Тәждид талпынысы

Мұсылман ойшылдары ислам әлеміндегі соңғы ғасырлардағы тоқыраудың себептерін анықтау бағытында пәлсапалық-теологиялық ізденістер жасап «тәждид» ұғымының өзектілігін сездірді.

Тәждид (تَجْدِيدٌ) сөзі тілдік тұрғыдан жаңарту, қалпына келтіру, қайта қалыптау деген мағыналарды береді. Ал термин ретінде дін негіздерін шашауын шығармай сақтай отырып, оның практикадағы қолданылу жүйесін қазіргі уақыт пен мекен шарттарына сай қайта жаңартып, бастапқы кезеңдегі тазалығына келтіру немесе таза бастауға оралу. Кейде тәждидпен бірге ыслах (إِصْلَاحٌ) ұғымы да қатар қолданылады. Бұл жақсарту, түзеу деген мағыналарды береді.

Адам баласының табиғаты құбылмалы, соған сәйкес адамзат қоғамы да өзгермелі. Дін дегеніміз адамның дүниетанымын қалыптап тұратын тұтас жүйе. Енді осы жүйе туралы сөз болғанда біз мынадай сұрақпен бетпе-бет келеміз. Уақыт пен мекен шарттары өзгергенде діни танымды және діни танымға негіз болып тұрған қайнаркөздерді қайта қарастыру керек пе, әлде діннің қағидаларын басты назарға алып, уақыт пен мекен шарттарынан тыс шешім табу қажет пе? Басты мәселе діннің канондары ма әлде, уақыт пен мекеннің өзгермелі үдерісіндегі адам болмысы ма? Тарихтың ағысымен мың құбылған әлеуметтік-мәдени шарттарға, адамның күн сайын өзгеріп, дами түскен таным-түсінігіне дін қалай қарайды деген мәселеге монотеистік діндерден бастап, политеистік діндер де, ислам, христиндық және яһудиліктен шығыс діндеріне дейінгі барлық сенім жүйелерінде күн тәртібінен түспейтін мәселе болған. Заман ағысымен қатар өзгерген шарт-жағдайлар нәтижесінде пайда болған жаңа теологиялық пікірталастарға, адамның өмір сүру салтындағы бұрын болмаған жаңа үрдістерге діни жүйе қалай қарайды? Оған шешім табуда нені басты өлшем етеміз?
Міне, осындай сұрақтар тәждид, ыслах, реформа, қайта тұжырымдау талпыныстарын тудырды. Бұл талпыныс екі түрлі формада көрініс тапты. Біріншілері – діни танымды қайта тұжырымдау үшін бастапқы негізге оралуымыз керек десе, екіншілері – діни негіздерді заман шарттарына сай қайта тұжырымдау (реконструкциялау) қажет деді.

Христиан дәстүріндегі фундаменталистік шіркеу институты мен исламдағы харижилік, сәләфилік қозғалыстарды біріншісіне жатқызуға болады. Ал екіншісіне ислам, христиандық және яһудиліктегі модернистік діни таным, тарихты басты назарға алып интерпретация жасау (историцизм) және ұлттық діни танымды жатқызуға болады.

Picture background

Негізінде дін мен діннің түсіндірмесі (интерпретация) екеуі екі бөлек дүние. Діннің өзі – уахи, яғни иләһи қайнарға негізделеді. Ал интерпретация қалай болғанда да адамға тән нәрсе. Сондықтан діни дәстүр дін емес, бірақ дінді түсінуде басты көмекші құралдардың бірі. Ал дінді жаңа заман шарттарына сай қайта жорамалдау, оны түсінуде діни танымды реконструкциялау (тәждид) аса қажет дүние. Жалпы ислам ой-танымы уахиға, яғни Құранға және ерте кезеңдердегі Құранның жорамалдарына (тәпсірлер) негізделеді. Басқаша айтқанда Құранды түсінудегі мұсылман ойшылдарының интерпретациясы. Негізінде діннің жорамалы мен дінді бөліп қарау керек. Себебі, Ислам өзгермейтін уахиға негізделеді. Ал ислам ой-танымы ойшылдардың интеллектуалдық деңгейіне, олардың интерпретация жасаудағы сүйенген өлшемдеріне қарай әркелкі болып келеді.

