Діннен бездіруші уағызшыларды «дінге тартушылар» дей аламыз ба? Дінтанушымен сұхбат

Қоғамда дін мәселесі қашан да өзекті. Дінге қатысты көзқарастар мен сенімдер әртүрлі болғандықтан, кейбір адам өзінің діни көзқарасын өзгелерге таңып, теріс бағытта үгіт-насихат жүргізіп жатады. Мұндай процестің кесірінен кейбір азамат діннен бас тартып, сенімінен айырылуы мүмкін. Baribar.kz тілшісі осы құбылыстың себептері мен салдарын түсіну үшін тарих ғылымдарының кандидаты, қоғамтанушы, дінтанушы Мирхат Мадияров мырзамен сұхбат құрды.

— Аға, бірінші кезекте діннен бездіруші уағызшылардың кім екенін анықтап алсақ.

— Кері, радикал көзқарасты насихаттаушыларға келсек, олар діннен бездірушілер емес, керісінше дінге тартуды мақсат етіп қояды. Жалпы алғанда, кез келген үлкен діни  концессиялардың көрсеткіші – өз діни ұстанымына тартып, қатарын көбейту. Сонда мәселе қайсыбір мазхаб ұстанымына тарту ма, әлде одан тыс кері идеологияны насихаттау ма? Елімізді алаңдататыны — әрине, өз ұстаздары бар, ақида мен фикқх мәселелерінде, соғыс майдандарына шақыратын жихадшылар тәрізді радикал көзқарастағы уахабия-сәләфия ағымы. Оның ішінде өздері де бірнеше бағытқа бөлініп келісе алмай жатады. Дегенмен олардың басын біріктіретін сыртқы ұстаздары, оқитын кітаптары бір болғандықтан, қазір «байсалды» болып тұрса, ертеңіне радикал топқа өтуі әбден мүмкін екенін ескереміз.

Елімізде, радикал жат идеологияны, «псевдосалафизмді» қатты уағыздап, көптеген ізбасары тыңдаған, Медина ислам университеті студенттері Абукадыров Назратулла (Назратуллах абу-Марьям) мен Дильмурат Махаматов (Дильмурат абу-Мухаммад) 2018 жылы Сауд Арабиясы мемлекеттік органдарының өз шешімімен ұсталып, Қазақстанға экстрадиция жасалып, осы жерде сотталған еді. Қазір жаза өтеу мекемелерінде жатыр.

Олардан басқа, жихадқа шақырушы Абдухалил Абдужаббаров (Халиль), «байсалды», «мадхалит» ағымы лидері Зейнуллин Ринат (Абу Мухаммад) пен Тоирджон Ибрагимов (Ибрагим), Медина университетіне түсем деп өз бетінше барып, оқуға түсе алмай, жасырын үйірмелерде дәріс алып бес жылға үй қамаққа алынған Денис Коржавин (Абдулла) бар. Коржавинмен оңалту орталығында екі сағаттай сұхбаттасқан да едім.

Әлеуметтік желіге шығып қоятын, өзі мазхабта жоқ, ықпалды «шәкірттерінің» демеуімен қудаланбай қалған Дарын Мубаровқа келейік. Оны эксперттер «суруриттік» бағыттың елдегі белсендісі деп анықтама береді. Байқасаңыздар, Дарыннан басқасының бәрінің ұлты қазақ емес «жанашырлар».

Мирхат Мадияров, дінтанушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ислам пайда болған күннен бастап, дінге қарсы насихаттар жетінші ғасырдан бері тоқтаған емес. Қарапайым амалдардан басталып, қазіргі ақпараттық технологияларды ұтымды пайдалану, молынан қаражат бөлу, мұсылмандар арасына жік салу жалғаса береді. Оған «ішкі» және «сыртқы» күштер ықпал етеді.

Қазір қоғамымызға сырттан тасталған «тәңіршілдік» идеясының мақсаты да – осы. Ғұндар дәуірінде күнге табынған, зороастризм ықпалымен отқа табынған, ерте христиандық «неостариан» діндеріне емес, көшпелі мал шаруашылығы басты болып, аспаннан жауатын қар, жаңбыр, аяз бен аптап ыстыққа тәуелді, мал жейтін өсімдіктің шұрайлы болуы мен мал басының амандығына тәуелді болған кезеңдегі «Тәңір» нанымының (дін емес) қазақ қоғамына тасталуы — діннен бездірудің бір амалы.

