Радикалды ағымдарға кірген азаматтарды оңалту жұмыстарының кейбір мәселелері

Қазіргі Қазақстан жағдайында радикализм, экстремизм бағытында жасалып жатқан шаруалардың өзіндік ерекшеліктері бар.

Олай дейтініміз, ел аумағында өңірлік және республикалық түсіндіру топтары жұмыс жасап, «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 124 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» негізінде шаралар артқарылуда. Бұл шаралардың басты ерекшеліктері саладағы ахуалды оңтайландыру үшін идеологиялық, түсіндір және оңалту жұмыстарына көңіл бөле отырып теріс ағымдардың алдын алумен қатар әртүрлі радикальды топтарға кірген азаматтардың көзқарасына түрлі жолдырмен ықпал ету арқылы қоғамға қайта бейімдеу, қалыпты ортаға қосу болып табылады.

Бұл елімізге ғана тән ерекше тәсіл деуге болады. Олай дейтініміз осы бағыттағы шараларда көрші елдерде анағұрлым қатаң тәжірибелер қолданылады. Бұл шаралардың арқасында біраздаған азаматтар өздерінің райынан қайтып, қалыпты тіршілікке оралып та жатыр. Алайда, жалпылама алғанда өте табысты деп айта алмаймыз. Олай дейтініміз, теріс ағымдарға кірген бір оңалтылған азаматтың орнын басқа да жаңадан кірген азаматтар толықтырып жатады. Ал жекелеген өңірлердің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай теріс ағымға кірген азаматтарды оңалту үшін апталап, айлап, тіпті жылдап жұмыс жасалатындығы. Оның үстіне еліміз бойынша барлық өңірлерге ортақ оңалту әдістемелері жасалмаған. Әрбір дін істері немесе ішкі саясат басқармасының өзіндік жасаған қызметтерінің нәтижесінде өзінше оңалту тетіктері жасалған, осының негізінде жұмыстар атқарылуда.

Енді бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, жүйелеп алу үшін келесі мәселелерді шешу міндеті тұр:

Бірінші мәселе, теріс ағымдарға кірген азаматтармен мамандардың арасындағы байланысты орнату қиындығы. Көп жағдайда радикальды ұстанымға бет бұрған азаматтар мемлекеттік жұмыстардан бас тартып жеке кәсіпкерлікке, сауда-сатыққа кетеді. Яғни, ондай азаматтарды түрлі жиындарға, мамандардың дәрістеріне тарту мүмкін болмайды. Тіпті адрестік оңалту жұмыстарында да бұл азаматтар көп қиыншылық тудырады. Үйіне келген мамандарға қоқаң-лоқы көрсету, олармен сөйлеспеу, тіпті заңдық негізде үйіне келуге құқының жоқтығын алға тарту сияқты фактілер жиі кездеседі. Бұл жағдайда учаскелік полиция қызметкері немесе арнауы қауіпсіздік органдарының қызметкерлері арқылы оларды диалогқа тарту тәжірибесі болғанымен, барлық өңірлерде толық шешілмеген мәселе деуге болады.

Екінші мәселе, аталмыш салаға соңғы жылдары қыруар қаржы бөлініп, әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар қойылған әлеуметтік тапсырыстарды орындауға құлшыныс білдіріп отыр. Осы орайда қолданыстағы заңнамалар бойынша ең төмен баға ұсынға ұйым саладағы атқарылуаы тиіс жұмыстарды жеңіп алады. Алайда бұл өзекті саладағы нәзік те, күрделі мәселені жете түсінбеу, әйтеуір бастысы шараны ұйымдастырып, есебін тапсыру деп түсінгендіктің салдарынан өз деңгейінде атқарылмай жатады. Немесе жергілікті басқармалар өздеріне тиімді азаматтармен ғана әріптестік орнатып, көбінесе белгілі бір мамандармен ғана шектелуді жөн санайды. Бұл атқарылған жұмыстың сапасына тікелей ықпал жасайды.

Үшінші мәселе, сала мамандарының біліктілігі. Қазірде көптеген мекемелерде «теолог» мамандарына штаттар ашылып, жұмыс жасай бастады. Ал бұл мамандардың көбінің арнайы теологиялық білімі жоқ, немесе өте төмен. Әсіресе түзету мекемелеріндегі теологтарға қойылатын талаптар өте жоғары болуы тиіс. Себебі, теріс ағымға кірген азаматтарды оңалтудың бір қыры онымен діннің тілінде сөйлесу болып табылады. Сондықтан теріс ағымға кірген азаматармен жұмыс жасайтын теолог мамандар арнайы білімді, уақытылы біліктіліктерін жетілдірген азаматтар болуы шарт.

Төртінші мәселе, теріс ағым өкілдерін оңалту жұмыстарының әдістемелік ортақ базасы толық қалыптаспағандығы. Елімізде оқтын-оқтын салаға қатысты әдістемелік құралдар мен әдебиеттер жарық көріп жатады. Алайда, бұл әдебиеттер жалпы Республикалық оңалту жұмыстарында қолданылмайды. Оның себебі, не оның саны аз, не болмаса белгілі бір облыс аумағымен шектелген. Демек, оңалту жұмыстарының Республикалық үлгісін жасақтайтын уақыт келген сияқты. Яғни,. нақты жоспарлар жасалып, сол жоспарлардың негізінде нақты тапсырмалар бекітіліп, оңалту жұмыстары жасалуы тиіс. Олай болмағанда ағымға кірген азаматтар мен оңалтылған азаматтардың ара салмағында оншалықты өзгеріс болмайды. Бұл радикализммен күрестің нәтижесінің төмендігін тудырады.

Бесінші мәселе, оңалту жұмыстарын атқарушы мамандардың біліктілігі. Көп жағдайларда теріс ағымға кіру тек діни сипатқа ғана қатысты емес. Мәселен, елімізде радикализм бойынша маманданған психолог мамандар жебіспейді. Жалпы психологтар дінді түсінбейді, ал дін мамандары психологияның қыр-сырын білмейді. Сондықтан оңалту жұмыстарын кәсіби атқаратын арнайы мамандар шоғырып қалыптастыра бастауымыз қажет. Ал кәсібі басқа, тиіп-қашпа жолдармен салаға араласып жүрген мамандар өздеріне толыққанды жауапкершілік сезінбегендіктен аса пайдалы бола қоюы екі талай.

Қорыта келгенде, теріс ағымға кірген азаматтардың оңалту жұмысын бастамас бұрын, саладағы қордаланған түйіткілді осы және осыған ұқсас мәселелерді шешіп, нақты жұмыстарға ден қойған абзал. Керек болған жағдайда теріс ағым өкілі ретінде анықталған, күдік тудырған азаматарды мәжбүрлі курстан өткізу жолдарын қарастырып, міндеттеу қажет. Тіпті теолог мамандардың алдына өздері келетін тетіктерді қарастырған абзал. Жыл сайын нақты тізімдер бекілітіліп, жергілікті дін басқармалары немесе ішкі саясат басқармаларына тапсырмалар жүктелуі қажет. Осы тапсырмаға сай білікеті маман мәселесін, мамандардың жалақы деңгейі мәселелесін шешу жолдарын қарастырған дұрыс. Олай болмаған жағдайда радикализм мен экстремизммен күресте оңалту жұмыстарында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу барынша қиынға соғатын түрі бар.

Кеңшілік Тышханұлы, Дінтанушы, әлім