Діни танымды жаңарту (тәждид) мәселесі тек модерн кезеңге ғана тән нәрсе емес. Ислам ой-танымының бастапқы кезеңі мен қалыптасу кезеңінің, шарықтап дамуы мен құлдырау кезеңі аралығындағы әртүрлі ізденістердің нәтижесінде қолданылып келген механизм. Діни ілімдердің жаңарып, қайта қалыпталуы, жаңа өлшемдер табу секілді ұғымдар көбіне ой-таным тоқырауға ұшыраған кезеңдерде іске қосылған. Интеллектуалдық тоқырау деп отырғанымыз қоғамдағы ақыл-ой мен іс-әрекет тепе-теңдігінің бұзылып, таным процесінің қате шешім шығара бастауы, яғни құндылықтардың өзгеруі.

Тәждид талпынысының теологиялық негіздемесі ретінде ғалымдар пайғамбарымыз Мұхаммедтің саллаллаһу аләйһи уә сәлләм мына хадисін алға тартады: «Алла тағала әр жүз жыл сайын бұл үмбетке дінді жаңартатын адамды жібереді» (Әбу Дәуіт, 2001: Мәләһим, 1). Жалпы тарихта ең алғашқы мужәддид ретінде Омар ибн Абдулазиздің аты аталады. Ол билік құрған екі жарым жылда ислам әлеміндегі көп мәселенің түйіні шешілген. Оның тұсында елде садақа беретін қайыршы қалмағаны айтылады. Билікке келгенге дейін білдей кәсіпкер болған Омар, өзіне билік тапсырылған күні бүкіл байлығын қазынаға тапсырып, әйеліне: «Мен бұдан былай кәсіпкер емеспін. Алдағы уақытта тұрмыстың таршылығын көруіміз мүмкін, менімен әрі қарай да бірге болсаң, қуанамын, бірге бола алмаймын десең, еш ренжімеймін» деп айтқан. Әйелі разымын деген. Сөйтіп билікке келген күннен бастап ең төменгі стандартпен өмір сүре бастаған. Осылайша ол дүниеге байланбайтын зуһд салтын, пайғамбар кезеңіндегі рухты қайта оятады. Тарихтағы әйгілі «тәдуин» кезеңі осы халифаның тұсында басталады. Одан кейінгі кезеңдерде Ибн Сурейж, Ибн Дақиқул-ид, имам Ғаззали, Фаһруддин Рази, имам Наблуси, имам Раббани секілді ғалымдарды көпшілік өз ғасырының мужәддиді деп бағалаған.

