Елге қайту орындалмайтын армандай көрінген...
Жанар (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді) – Сирияға күйеуінің артынан «жақсы» өмірді іздеп барған қаракөз қыздарымыздың бірі. Бейбіт мемлекеттің орнына қанқұйлы соғысты, әділдіктің орнына жауыздықты, қуаныштың орнына қорқыныш пен өлімді көрген келіншек Сирияда өткен бес жылдық өмірі жайлы Kazislam.kz порталына сұхбат берді.
Бір түнде жиналып, Алматыдан Стамбұлға ұшып, ары қарай Сирияға кеттік. Сол кезде ұлым бір жарымда, ал қызым екі жарым жасар еді. Келгенімізде бас-басымызға пәтер берді, ай сайын төлем төлеп тұратын. Кейде тіпті азық-түлік әкеліп тастайды. Осында жүріп екі ұлымды босандым.
⠀
Пәтер дұрыс болмай, тіпті бір бөлмеде 5-6 адамнан тұратынбыз. Тамақтарымыз да таусылды. Жиі бомба тастау оқиғалары басталды, нағыз соғыста жүргендейсің. Оған қоса әділетсіз жағдайлар көп болды. Ислам жері, бәрі шариғатпен шешіледі деген ниетпен бардық, бірақ кейін көргеніміз тек әділетсіздік.
⠀
2017 жылы күйеуімді жоғалтқаннан бері елге одан сайын қайтқым келіп, сағынып жүрдік. Елге қайту орындалмайтын армандай көрінген. Сол жерде жүріп үлкен ұлымнан да айырылып қалдым. Кейін күрдтерге тұтқынға түскен соң, елге қайтудың жолын қарастырдым.
⠀
Артынан қазақтар келіп бізді алып кеткен кезде қатты қуандық. Өз елімізге келгенімізге шүкіршілік етеміз. Қазақстанға келгенде қызым алтыда, ортаншы ұлым төртте, кенже ұлым екіде еді. Елге келем деп дайын келгеннен кейін бе қиындық болмады. Басында бізге жаман сөз айтса, не болады деген ғана қорқыныш болды. Бірақ ешкімнен ешқашан ондай кемсіту естіген емеспін. Жақындарым да көмектесті.
⠀
Басында қызым мектепке барғысы келмей, үнемі мені іздейтін. Кейін ақырындап үйренді. Сыныбындағы мұғалім де жақсы болып, өзіне жақын тартып жүрді. Қазір құрбылары бар, жақсы араласып кетті. Өткеніміз туралы ешкім сұрақ қоймайды. Кішкентай екі ұлымның жат өлкеде болғаны мүлдем есінде жоқ. Үйде де ол туралы сөйлеспейміз. Өткен нәрсені ұмытқымыз келеді.