«Менің өмірім саналы адамға сабақ болсын», - ДДА-дан жапа шеккен азаматша
Әлемде соңғы онжылдықта радикалды көзқарастағы адамдардың қозғалысы белең алып тұр. Бұл жағдай халықаралық қауымдастыққа және жалпы адамзатқа қауіп төндіріп тұрған келеңсіз жағдай. Елімізде де аталған топтарға кіріп, адасып, шекара асып, арбауға түсіп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Солардың бірі Мадина (есімі өзгертілген), қазіргі таңда оңалту орталығында мамандардың көмегіне жүгініп жүрген отандасымыз. Мадинаның тағдыр -тауқыметі біздің редакцияны бей-жай қалдырмады. Қаршадай қыз жат ағымның кесірінен өмірінің тас-талқаны шыққаны туралы бүкпесіз баяндап берді.
Балалық шақ
Менің балалық шағым қиын өтті деп айта алмаймын. Ата-анам жұмыс істеді, толыққанды отбасында өстім, мектепті жақсы оқыдым. Өмірге деген құштарлығым да керемет еді. Мектепті алтын белгімен бітіріп, университетке түстім. Кішігірім қалада өскен мен үшін, алып Алматыға барып, сонда оқу арман болды.
Өмірім түбегейлі өзгерді
Армандаған Алматыға да келдім. Оқу басталды. Жаңа таныстар, жаңа орта, бәрі-бәрі мен үшін қызықты еді. Бір күні оқуға асығып бара жатып, таксиге міндім. Жүргізуші сымбатты жігіт екен. Әңгімеге тартты, менде қарсы болмадым. Оқуыма жеткен кезде телефон нөмерімді сұрады. Осылай араласып кеттік. Күнде кездесетінбіз, күнімнің бәрі сол жігітпен өтетін еді. Таңға дейін телефонмен сөйлесіп жүріп, бір күні ол жігітке қалай ғашық болып қалғанымды түсінбей қалдым. Достарыммен араласуды да қойдым. Жігітім бір күні намаз оқып бастады. Дұрыс жол, намаз деген жақсы ғой деп іштей қуанып жүрдім. Өзімнің діни білімім жоқ, отбасымда да дінге жақын адам жоқ еді. Сол адаммен жүріп дінге деген қызығушылығым ашыла бастады. Кейін өзімде намаз оқи бастадым. Ата-анама түсіндіріп айтып едім, қарсы болды, әлі жассың, керегі не деп ойымнан айныта бастады. Алайда, берілмедім. Өз дегенімде тұрып, намаз оқып, хиджап киіп бастадым. Бірнеше уақыттан соң жігітім біздің бұлай жүргеніміз дұрыс емес, үйленейік деп ұсыныс жасады. Солай, 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Басында тәтті басталған өмірім, 180 градусқа өзгерді...
Ата-анамыз «кәпір»...
Алғашында бәрі жақсы болды. Күйеуімнің ата-анасымен бірге тұрдық. Оның жаңыдан достары пайда бола бастады, басында мән бермедім, кейін үйге қонбайтын болды. Жайдары адамнан, ашушаң, агрессия көрсетітін, ата-анасын намаз оқымағандары үшін сыйламайтын адамға айналды. Бір күні үйге таңға жуық келіп, бөлек шығатымызды айтты. Намаз оқымайтын адамдармен енді бірге тұра аламаймын, өйткені олар «кәпір» деді. Іштей өзім де бөлек шыққым келіп жүрген. Сол үшін мән бермедім. Қос қолдап құптап, бөлек үйге шықтық. Ол кезде жүкті едім. Пәтер жалдап тұрсақ та, ақшадан қысылған емеспіз, жұмыс істейтін күйеуімнің жақсы табыс әкеліп жүргені мен үшін түсініксіз еді. «Браттар» көмектеседі деп, жылы жауып қоятын. Туған-туыспен, бауырларымызбен араласуды да қойдық.
«Әлсіздер ғана билікке бағынады»
Күйеуімнің мінезінің өзгеріп жүргенін байқасам да, оны жат ағымға түсіп кетеді деп сезіктенген жоқпын. Қолымда балам бар, ешкіммен араласпаймын, өмірдің ағымынан қалып қойғандай болдым. Жұмыс істемек түгілі, далаға шығуым мұң болды. Ұратын әдет шығарды. Әрбір ұрыс сайын талақ айтамын, баламды тартып аламын деп қорқытатын еді.
Өмірде болып жатқан кез-келген келеңсіздіктерге биліктегі адамдар кінәлі деп, оларға деген өшпенділігін көрсететін. «Әлсіздер ғана билікке бағынып, күнәға батады. Әкімдер мен министрлер отыратын ғимаратты жарып тастаса, сонда әділдік орнайтын еді. Осы өмірде «күнәхар» адамдармен жүргенше, ана өмірде Аллаһтың панасында боламын» -дейтін. Бір күні үйден қару тауып алдым. Айтып жүрген әңгімесін, шындыққа айналдыруды ойлап жүр екен. Өзінің жанында «брат» деп жүргендермен жоспар құрыпты. Содан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ұсталып, түрмеге жабылды. Баламен, жалдамалы пәтерде, ешбір туыспен араласпайтын, ата-анамыздан қол үзген әйел үшін өмірдің тас-талқаны шықты.
Уланған сананың емі бар ма?
Өмірге құлшынысы керемет, мектепті алтын белгіге бітіріп, жарқын көңілді жайдары қыздан дым қалмады. Өмірден түңілген, радикалды адамдардан санасы уланған, күйеуі түрмеге жабылған, жақыны жоқ жанға айналдым. Темір тордың ар жағындағы күйеуім маған талақ айтып, ажырасатынын мәлімдеді. Шыны керек, іштей арқамнан жүк түскендей қуандым. Ата-анам маған ренжулі болса да, мені қабылдады. Қанша уақыт радикалды санадағы адаммен тұрғандықтан менің де санам уланған еді. Сол себепті де, психологпен жұмыс жасап, мешітке барып, имамдардан дәріс ала бастадым. Кейін түсінгенім, жат ағымның алдауына түсіп қалатын адамдардың көбісінің діни білімі жоқ. Соның бірі өзіммін. «Егер мен мешітке барып, дұрыс дәрістерді тыңдасам, мүмкін күйеуімнің іс-әрекеттерінің дұрыс емес тұстарын байқар ма едім? Өзімде оның сөзіне еріп, айдағанға көнбейтін едім ғой»,- деген ой туындайтын. Орамалымды шешпедім, намазымды тастамадым, мешітке барып дәріс алып, мамандармен жұмыс жасағанымның арқасында, өмірімді өзгерте алдым.
Өмірді өзгерту кеш емес
Адамдар қате пікірде болады. Олар деструктивті ағымда болған адамдарды ол жақтан шыға алмайды деп ойлайды. Бірақ, өмірді өзгерту ешқашан кеш емес. Әрбір адам бақытты болуға лайықты. Бірақ, бақытты өзге елде қару ұстап және адамға зиян тигізу арқылы табамын деу ақымақтық