Дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенімге қарсымыз – Ерлан Қарин

Мемлекет ел ынтымағын бұзатын әрекеттердің бәріне заңмен тосқауыл қояды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттің кеңесшісі Ерлан Қарин "Егемен Қазақстан" басылымында жарық көрген мақаласында қазақстандықтарды елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болуға шақырды. 

"Бұл тұрғыда ел ішіне іріткі салатын әрекеттерге ғана емес, жұртты арандатып, дау-дамай туғызуы мүмкін кез келген сөзге абай болған жөн. Өкінішке қарай, тым шолақ ойлайтын кейбір әсіребелсенділер, кейде тіпті іс-әрекеті ақылға сыймайтын адамдар көпшілікке өзінің сыңаржақ көзқарастарын күшпен таңып, жұртшылықтың пікірін өз ыңғайына қарай бұрғысы келеді", – деді ол.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Қазақстан елдің ынтымағын бұ­зып, шаңырағын шайқалтқысы келе­тін кез келген әрекетке заң арқылы қатаң тосқауыл қояды. 

"Шек­тен шығуға жол жоқ" деген қағида әрдайым басшылыққа алынады. Біз дін бостандығын қолдаймыз, алайда соқыр сенім мен надандыққа қарсымыз. Біз отаншылдықты қол­даймыз, алайда ксенофобия мен әсіреұлтшылдыққа қарсымыз. Біз либерализмді қолдаймыз, алайда жүгенсіздік пен нигилизмге қар­сымыз. Барша адамдар, әсіресе қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысып жүрген азаматтар, өзінің саяси көзқарасы мен ұстанымына қара­мас­тан, жалпыұлттық мүддені, мем­лекеттілікті сақтау және нығайту мәселесін бәрінен биік қоюға тиіс", – деп атап өтті Ерлан Қарин.