Елордада «Жұмақ: жаза және кешірім» атты қысқаметражды көркем фильмнің тұсаукесері өтті
Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен контрнасихат жұмыстары аясында Діндерді зерттеу орталығы түсірген "Жұмақ: жаза және кешірім" қысқаметражды көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Фильм деструктивті діни ағымға түскен азаматтардың тағдырынан сыр шертеді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, танымал спортшылар, блогерлер және өзге де азаматтар қатысты.
Фильмінің алғашқы бөлімі 2021 жылы жарыққа шығып, көпшіліктің көңілінен шыққан туындыға айналды. Туындының режиссері – Серік Таласов, ал идея авторы – Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.
"Бұл фильмді теологтармен, дін саласының мамандарымен кеңесе келе түсірдік. Деструктивті ағымға түскен адамдардың тағдыры әртүрлі. Діни сауатсыздықтың кесірінен отбасынан безіп, отанын тастап шекара асып кеткендер де кездеседі. Осындай жағдайларды көргеннен кейін өзгелерге де сабақ болсын деген мақсатта фильм түсіру туралы шешім қабылдадық. Бірінші бөлімі шыққан соң маған еліміздің түкпір-түкпірінен қоңыраулар түсті, мыңдаған пікірлер келіп жатты. Дін тақырыбында көркем фильмдер жиі түсіріле бермейтін болғандықтан көптің көңілінен шықты деп ойлаймыз", – деді басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.
Бірінші бөлімде фильмде деструктивті діни ағымға түсіп, өмірі күрт өзгерген Әли атты жас жігіттің тағдыры көрсетіледі. Отбасынан бас тартып, ата-анасынан айырылып, достарымен араласуды доғарып, аяғында темір тордың ар жағынан шыққан жігіттің өмірі не болады деген сұраққа фильмнің екінші бөлімінен жауап алуға болады.
"Бұл фильмді түсіру туралы көп ойландым. Тақырып оңай емес. Көрермен қалай қабылдайды деген күмән болды. Бір жыл дегенде бір-ақ түсірілімді бастауға келістім. "Жұмақ" деп аталатын бірінші бөлім көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Екінші бөлім де жақсы нәтиже береді деп үміттенемін. Әрбір туынды – өзіңнің балаң сияқты. Сондықтан жақсы қаралым жинап, көрермен көзайымы болса екен деген үлкен үмітіміз бар", – деді Фильм режиссері Серік Таласов.
"Жұмақ" фильмінің бірінші бөлімін Діндерді зерттеу орталығының YouTube каналынан көруге болады. Ал "Жұмақ: жаза және кешірім" туындысы жақын арада әлеуметтік желілерде жарық көреді.