— Сонда діннен безіретіндердің мақсаты қандай?

— Сіздің қозғап отырған тақырыбыңыз 13 ғасырдан бастау алып, Ибн Таимия ғалымдар ұсынысымен жазаланған еді. Ал 18 ғасырда Мұхаммад ибн Әбд әл Уаххаб ол ұстанымды дамытып, онысы Осман империясын ыдыратуды көздеген ағылшын отаршылдарының мүддесіне сай келген болатын. Ұстаным Сауд династиясы қолдауымен араб жазирасында бүлік ошағын лаулатып, империяның ыдырауына ықпал етті.

Көріп тұрғанымыздай, мемлекеттік жүйеге, елге қарсы идея туындайды, оны қолдаушылар табылады, оларды сыртқы мүдделі күштер қаржыландырады. Демек, діни ағымдардың пайда болуы — белгілі бір топтар мен сыртқы күштердің мүддесіне сай әрекет.

Мирхат Мадияров, дінтанушы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Бүгінгі жастарға діннен бездіруші уағызшылардың әсері жаңа мәдени тренд сияқты болып көрінетіні қаншалық рас?

— Қазіргі жастар мен 10 жыл бұрынғы жастардың айырмашылығы бар. Бұрындары жастардың діни сауаты аз еді, қазір салыстырмалы түрде түсінік қалыптасқан. Әсіресе, елде болған түрлі теракт, шетелдегі соғыс ошақтарына жалған ұранмен алданып барған отандастарымыздың қазасы, «тура жолда» екенбіз деп алданған жастардың жаза өтеу мекемелеріндегі ағынан жарылып өкініп берген сұхбаты, радикал идеологияға қарсы ақпарат кеңістігіндегі насихаттар мен алдын алу, оңалту орталықтарының жұмыстары нәтиже бере бастады. Елдің діни сауаты, кері ағым насихатын танитын деңгейге көтерілді.

Ал діннен қайтарушылардың басты «фишкасы» — «орта ғасырдың әңгімесі», «мұсылмандар артта қалған», «мешіт салғанша мектеп салыңдар», «дін деген — апиын» деген сияқты күмән туғызатын ойларды айту арқылы діннен алшақтатып, исламофобия тудырып отыр.

— Діннен бездірушілердің бас қаруы манипуляция ма, әлде олар белгілі бір діни сұрақтарға нақты жауап таба алмай жүргендердің үмітін пайдалана ма?

— «Ақыл жастан, асыл тастан» дейді. Сондықтан жастарда ақыл болуы үшін, олар ізденеді. Кітап ақтарады, сұрақ қоя береді. Сөйтіп мынау дұрыс екен деп өздеріне өзі дәлелдеп шығады. Сондықтан қазіргі кезде манипуляцияның жүруі қиын. Дінге бет бұрған жастар бірінші кезекте мен мазхабты ұстанып жүрмін бе, жоқ па деп ойланады. Сондықтан қазіргі таңда «уағызшылардың» сөзі бұрынғыдай өтпей қалды. Бірақ қоғамдағы сұраныс ақшаға ауды. Қазір бәріне жақсы үй, жақсы көлік керек. Жастар рухани мәселелерге қызығудан алшақтап барады, дүниеге қатысты бизнес-форумдар, коучтар, трениңдер аудиториялары басым.

Қай қоғамда болса да, адамдардың дінге бет бұратын сәттері мынадай: өмірде қиындыққа тап болу, күйзеліс, әділетсіздік, зорлық, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық және тағы басқа.

Тығырыққа тірелгенде адамдардың жағалайтыны балгерлер, жол ашып беремін дейтін көріпкелдер, астрологтар мен нумерологтар. Осындайда адамдар мешітке сынақ қиындықтары салдарынан барып жатады, еріп жатады.

— Діннен бездіруші уағызшылардың қоғамдағы қазіргі рөлін сыни тұрғыдан қарап, олардың пайымы адамдарды неліктен сендіре алатынын зерттеп көрдіңіз бе?

