«Тәкфир» ағымында болған жігіттің өкініші
Мен 1988 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келдім. 2004 жылы училищеге түсіп, 3 жыл оқып, «электр және газбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
Ол кезде әлі үйленбеген болатынмын. 2007 жылы дін жолына түсуіме жолдас бала себеп болды. Біз ол кезде жаспыз, кешкісін көшеде түнге дейін жүріп қаламыз. Басқа балалармен төбелесіп қалатын кездер де болады, яғни, өміріміз солай өтетін.
Әлгі жолдасым маған: «Сен қазір осылай жүрсің, бір күні өлесің, сонда Алла Тағаланың алдына барғанда не деп жауап бересің?» – деп айтатын. Уақыт өте ойлана бастадым, шынымен де не деп жауап беремін деп өз-өзіме сұрақ қойып, кейін осы сұрағыма жауап табу үшін іздене бастадым.
Мешітке баруды ұйғардым, себебі, мешіт училищеге жақын орналасқан еді. Жұма намазына барып жүрдім. Сол мешіттен өзімді мазалап жүрген сұрақтарыма жауап таптым. Содан бір күні бес уақыт намазға жығылдым.
Мешітке барып намаз оқып жүріп, сол жердегі бауырлармен танысып, араласып кеттім. 2008 жылдың басы болатын. Жаңа достарым маған Ислам жайлы көп насихат айта бастады. Алғашында менде «Кім Ислам жайлы бір нәрсе айтып жатса, соны мұқият тындау керек» дейтін түсінік болды. Ислам жайлы бір нәрсе болса да біліп қалайын деген талпыныс жоғары еді.
Негізінде, адам дін жолына алғаш келгенде «сорғыш» сияқты болады екен, айтқан нәрсенің бәрін құлағына құя береді. Ол айтылғандар дұрыс па, бұрыс па, ажырата бермейді. Ол кезде мен де терең ойланбастан, кез келген нәрсеге сеніп кететін жағдайда болатынмын.
Қазір ойлап қарасам, сонда мен тәкфир ағымының айтқандарын тыңдап жүріппін. Бір таң қалатыным, мешіт имамдарынан естіген уағыз-әңгімелерді олар басқаша айтып жүрді. Мысалы, олар маған: «Жиһад жасау керек», – деп айтатын. Мен: «Ол не?» – деп сұраймын. Олар: «Кәпірлерге қарсы соғыс», – дейді. Мен: «Кәпірлер кімдер?» – десем, «Олар – намаз оқымайтын адамдар, олармен соғысу керек», – дейді. Сол балалардың айтуына сеніп жүрдім.
Мен ол кезде «Бақара» сүресінің 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ», – деген қағида бар екенін білген емеспін. Біздің міндетіміз – тек жеткізу, әрбір адамның өз тандау құқығы бар екенін ескермедік. Біз біреуді мәжбүрлеп дінге кіргізе де алмаймыз, намаз оқисың деп мәжбүрлеп оқыта да алмаймыз. Әрбір адам өзі істеген амалы үшін Алла Тағаланың алдында жауап береді, біз ол үшін жауап бермейміз.
Егер сен өзіңді күштімін деп санасаң, Исламды көркем түрде жеткізуге тырыс, бұл үшін сен Алла Тағаланың алдында үлкен сауап аласың. Адамдардың жүректеріне үрей салып, қорқытып ешқашан Ислам дініне шақыра алмаймыз. Оған дәлел: «Али Имран» сүресіндегі 159-аят: «(Мұхаммед) оларға, Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине, олар маңайыңнан тарқап кетер еді».
Егер бұлай болмаған жағдайда адамдар дінімізден бет бұрып теріс айналады да, Исламға қатысты жағымсыз сөздер айта бастайды. Міне, осыдан барып, жақсы дінімізді жаман жағынан көрсете бастаймыз. Бірақ, біздегі көп адамдар елімізде Ислам атын жамылған «тәкфиршілдер» дейтін зиян ағым бар екенін қайдан білсін?! Сол кезде оны мен де білмедім.
Уақыт өтіп жатты. 2008 жылдың желтоқсан айы болатын, көп ойланып жүрдім. Менің ата-анам, бауырларым намаз оқымайды, бірақ менің намаз оқығаныма қарсы да емес, намаз оқыма деп те айтпайды.
Әсіресе, Рамазан айында ораза ұстағанымда анам таңертең ерте тұрып тамағымды пісіріп дайындап қояды. Сонда олар да кәпір болғаны ма? Олар намаз оқымайды ғой деп ойлана-ойлана мазам кетті.
Тәкфир ағымын ұстанушылардың айтқандарымен толықтай келісе алмадым, себебі мен үшін бұл дүниеде ата-анамнан артық нәрсе жоқ, бір жағынан тәкфирлердің де айтқандарын жоққа шығара алмадым. Олармен бүкіл қатынасымды да үзіп тастай алмадым, себебі, олардың «сен қайтып қалдың, қорқақсың, Аллаға қарсы шықтың» деп айтуларынан қорқып сақтандым.
Егер де олар, маған сол кезде «сенің ата-анаң бауырларың намаз оқымайды, олардың айтқандарын тыңдама, олармен қатынасыңды үзсең де болады» деп айтқандарында, сол мезеттен бастап мұсылман деп жүрген балалармен қатынасымды үзуге баратын едім. Себебі, мен ата-анама қарсы шыға алмаймын, бізді олар кішкентайымыздан әлпештеп өсірді. Әр кезде анамның маған айтары: «Балам, тек жақсы бол» дейді, егер біз мұның бәріне мән бермей ата-анамызға қарсы шықсақ, хайуаннан айырмашылығымыз болмайды.
