Қазақ даласын христиандандыру әрекеті / Қазақстандық тарихшы З.Т. Садвакасованың еңбектерінен

Патша өкіметінің Қазақстанды жаулап алу саясатында орыс православ шіркеуінің рөлі үлкен болды. Үкімет қазақ жерін қарумен бағындырса, шіркеу халықтың санасын өзгерту арқылы өз ықпалын бекітуді мақсат етті.

Зерттеуші Б. Қаратаевтың айтуынша, православ миссионерлері қазақтарды «діні жоқ, шамандық халық» деп қабылдаған. Сондықтан олар қазақтарды христиан ету оңай болады деп ойлады.

Бірақ архив құжаттары бұған қарсы дәлел ұсынады. Қазақтар биліктен өздерін қысымнан қорғауды, мешіт, медресе, қазақша мектеп салуға рұқсат беруді сұрап өтініш жазған. Ал қазақтардың өз еркімен шіркеу салуға немесе христиандық ғимарат тұрғызуға өтініш білдіргені туралы ешбір құжат жоқ. Тіпті шоқынғандардың да ондай өтініштері болмаған. Және бір айта кетерлігі — билік мешіт салуға рұқсат бермеген кездерде де қазақтар оны рұқсатсыз салып алған кездері де болды.

Осы кездері орыс қоғамында да православ шіркеуін сынағандар болды. Мысалы, ұлы жазушы Л.Н. Толстой православияға қарсы пікір білдіргені үшін 1901 жылы шіркеуден шығарылды. Синод оны «шіркеуден бас тартты» деп айыптаса, Толстой өзі: «Мен шынымен шіркеудің рәсімдерін орындамай қойдым. Өлетін болсам діни қызметкерлерді қасыма жолатпауды өсиет еттім» деп жауап берген.

Фото: e-history.kz

Миссионерлердің христиан етуге сонша тырысуларының бір себебі — пайда табу еді. Шіркеу халықтан әртүрлі төлем, алым жинау арқылы байыды. Орыс жазушысы А.И. Эртель «Степняк жазбаларында» былай дейді:

«Үйлену — попқа 3 десятина жер жыртып бересің, бала шомылдыру — жарты нива, молебен — бір десятинадан шөмеле тасисың, жерлеу — 10 күн тегін жұмыс».

Шоқынған қазақтардың ішінде православияға шын беріліп, тіпті шіркеуде қызмет еткендері кездеспеді емес. Олар миссионерлер үшін өте тиімді кадр саналды — себебі қазақтың тілін, салтын, мінезін жақсы білді. Сол себепті діни кітаптарды қазақшаға аударуда олар белсенді қолданылды.

Бірақ миссионерлер берген уәделерінің көпшілігі бос сөз болып шықты. «Христиан болсақ жағдайымыз түзеледі» деп ойлаған талай қазақ кейін өкініп қалған. Олардың көпшілігі мұқтаж күйде өмір сүрді, айтылған «алтын таулардың» бірі де болмады.

Ол кезде шіркеудің рухани ықпалы онша күшті болмағанын еуропалықтар да жазған. Мысалы, француз саяхатшысы де Кюстин:

«Ресейде сырттай бәрі шіркеуге құрмет көрсетеді, бірақ шіркеудің жүректерге еш әсері жоқ. Бұл шіркеу – өлі» дейді.

Шіркеу христиандықты тарату үшін мектеп, түрме, аурухана сияқты жерлерде белсенді жұмыс істеді. Миссионерлерге берілген құпия нұсқаулардың бірінде:

«Қай жерде азап көрген адам болса, ол жерде дәрігерді қажет етеді. Ал керек кезде – ілімді де, шіркеуді де соған араластыруға болады» делінген.

Шоқынған қазақтар арасында жаңа мәселелер де пайда болды. Христиандықпен бірге орыстардың тұрмыстық әдеттерін қабылдап, арақ ішіп, жанжал шығару, алдау-арбау сияқты теріс әдеттер көбейді. Бұлар қазақ арасында бұрын сирек кездесетін әбестіктер еді.

Ал шіркеу қызметкерлерінің өзі де үлгі бола алмады. Көп поптар маскүнем болған, шіркеу тәртібін білмеген, өз міндетін атқара алмаған. Жоғары органдарға олардың тәртіпсіздігі туралы арыз-шағым жиі түскен. Тіпті кей миссионерлер адамдарды күшпен немесе алдап шоқындырды. Мысалы, 1896 жылы исламнан православияға өткен бір қазақ әйелінің ісі тексерілгенде, оның бірнеше күн араққа тойғызылып, алдап шоқындырылғаны анықталған.

Кітап шығарып тарату

1872 жылы академик Е.А. Малов мұсылмандарға қарсы бағытталған миссионерлік жинақты шығару үшін комиссия құруды ұсынды. Оның қорытындысы бойынша, Қазан (христиан) діни академиясының кейбір студенттері мен магистранттарының курстық жұмыстары мен магистрлік диссертацияларын жинақ түрінде басып шығару туралы шешім қабылданды. Бұл жинақтың көшірмелерінің көпшілігі оның тигізетін пайдасын ескере отырып, тегін таратылды.

