөлі қандай?
- Діни радикализммен күресу жалғыз сол радикалдарды соттаумен немесе соларға қарсы уағыз айтумен ғана шешілмейді. Қоғамның жалпылама білім деңгейі, өмір сүру дағдысы, одан бөлек қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың да жоғары болуы маңызды. Қай жерде білім жоқ болса, сол жерде әлеуметтік жағдай, экономикалық жағдай төмендеп кетсе, радикал дін барлық нәрсенің құтқарушысына айналып кетеді. Білім саласы дамитын болса, әлеуметтік проблемалар шешілсе, қоғамның мәдени һәм құқықтық сауаты көтерілсе дінді ұстанса да ғылым мен дінді қатар алып жүретін азаматтар көбейеді деп есептеймін.
«ӘЙЕЛДЕРДІ КЕМСІТУ ХХІ ҒАСЫРДА ҚАНША ЖЕРДЕН ДІНДАР БОЛСАҢЫЗ ДА АҚЫЛҒА СЫЙМАЙДЫ»
- Діни радикализмге қарсы тұрудағы діни көшбасшылар мен қауымдастықтардың рөлі туралы осы тұста айта кетсеңіз.
- Радикализмге қарсы тұруда діни көшбасшылардың рөлі маңызды. Біздегі имам, молдалар әлеуметтік желіде өте белсенді болып кетті. Солардың уағыз-насихаттарының қаншалықты ағартушылық мәні бар? Шынымен де олар халықтың көзін ашып жатыр ма? Осындай мәселелер мені алаңдатады.
Мен кейбірін қарадым. Бірақ демократия туралы, мемлекет туралы түсініктері өте кертартпа, орта ғасырлық, патша Құдайдың жердегі көлеңкесі деген наративті сол күйі қолданады. Әйелдерді қисық қабырғадан жаратылған деп орта ғасырдағы түсінікті ретранцляциялаумен айналысады. Әйелдерді кемсіту ХХІ ғасырда қанша жерден діндар болсаңыз да ақылға сыймайды.
Діни көшбасшылар “бүкіл азғындық, бүкіл жаманшылықтың бәрі батыстан келіп жатыр” дейді де үлкен джип көліктерін мініп алып жүруден тайынбайды. Демократияны тек қана гомосексуализммен және азғындықпен байланыстырып түсінетіні байқалады. Адам құқықтары, теңдік, есеп беретін үкімет, әділ сайлау жүйесі деген ұғымдарды білмейді молдалар. Сол себепті патша Құдайдың жердегі көлеңкесі деп отырып діни радикализмді керісінше өздері туғызуы мүмкін. Сондықтан молдалардың кішкене білімін көтеру керек.
- Қазіргі таңда діни радикализмге қарсы тұруда қандай қиындықтар бар?
- Егер нақты жолын білсе ешқандай қиындық жоқ. Алдымен, халықтың көзін ашумен айналысу керек. Сосын діни радикализмнің алдын алуға деп таңдалған мамандардың өздері кей тұста радикал болмаса да, өте фундаментал, кертартпа болып шығуы кәдік. Сондықтан бізге модернизм және заманның шарттарын ақылға салып ойланатын мұсылман кейпін қалыптастыру керек. Жаңа заманға сай шешім іздейтін дін мамандарын қалыптастыру қажет.
Соның ішінде бізде дәстүр бар. Джадидизм деген болған, татар зиялыларынан Уфа, Троицк секілді қалаларда біздің Алаш зиялыларының көпшілігі оқыған. Сол Алаш зиялыларының демократиялық қоғам қалыптастырып, ұлттық мемлекет құру идеалдары мен Ислам идеалдарын ұштастыра отырып, азаматтардың білім алуына жағдай жасап, оң бағытта шаралар іске асыру керек.
Дін деген тек қана “анау ширк болады, мынау ширк болады” деп соның айналасында ғана талқылау, бас қатырып екіге бөлініп алып, жаға жыртысу емес. Дін деген үлкен моральдық құндылық, Еуропада да көптеген елдерде де дін адамның құқықтарының негізі ретінде қалды. Діни сенім бостандығы деген ұғым бар, сенімсіз нәрсе болмайды. Кез келген жерде, екі адам арасында қарым-қатынаста да, бизнес жасасаңыз да сенім деген нәрсе маңызды. Құдайға сеніп, құдайға жалбарынып, психологиялық іштей тұрақтылық тауып дін арқылы өзінің өмірінің моральдық өлшемдерге сай өмір сүретін адамдар әрдайым болады. Бірақ, соны прогресивті, позитивті мағынада іскe асыру қажет деп есептеймін. Сол үшін ақылға сүйенбей ұстанатын болса дін радикализм, фундаментализм туғызбай қоймайды. Сондықтан сенімге негізделген дүниетаным формасы болса да дінді ақылмен қабылдау керек.
Құдайды тануды, дінді түсінуде уахимен бірге ақыл екеуі эпистемологиялық тұтастықта болу керек. Мысалы, құран үкімдерін, діннің бұйрықтарын ақылы толмаған жас балаға үйретпейсіз немесе ақылы жоқ, туғаннан кемістігі бар жындыға немесе жынданып кеткен адамға діннің бұйрықтары міндет болмайды ғой. Сондықтан ақылмен түсіну керек көп нәрсені. Бізде дінде ешқандай ақыл жоқ. Ақылға салса адасып кетесің, ақылға салуға болмайды дейтін бір кертартпа түсінік бар. Керісінше, дүние істерін емес дін істерін түсінуде ақылға көбірек мән беру керек. Өйткені, құрандағы көптеген аяттарда да «ақылға салып ойланбайсыңдар ма, күн мен түннің ауысуына, желдің бұлттарды айдап алып келуіне, бал арасына, түйеге, басқада мәселелерге қарап, осының бәрін ойланбайсындар ма, ақылдарыңа салмайсыңдар ма», деп көп айтады. Бірақ мұсылман әлемінде ұмытылып қалған нәрсе, осы – ақылға салу. Сондықтан бәрін ақылға салу керек, сол кезде діни радикализм болмайды
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Дана Нұрмұханбет
«Адырна» ұлттық порталы