"Дін үшін ұлтымнан бас тартамын". Теолог Желіде тараған фанатизмге қатысты пікір білдірді
Желіде "дін үшін ұлтымнан бас тартамын" деген видеолар тарап жүр. Теолог Кеңшілік Тышқан жасөспірім шағында дінге бет бұрған жастарға бірнеше кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Дінде ұлт жоқ деген түсінік жоқ, дінде ұлт бар. Ол туралы Құрандада айтылады. Тату-тәтті өмір сүрулерің әрі жер бетін көркейтулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік" ("Хужурат" сүресі, 13-аят) деген аятта сөз бар. Сондықтан ұлт деген түсінікті Құдайдың өзі айтып тұрғаннан кейін біз оны жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне кімнің қандай ұлттан болатынын таңдалмайды, таңдамай дүниеге келеміз. Сондықтан дін ұлтты жоққа шығармайды. Бірақ өзінің діндарлығын көрсету мақсатында "ұлттың болуы маңызды емес, бастысы мұсылман болу" деген адамдарды түсінбеймін. Себебі адам өз ұлтының ұлттық құндылықтарын ұстанып та діндар бола алады. Әлемдегі 2 миллиард мұсылман болса, оның бәрі әртүрлі ұлттан тұрады", - деді Кеңшілік Тышқан.
Теолог "сен бірінші мұсылмансың ба, әлде қазақсың ба?" деп сұрайтындарға қатысты былай деп жауап берді.
"Екеуінің біреуін алға қойып, біреуін кейін қойғаннан қандай айырмашылық бар? Не өзгереді? Бәлкім бір кездегі біздің басымызды біріктірмеу үшін, ұлттық мүддемізге қарсы жобалардың құрбаны болған адамдардың жасаған идеологиясы болуы мүмкін. Мәселен, Алаш зиялалары да мұсылман болды, бірақ ұлтына адал қызмет етті. Дінде "бір ұлт екінші ұлттан жоғары емес" деген түсінік бар. Яғни, менің ұлтымнан араб немесе орыс ұлты жоғары емес, төмен де емес. Сондықтан мұсылман болу - бәрімізге ортақ құндылық. Әр ел өз мүддесіне сай ұстанатын құндылық - бастысы, шариғатқа қайшы келмеу", - деді Кеңшілік Тышқан.
Маман жасөспірімдер дінге бет бұрарда фанатизмге берілмеу үшін не істеу керегін айтты.
"Ең басты проблема - елімізде ұлттық идеология дұрыс дамымай тұр. Ең берік қаланатын екі тұсы - отбасы мен мектепті қолға алынуға тиіс. Жастар мектеп пен үйден алмаған құндылығын діннен, оның сыртында басқа елдің ілімінен іздейді. Өзіңізге мәлім, жастар ол құндылықты интернеттен табады, ал онда ақпараттық соғыстың жүріп жатқаны анық. Интернет-ұстаз жастарға бағыт беріп отыр. Жастар мектеп жасында ұлттық ерекшеліктеріміз бен дәстүріміз жайлы көбірек білім алу керек", - деді Кеңшілік Тышқан.
Олжас Адай
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/93958/