Түзеу мекемелерінде жат ағымды насихаттауға жол берілмеуі керек!
Жақында елордада Діндерді зерттеу орталығының теолог мамандарының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлеріне «Сотталушылар арасындағы діни экстремизмді алдын алу» атты семинар ұйымдастырылды. Деструктивті ағымдардың идеологиясын насихаттап, істі болғандардың темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқаны белгілі. Олар темір торға қамалғаннан кейін сотталушылардың арасында теріс ағымдардың идеологиясын насихаттамауы қоғам үшін маңызды. Сондықтан еліміздегі түзету мекемелерінде бұл бағыттағы кері істерге тосқауыл қою үшін дінтанушы мамандар мен имамдардың түзету мекемелерінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп тұруы қажет.
Қазіргі таңда Діндерді зерттеу орталығының мамандары қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелердегі қызметкерлермен, тіпті сотталушы азаматтармен профилактикалық түсіндіру шарасын жүргізіп келеді. Осылайша, тура жолдан адасып, жат ағымдардың соңында кеткен азаматтардың қателігіне көз жеткізу еліміз үшін маңызды жұмыс десек, артық айтқандық болмас еді.
Бүгінде қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерде жұмыс істейтін азаматтардың діни сауаты бар деп кесіп айта алмаймыз. Сол себепті бірінші кезекте түрме қызметкерлерінің діни сауатын көтеру өзекті мәселе.
Егер де түрме қызметкерлерінің дінге қатысты қандай да бір сауаты болса, олар түзеу мекемелерінде сотталушылар арасында жат ағымдардың идеологиясын насихаттауға жол бермейтіні анық.
Сол себепті Діндерді зерттеу орталығы түзеу мекемелерінің қызметкерлері арасында семинарлар ұйымдастырып тұруды әдетке айналдырған.
Осы жолғы басқосуда Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы Дінмұхаммәд Тойғылы қызметкерлерге орталықтың негізгі жұмыс бағыттарын таныстырып, деструктивті діни ағымдар туралы жалпы ақпарат берді. Сонымен қатар діни экстремизмнің алдын алу туралы видео роликтер көрсетуден бастады.
Бұдан кейін елордадағы «Ырыскелді қажы» мешітінің наиб имамы Сейіт Нұрқанов «Сотталушылар арасында деструктивті идеология қайдан пайда болады?» тақырыбында Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлеріне деструктивті идеологияның қауіптілігі әрі не үшін қарапайым азамат сондай идеологияға еріп кететіні жайында егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Өз кезегінде имам Сейіт Нұрқанов «Таза дінді үйренемін деген ниеттегі азаматты радикалды топтар мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Құран мен сүннетті кері интерпретациялау арқылы өздерінің тұзағына түсіреді» деп ойын ортаға салды.
Семинардың барысында «Жат ағымның қазақтың ділі мен дініне тигізер зияны» тақырыбында Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы, исламтанушы Мұратбек Қыстаубаев өз ойын ортаға салды.
– Жат ағымның қоғамға әкелер зияны – тұлғаның тұла бойындағы болмысын, басқа елдерден ерекшелейтін салт-дәстүрін жоққа шығарды, өз ұлтына деген сүйіспеншіліктен айырып, Отанға деген сағыныш пен махаббатты жояды. Сондықтан дәстүрге қайшы келетін әңгіме айтып, өзге мінез танытқандардан барынша абай болуы керек. Мұндай жандармен психолог мамандар мен дінтанушы мамандардың сөйлескені абзал, – деп білікті маман жат ағымның зияны жайында айтып берді.
Семинар басқосуда Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлеріне таратпа материалдар таратылып, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға теолог мамандар тұшымды жауап берді. Сонымен қатар лекторлар мен Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері жалпы фотоға түсті.
kalamendala.kz