Таблиғи жамағаттан бізге қауіп бар ма?!

Осы аптада Нұр-Мүбарак университеті базасында, Университет басшылығының бастамасы және қолдауымен қолға алынған Деобанд мектебіне қатысты ғылыми жоба негізінде Қырғызстанға барып қайттық. Барған бойда іргемізде жатқан көрші елдегі діни ахуалды бағамдауға тырыстық. Шыны керек, ондағы діни ахуалдың тым күрделі әрі мүшкіл екенін көрдік.

Біз жолыққан діни эксперттер мен діни білім беру саласындағы ұстаздар радикалдар көбейіп, діни жағдайдың жылдан-жылға ушығып бара жатқанын айтуда. Ондағы діндарлардың біраз бөлігі біздің елде экстремистік топ ретінде тыйым салынған Таблиғи жамағат өкілдері, олардың ішінен Инкар яқин деген тағы бір тармақ бөлініп шыққан. Сәләфизм өз алдына бір проблема…
Мүфтияттың осындай радикалды діни жамағаттар алдында беделі жоқтың қасы. Аталған топтардың ішіндегі әрбір діни лидер өзі би, өзі қожа. Мүфтият қызметкерлері мен имамдардың ұстанымдары да әрқилы, өйткені, олардың арасында жергілікті дәстүрлі ханафилер де, таблиғшылар да, сопылар да, т.б. да бар. Бұл тенденция тіпті, билікте де бар деуге болады. Қысқасы, ондағы Діни басқармада біздегідей тәртіп пен жүйе, бірізділік жоқ…
Мемлекеттік аппараттың өзі әлсіз болған соң, діни аппараттың да дәл сондай әлсіз әрі қауқарсыз болары сөзсіз.
Салыстырмалы түрде қарағанда, біздің мемлекеттік аппарат белгілі деңгейде күшті болғандықтан, Діни басқармамыз да соған сай бой түзеуде. Елдегі ушыққан діни ахуалды оңалту, радикалды діни топтармен күресу Мемлекеттің саяси және экономикалық қолдауынсыз мүмкін емес екені сөзсіз. Көрші елде өкінішке орай, мұндай қолдау болмай тұр. Сәйкесінше, ондағы діни ахуал күрмеуі шешілмейтіндей деңгейде күрделеніп, асқынып кеткені соншалықты, тіпті, мемлекет пен ондағы құқық қорғау органдарының өзі діни топтарға, әсіресе, Таблиғи жамағатқа қарсы тұра алмайтындай деңгейге жеткен көрінеді. Кейбір діни эксперттердің айтуынша, бұлай кете берсе, елдегі 4-ші революция діни сипатта орын алуы мүмкін. Егер солай бола қалса, көрші елдің алдағы 10-15 жылда 2-ші Ауғанстанға айналуы ғажап емес. Міне, сондықтан да, көрші елдегі ушыққан діни жағдай бізді де алаңдатуы керек...
Егер Қырғыз билігі елдегі күрделенген діни жағдайды өз бетімен түзей алмаса, онда бұл сол елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағының проблемасына айналары сөзсіз. Таблиғи жамағат пен Ауғанстанды билеп отырған Талибандардың діни-танымдық платформасының бір екенін, нақты айтқанда, Деобанд мектебі екенін естен шығармау керек!!!
Сондықтан да, бұдан былай аймақтағы діни саясат пен діни жағдайды Орталық Азия елдері біріге отырып реттеуді қолға алуы тиіс! Бұл ретте, дерадикализация бағытында өзіндік моделін қалыптастыра білген Қазақстан және Өзбекстанның тәжірибесі маңызды болмақ...
Аймақтағы іргелес үш елде қалыптасқан діни саясат пен діни жағдай да үш түрлі. Қырғызстанда діни алаңда хаос немесе жүйесіз демократия болса, Өзбекстанда қатаң тоталитаризм, заңмен, күшпен тыю бар, ал біз екеуінің ортасынан жол таптық, шексіз еркіндікке де, қатаң тоталитаризмге де жол бермей, қолдайтын жерде қолдап, қолға алатындарды қолға алып, өз деңгейімізде саналы діни саясатты ұстанып отырмыз. Дегенмен, әлі де осы уақытқа дейін жіберген қателіктерімізден сабақ алып, діни саясатымызды реттеп, діни ахуалымызды жақсартудың тиімді жолдары мен әдістерін жетілдіре түсуіміз керек!