Климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірленбек
Климат өзгерісіне қарсы күресте діни көшбасшылардың рөлін анықтайтын бірлескен құжат әзірлену үстінде. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде хабарлады, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, діни конфессиялар қай заманда да адамдарға түрлі қиындықтар мен тауқыметтерді еңсеруге көмектескен. Сондықтан адамның рухани қажеттілігі туралы сөз қозғалғанда, оның дүниелік мұқтаждықтарын да қаперден шығаруға болмайды.
– Елеулі жетістіктерге қарамастан, адамзат көптеген гуманитарлық сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Миллиондаған адамдар аштықтан, індеттен, қоршаған ортаның азып-тозуынан және климат өзгерісінен зардап шегуде. Қазақстан кедейлікті азайтуға, экологиялық проблемаларды шешуге және гуманитарлық көмек көрсетуге айтарлықтай күш-жігер жұмылдырады. Бұл мәселелерді келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Экология және орнықты даму өңірлік саммитінде талқылау жоспарланған. Еліміз – мұсылман әлемінің қиыр солтүстіктегі ең үлкен аймағы. Отыз жыл бұрын біз Ислам ынтымақтастығы ұйымының мүшесі атандық. Осы беделді бірлестік аясында Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының құрылуына бастамашы болды. Дін қайраткерлері әрқашан адамдарды жігерлендіріп, игі іс жасауға, жоқ-жітікке жәрдемдесуге шақырады. Діни қауымдар гуманитарлық миссиялар мен еріктілер бағдарламасын іске қосып, мектеп пен аурухана ашады. Жастар мен әлеуметтік әлсіз топтарға қамқорлық көрсетіп, климат пен миграция мәселесін қозғайды. Бұл XXI ғасырда да діннің жасампаз күшке ие екенін тағы бір дәлелдейді. Оның мүмкіндігін толық пайдалану қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әлем күрделі экологиялық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отырғанын, соның ішінде Орталық Азия оны ерекше сезінетінін жеткізді.
– Климат өзгерісі мұнда әлемдік деңгеймен салыстырғанда өте тез жүріп жатыр. Аймақта құрғақшылық жиі орын алып, мұздықтар еріп, тұщы судың қоры азайып келеді. Кез келген халықтың рухани дәстүрі табиғатты аялауға, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге үйретеді. Өйткені Жер – Жаратушы сыйлаған ортақ үйіміз. Оған қамқорлық таныту – парызымыз. Климаттағы өзгерістер мен оның ауыр салдары – тек ғылыми немесе экономикалық мәселе емес, іргелі адамгершілік құндылықтар үшін сынақ. Ықтимал экологиялық апаттардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақты нығайту, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейде үйлесімді әрекет ету маңызды. Сондықтан Съезд аясында климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынамын. Аталған құжатта рухани дәстүрлерге негізделген және климат өзгерістеріне осал өңірлерді қолдауға ерекше мән беретін экологиялық жауапкершіліктің жалпыға бірдей қағидаттарын бекітуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік қозғалысы идеясын талқылауды ұсынған болатын.