Ислам әлеміндегі тәждид әрекеттеріне «реформа» деп баға беретіндер көбінде шығыстанушылар болатын. Ал мұсылман ойшылдары бұл атауды құп көрмейді. Оның себебі «реформа», «реформист» ұғымдарын көбіне христиан дәстүріне тән ұғым ретінде қарастырылады. Ислам дінінде христиандықтағы секілді реформаға қажеттілік жоқ деп есептейді. Исламда діни танымды қайта тұжырымдап, діни практиканы реформалау идеясын философиялық әрі теологиялық зерттеу объектісі ретінде ең алғаш көтерген пәкістандық философ Мұхаммед Иқбал болды. Оның қайта құру мәселесін көтерген еңбегінің атауының өзі ислам әлемінде идеялық төңкеріс жасады деуге болады. Reconstruction of Religious Thought in Islam. Яғни, исламдағы діни ой-танымды қайта құру. Иқбалдың «реформа» емес, «реконструкция» сөзін қолдануының өзі оның батыстағы реформалық қозғалыстарды қайталау емес, Мұхаммед саллаллаһу аләйһи уә сәлләм пайғамбардың мұсылман ғалымдарына жүктеген «тәждид» міндетін меңзегенін аңғаруға болады. Осы тұста жиырмасыншы ғасырдағы мұсылман ғалымдарының бірі Мұса Жаруллаһты да атап өту керек. Ол да мұсылман әлемінде реформаға емес, тәждидке қажеттілік мол екендігін айтқан. Себебі реформа деформацияға ұшыраған құрылым мен ұғымдарға жасалады. Исламның талқыға салынбайтын басты қайнаркөзі Құран деформацияға ұшырамаған, бастапқы қалпында сақтаулы. Ислам әлемінің проблемасы Құранды оқымауы яки қате түсініп оқуы. Исламды қате түсініктерден тазалау реформа емес, оны түсіну тәсілін өзгерту, яғни, тәждид жасау. Атауы қалай болса да, бұл үрдістің өзегінде исламның таза бастауларына, яғни Құранға, пайғамбар сүннетіне қайту мәселесі жатыр. Тәждидті дінді түбірімен өзгертіп, оның негіздерін ауыстыру деп емес, дін ұсынған құндылықтарды айқындап тұратын басты ұғымдар мен түсініктердің әлсіреп, бұлдыр тарта бастаған шағында, адамның дінмен байланысын қайта жаңалап, күшейту деп түсінген жөн. Осы анықтамаға сай тәждидтің яғни, жаңарудың дінге емес, АДАМҒА көбірек қатысы бар екенін аңғаруға болады.

Соңғы екі жүз жылда мұсылман халықтары империализм мен отаршылдықтың себебінен өз діндерінің рухани құндылықтарын танудан алыс қалды. Надандық пен кері кету белең алды. Олардың бар күш-жігері өмірі мен ар-намысын, отаны мен тәуелсіздігін сақтап қалуға жұмсалды. Ес жиып мәселенің мәніне үңілгенде олар рухани-әлеуметтік һәм экономикалық тоқырауға түсіп кеткендерін аңғарды. Отаршылдықпен қоса Батыста ХІХ ғасырда индустриялдық революция жүзеге асып, телефон, телеграф шықты, автомобиль, микробиология, заманауи медицина секілді салалардағы даму қарқын алды. Шіркеу билігі әлсіреп, ғылыми рационалдық таным күшейді, адам құқықтары, ұлтшылдық пен либерализм сынды түсініктердің пайда болды, одан кейін позитивизм, атеизм секілді бағыттар кең тарай бастады. Мұсылман халықтарының өзара бөлініп, тарихи бағытын Европа айқындайтын дәуір осылайша басталды. Міне, осындай кезеңдерде мұсылман ойшылдары Ислам әлемін тығырықтан шығарудың жолын іздей бастады.

Кәләм ғалымдары тәждид ұғымын жалпылай алғанда екі мағынада қолданғанын аңғаруға болады:
a) Дінді тарих бойы араласып кеткен негізі жоқ аңыз-әпсаналардан, бидғаттардан тазалап, бастапқы қалпына келтіру;
ә) Дін негіздеріне нұқсан келтірместен жаңа заман алып келген жаңалықтарға ашық болу.

Қорыта айтқанда, Ислам әлеміндегі соңғы екі, үш ғасырдағы тоқырау кезеңі тәждид, ыслах мәселесінің өзектілігін күшейтті.

Тәждидтің жүзеге асу формасы өз алдына үлкен зерттеуді, ізденісті талап ететін дүние. Бірақ бір нәрсе анық. Ислам ой-танымы тәждидке зәру. Терроризм, экстремизм секілді әсіре діншіл әрекеттер де белгілі бір танымға негізделіп отыр. Мұндай танымның қалыптасу себебін кей зерттеушілер дер кезінде тәждид жасалмауымен түсіндіреді. Әрдайым ойлануға, пікір өрбітуге шақырып, ақыл мен санаға ерекше маңыз беретін ислам діні үшін тәждид маңызды.

Дінтанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты Нұрбол Сейілбек