Алматыда сүлейменшілерге тиесілі ұйымдарды тарату жалғасуда
Соңғы уақыттары интернет кеңістікте “сүлейменшілер” діни ағымына қатысты бірқатар ақпараттар таралып, қоғам ішінде қызу талқыға түсуде. Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы еліміздің құқық қорғау органдары тарапынан бейресми діни ұйымдарға қарсы іс-қимыл шаралары үздіксіз жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Атап айтқанда, бұл діни ағымды “Жібек жолы” қайырымдылық мекемелер қауымдастығымен байланыстырушылар қатары көп. Құзырлы органдар дерегінше, мұндай пансионаттар Алматыда ғана емес, елдің өзге өңірінде де бар. Жалпы саны 90-нан асады және барлығы бір қайырымдылық қорына қарайды.
Бұған дейін аталған қор ұйымы Мүфтиятпен меморандум жасасу арқылы жұмыс істеген. ҚМДБ Алматы қаласы бойынша пәтуа бағытына жауапты маман Елбек Тасболатұлы дін және заң бойынша заңсыздықтар табылып жатқаннан кейін ҚМДБ “Жібек жолы” қайырымдылық мекемесімен өзара жасалған меморандумның тоқтағандығы туралы мәлімдеген болатын.
Ал, бұл ұйымға қарасты мекемелердің біріне Алматы қаласы Полиция департаментімен қылмыстық іс қозғалғаны мәлім. Бүгінгі таңда бейресми бірлестіктер Қазақстанның ірі қаласы саналатын Алматыда да, басқа өңірлерде де нақты қауіп төндіруі мүмкін. Жақында Алматыда “Жібек Жолы” қайырымдылық ұйымының қолдауымен жұмыс істейтін пансионаттар желісі таратылғаны белгілі болды. Прокуратура мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы сотқа шағым түсірді. Бейресми мектептерді “Сүлейменшілер” ағымының жақтаушылары қолдағаны анықталды.
Сүлейменшілер — ел аумағында түріктің діни пансиондарын сонау Тәуелсіздік алған жылдардан бері көптеп ашып, қазіргі кезде ең көп діни пансион ұстайтын діни ұйым. Бұларды ел ішінде «сүлейменшілер» деп атайды. Қазақ балаларын дінге үйретеді, Түркияға діни оқуға жібереді. Түркияда екі миллиондай мүшесі бар, АҚШ, Германияда өкілдіктері бар. Тамырын өзге елдерде жая түсу үшін жасырын жұмыс жүргізеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты muftyat.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек “сүлейменшілер” өздерін сопылық Нақышбанди тариқатына жатқызатын “сүлейменшілер” жамағаты қазіргі Болгарияның Дунай (Туна) өзені бойындағы Силистире аймағында дүниеге келген Сүлеймен Хилми Тунахан (1888-1959) атымен аталады.
Биыл балаларға арналған пансионат ретінде жұмыс істейтін 26 заңсыз мекеме жабылды. Осы “оқу орындарының” қабырғаларында кәмелетке толмағандар дұға етуге және ұжымдық ғибадатқа қатысуға мәжбүр болған. Дұғадан бас тартқаны үшін балалар дене жазасына кесілген.
«Алматы қалалық сотында заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жою және тарату туралы азаматтық істі қарау аяқталды. Бұған дейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аталған іс бойынша талап арызды қанағаттандырған болатын. Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды”,-деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Дархан Мырзахан.
Тінту барысында балаларға арналған пансионаттарда тыйым салынған діни әдебиеттердің көптеген даналары табылды. Бұл ретте кәмелетке толмағандармен жұмыс істеген мұғалімдердің теологиялық пәндерді оқытуға ресми рұқсаты болмады.
Былтыр Алматыдағы пансионаттардың бірінде тұрған жасөспірім мекеме ішіндегі астыртын әрекеттер туралы айтып Almaty.tv. телеарнасына сұхбат берген. Оның айтуынша, қайырымдылық қорына қарайтын жатақханада тіпті шетел азаматтары діни тақырыпта емтихан тапсыртқан. Сұхбат берген ата-ананың айтуынша баласын “ең мықты университетке оқуға түсіреміз” деп сендірген. Нәтижесінде 70 бала да университетте емес, медресе атын жамылған мекемеде тұратыны белгілі болған. Онда баскөз болған “ұстазсымақтар” оларға күш қолданған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тәртіп сақшыларының пансионаттар маңында жүргені таспаланған. Полиция департаментінің өкілдері сол кезде тексеру жүргізіліп, оқиға орнынан “Қазақстанда экстремистік деп танылған және таратуға тыйым салынған материалдар табылғанын” хабарлаған.
Айта кету керек, “Жібек Жолы” пансионаттарының жабылуы туралы жаңалық Түркияға жетіп, ақпараттық порталда жарияланды ulusal.com.tr “Қазақстан Үкіметі сүлейманистердің жатақханаларын жапты” атты мақала жарық көрді. Сондай-ақ, осы тақырыпта TikTok әлеуметтік желісіндегі жаңалықтар порталының бетінде бейнеролик жарияланды, оның астында Қазақстан билігінің шешімін қолдайтын пікірлер қалдырылды.