Алла Тағала «Исра» сүресінің 23-24-аяттарында: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал, егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарына кәрілікке жетсе, «түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей, сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!» де», – дейді.
Сол кезде менде діни білімім болмаса да, әлгі достарымның айтқандарына қосыла алмай, ата-анамды кәпірлікке шығармадым. Десе де, сол кезде біз қандай надан едік, білім іздемей, оған дәлел сұрамай айтқан нәрсеге еріп кете беретінбіз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кім бір адамға кәпір деп айтып, бірақ, ол сөздің ол адамға қатысы болмаса, айтқан сөзі өзіне қайтып келеді». Яғни, сол айтқан адамның өзі кәпір болады деген ақиқатқа енді көз жеткіздім. Жалған сенімде болғанымды түсіндім.
2009 жылы қаңтар айында діни аудио және видео дискілерді тыңдап, көріп жүрдім. Сол дискілерден Ауғанстан, Кавказ, тағы бір жерлерде соғысып жүргендерді көрдім, олардың қолдарында түрлі қарулар бар, орманда, тауда, сайда жүреді. Соны көргенде қызық көріп, бір нәр алғандай боласың, оларға ұқсап, сен де солардың жүрген жерлерімен жүргің келеді, ол кезде соны бір абырой санадым.
Бірақ, қайдан білейік бұның Исламға еш қатысы жоқ екенін… Ислам – ол бейбітшілік, ол көркем түрде жайылатын дін, қаталдық діні емес.
Осылайша, көрсоқыр сеніммен жүріп уақыт өте келе бірінші қылмысты да жасап қойдым. Дін жолында жүрген жігіттердің «Сен бар» деп айтақтауымен теміржол қоймасын күзетіп тұрған күзетшінің қаруын тартып алып келдім. Сол кезде бір үлкен шаруа бітіргендей сезіндім.
Жоғарыда аталған дисклерді көргеннен кейін, бәрі оңай сияқты, арты қалай болады деп еш ойланбайсың. Істеген ісімді дұрыс деп жүрдім. Сөйтіп, ақыры құрықталдым. Сот мені кінәлі деп тауып, 12 жыл мерзімге бас бостандығымнан айырды.
Мен жасаған қылмысым үшін жазамды өтеудемін. Сол кезде «тәкфир» ағымы дұрыс, қателік деп түсіндіріп айтатын адам болмағандықтан, сол топта жүрдім, мен ол кезде мұны қателік, қылмыс, Ислам шариғатына қайшы деп санамадым, керісінше біз дұрыс істеп жүрміз деп ойладым.
«Жігіттер, бұларыңды қойыңдар, бұл Исламға қайшы, сендердің істерің қылмыс, бұларыңды тоқтатындар» деп бір адам шыққанда, мүмкін менің өмірім басқаша болар ма еді.
Бірақ, менің де қателігім бар, өзім мешіт имамдардың сөздеріне құлақ салмай, ағым өкілдері бұрмалай жеткізген уағыздардың шынайылығын тексеруге ешқандай амал жасағаным жоқ. Егер ата-анамның қасында, соларға қызмет жасап, олардың разылығын табуға тырысып жүргенде, қазіргі жағдайға душар болмас едім. Міне, осы менің қателігім.
Түрмеде отырғанда некеге тұрдым, үйлендім. Қазір өзім абақтыдамын, әйелім бостандықта жүр, жалғыз өзіне оңай емес. Осының бәрін көріп, естіп, өзіңді қоярға жер таппайсың, қиналасың. Әйеліміз – біздің Алла Тағаланың алдындағы аманатымыз ғой, біздің міндетіміз – әйелімізді, бала-шағамызды бағу, оларды киіндіру, тамақтандыру, басқа да керек заттарын алып беру, оқыту. Ал, мен бұның бәрін істей алмай отырмын. Өз қателігім үшін әйелім осылай күн кешіп жүр.
Қазіргі жағдайда діни ахуал жағынан өз дәстүрлі дінімді түсінгенмен. Әрбір нәрсеге сабырлылықпен, көркем мінезбен қарауға тырысамын, дін жағынан насихат айтылып жатса, сол мәселе төңірегінде ойланамын әрі түсінбеген нәрсемді, Алла Тағала Құранда: «Егер де білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – дегеніндей, діни білім бар имамдардан сұрап, амал етемін.
Ислам діні төңірегінде көптеген мәселелерді түсіндім, Аллаға шүкір, біз отырған мекемеге имамдар, теологтар келіп, дінімді дұрыс түсінуіме және үйренуіме себепші болды. Олар Исламды маған терең түсіндірді, мен қазір Әбу Ханифа мәзһабын ұстанамын, бұл менің таңдауым, менің шешімім, мен, Аллаға шүкір, түсіндім, басқалардың да түсінгенін қалаймын.
Менің жасаған қателіктерімді олар да жасап, түрмеге түскенін қаламаймын. Бұдан былай мемлекетіміздің, еліміздің ынтымағына, бірлігіне жұмыс істейтін отаншылдық, рухани «ішкі сүзгіні» қалыпқа келтіріп, дәстүрлі дініміздің негізінде тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жаңғыртамыз деген ниеттемін.
Осы жоғарыда жазылған шынайы ой-пікірлерімді газет-журналдарға, бұқаралық аққарат құралдарына жариялауға бел будым. Себебі, қоғамдағы діни мәселелердің шешімін табуына, адамдардың білімсіздік салдарынан адамып кетпеуіне өзімнің тарапымнан да үлесімді қоссам деген ниетім бар.
Жазасын өтеуші Н.Е.