Пандемия және радикализм

Әлемді шарпыған тұмау еліміздегі дінге қатысты жұмыстарға да өзіндік ықпалын тигізді.

Пандемия кезінде баяғы аттандап жүрген экстремизм, терроризм және радикализм деген сөздер аздау естіліп, тіпті радикалдардың өзі бекерде «Наурыз - харам», «Сәлем - ширк» деп айғайлатып жататын желілер де саябырсып қалғандай. Оқтын-оқтын жоспар бойынша бірлі-жарым ақпарат шыққанымен анау айтқандай қарқын байқалмайды. Тіпті елдегі ақпараттық түсіндіру тобы жұмыстары да көп естіле бермейді. Соңғы кездегі «орамал» мәселесі бір шулатқанымен онда да радикалды топтардың кінамшыл эмоциялары әсіре байқалған жоқ.
Енді бұған не себеп дегенде ойлап отырып бірнеше факторларды айтуға болады. Біріншіден, Жаппай әлемді шарпыған тұмаумен бірге әлемдік геосаясатта да үлкен өзгеріс болып жатқанға ұқсайды. Алпауыт елдердің өздеріне бағынбайтын мұсылман елдеріне тіс батыруы кезінде радикализмді қолшоқпар етуі өздерінің арасындағы үлкен қайшылықтарға байланысты бәсеңдегендей. Бұрын да айтылып жүрген әңгіме еді ғой, бірақ осы жағдай мұның шындыққа келетіндігін дәлелдеді деуге болады. Дінде лаңкестік жоқ, бірақ идеологиялық адасушылықтың арқасында лаңкестікті «ақтап» алатын топтар үнемі шығып отырады. Олай болса, мұсылмандар арасында әлі де радикалды топтарды қалыптастыруға болатын «мүмкіншілік» бар. Бірақ қазір лаңкестерді ұйымдастырушылар үшін онымен айналысуға мұрша аз.
Екіншіден, қайшылық екі жақты болады. Егер сен олардың алдын алу үшін еңбек қылып қарсы шықпасаң, олар да толық қалыптасқанға дейін, саны көбейгенге дейін айғайлап, аттандамайды. Мемлекеттің радикализммен күресі бәсеңдесе, олардың да қарсы эмоциясы уақытша ұйқыға кетеді. Бірақ бұл әлсірейді деп түсінбеуіміз керек. Мүмкін өз арасында қарқынды қалыптасуы да ықтимал.
Үшіншіден, еліміздегі оқиғалардан кейін діни-саяси ойынның ойыншыларында жарықшақ пайда болғандай. Кез-келген діни-саяси радикализм ұйымдасуды қажет етеді. Ұйымдасу үшін басшы-қосшы қатынастары міндетті түрде болады. Өз бетінше таралу үрдісі бар. Бірақ, бұл мақсаттылық мен идеологиялық негіздерді жүзеге асыру үшін тиімсіз тәсіл. Ал қаржы мен қолдау болмаса «құдай үшін» дін таратушылардың саны күрт азаяды. Демек, бұл да маңызды бір фактор.

Kenshilik Tyshkhanul, дінтанушы

(Жалғасы бар...)