Аталған басылымның тақырыбы ауқымды және оның бағытын айқын көрсетеді. Мысал ретінде кейбір магистрлік жұмыстардың атауларын келтірелік. Мынадай тақырыптардағы шығармалар жарық көрді:

  • "Құрандағы қайшылықтар туралы"

  • "Мұхаммедтік (яғни, мұсылман) татарларға қарсы миссионерлік пікірталасу әдісі"

  • "Мұхаммедтік (яғни, мұсылман) татарлардың өз дініне берік болуларының себептері"

  • "Мұхаммедтік пайғамбарлар туралы ілімді сыни талдау"

  • "Мұхаммедтіктерді (мұсылмандарды) христиан дініне кіргізуге қолайлы Құран аяттары" және тағы сол сияқты.

Тіпті осы шағын тізімнің өзі бұл "трактаттардың" бағыты туралы, осы басылымның көздеген басты мақсаты мен онда жарияланған жұмыстардың мазмұны ондағы негізгі идея туралы анық түсінік береді.

Патша үкіметі қазақтарға "рухани азық" беру үшін кітап шығару ісіне көп көңіл бөлді. Осы жұмыстың арқасында қазақ тіліне 307 кітап аударылды. Оның 288-і — (христиан) діни тақырыптағы кітаптар еді. Бұл кітаптардың мектеп оқушыларына қатты әсер еткенін ойлауға болады. Өйткені, Империя жалпы білім беретін кітаптарды аз шығарса да, (христиан) діни мазмұндағы кітаптарға көп ақша жұмсады.

Сонымен бірге діни суреттердің өзін арнайы өзгертіп отырған. Мысалы, Самариялықтың суретіндегі адамның басына сәлде (чалма) салмау туралы ескерту берілген. Өйткені ол суретті көрген мұсылмандар «мейірімді адам мұсылман екен» деп ойлап қалуы мүмкін деп қорыққан.

Діни қызметкерлер мұсылмандарды шіркеуге тарту үшін христиан дінінің негізгі қағидаларынан оңай бас тартатын болған. Мысалы, 1886 жылы Цензура комитетінің діни тақырыптағы суреттерге қатысты шығарған жарлығында былай делінген:

"Жол тонаушылар ұрып кеткен адамға (христиан) діни қызметкер мен левит көмектеспей өтіп кеткен, бірақ самариялық адам көмек көрсеткен суретте, самариялықты сәлдемен бейнелеу мұсылмандар тұратын жерлерде бұл суреттің мағынасын бұрмалап түсінуге әкелуі мүмкін." деді.

Бұл алаңдаушылықтың себебі: самариялықтың сәлдесіне қарап, қайырымды жанды мұсылман деп ойлап қалып, осылайша мұсылманның христиандарға қарағанда гуманистік, мейірімділік танытқанын мадақтауға жол ашуынан қорықты. Осы "теріс түсініктің" алдын алу үшін, самариялықтың бейнесін саларда, оны сәлдесіз басын жаппай бейнелеу ұсынылды.

Христиан дінін қазақ арасында таратуда негізгі рөлді миссионерлер атқарды. Сол үшін олардың біліміне, мінезіне ерекше талап қойылды. Олар қазақ, парсы, араб тілін білуге, Құранды терең зерттеуге тиіс болды. Тіпті алғашқы медициналық көмек көрсете алатындай білім алуы шарт еді — жұрттың сеніміне кіру үшін.

Миссионерлерге қойылатын талаптар

Көшпенді халықтар арасында христиан дінін тарату үшін "миссионерлік жұмыс" ерекше маңызға ие болды. Сондықтан бұл әрекет сәтті болуы үшін миссионерлерді таңдауға және оларды арнайы дайындауға үлкен көңіл бөлінді. Таңдалған адамдар өзге православ діндарлардан мына қасиеттермен ерекшеленуі тиіс еді:

  • Теологиялық (діни) білімділігі.

  • Жоғары адамгершілік қасиеттері.

  • Миссионерлік қызметке деген шынайы құштарлығы.

Оларға мынадай міндеттер жүктелді:

  • Қазақ тілін мінсіз меңгеру.

  • Парсы және араб тілдерін білу.

  • Құранды және оның барлық тәпсірлерін (түсіндірмелерін), сондай-ақ мұсылмандық діни кітаптарды мұқият оқып-үйрену.

  • Қазақтарға алғашқы көмек көрсетуге жететіндей медициналық білімнің болуы.

Олар осы білімдерінің арқасында жергілікті халықтың сеніміне ие болып, сол арқылы "Інжіл ілімін насихаттауға қолайлы мүмкіндік табуға" тиіс болды.