— Зерттеп көрдім. Дінтанушы Рүстем Сыздықовпен, исламтанушы, теолог Асқар Сабдиндермен практика тұрғысында жұмыс атқардық. Мыңдаған кері ағым өкілімен сөйлестік. Сондықтан бұл тұрғыда пікіріміз, практикамыз қалыптасқан. Кейінгі 10 жылда «уағызшылардың» форматы да өзгере бастады. Бұған дейін дінге деген қажеттік, ізденіс бар еді. Қазір бәсеңдеп қалды. Оның орнын «дүние» басты.

Кез келген мешіттің жанында не бар? Базар бар. Уағызшылар өкілі бұрындары мешіттің айналасында тұрып, диск, кішкентай кітапшалар сататын. Ал қазір олардың өкілдерін базар жанындағы шағын кәсіпорындардан кездестіру қиын емес. Олар адамдарды бизнес ашып беру, сауда, кәсіп жасау сияқты ортаға тартып, баяу болса да «жұмысын» жалғастырып жатыр. Әрине, бұрынғыдай мыңдаған аудиторияға әлеуметтік желілер арқылы еркін шығу мүмкіндігі жоқ.

Мирхат Мадияров, дінтанушы
Мирхат мырза мен Айжан сұхбат кезінде. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Қоғамдағы рухани бос кеңістік діннен бездіруші уағызшылардың дамуына жол аша ма? Біз осы бос кеңістікті қалай толтыра аламыз?

— Қоғам тірі организм сияқты. Оның табиғи сұраныстары, экономикалық қажеттіктері болады, рухани ашығады, қандай да бір дертке шалдығады. Медицинада аурудың алдын алу үшін әуелі диагноз қойылады, ауру деңгейіне сай емдеу хаттамасы белгіленіп, процесс жүзеге асады. Қоғамның рухани емделу процесі де тура осы кезеңдерден тұрады. Бір ғана айырмашылық – медицина тәнді емдесе, рухани дерт санаға әсер етіп, оны насихатпен ғана емдейді.

Медицинадағы адамның ауруға қарсы өз иммунитеті басты рөл атқарса, қоғамның иммунитеті – тарихы, мәдениеті, тілі, діні, білім деңгейі, әлеуметтік болмысы, экономикалық әл-ауқаты, ұлттық және отбасы құндылықтары. Міне, осы құндылықтары басым қоғамға іштен және сырттан келген дерт әсер ете алмайды. Қоғамның рухани болмысын бір құтыдағы таза су деп алсақ, оның деңгейі қай мөлшерде екені маңызды. Өз тұнығын сақтап тұрған қоғамдікі ернеуінен асып тұрса, жат ағымның идеологиясы құтыға сыймайды. Сөйтіп, ол әрі қарай басқа қоғамға ағып кете барады. Ал қоғамның таза суы құтыны жартылай ғана толтырып тұрса, ағып келген былғаныш құтыдағы тұнықты лайлайды. Дін мәселесі мәдениетке, рухани болмыс пен ұлттық санаға қатысты болған соң, ол да тазалықты, ұлт мүддесіне сай қызмет етуді қалайды.

— Діннен бездірушілердің ықпалын азайту үшін қоғамда қандай алдын алу шараларын жүзеге асыру керек деп ойлайсыз?

— Жоғарыда айтылған кемшіліктерді болдырмау керек. Әлеуметтік-экономикалық қоғамдық қатынас бойынша бір мысал келтірсек, Сирияға кеткендердің басым көпшілігі ақша табу үшін кетті. Оны мойындау керек. Ақша тауып келемін деп ойлады, бірақ өліп кетті. Қоғамның экономикасы, білім дәрежесі, діни сауаты — осының бәрінің рөлі бар. Көтеріп отырған мәселе өте ауқымды. Оны бір-екі ауыз сөзбен шешіп тастауға келмейді. Өзгерту үшін бірінші биліктен бастау керегі бізге дейін де айтылған. Төмендегілерді өзгертемін дегеннен гөрі, жоғары жақтағыларды өзгерту әлдеқайда жеңілірек. Сол арқылы миллиондаған адамға ықпал етуге болады.

 Әңгімеңізге рақмет!

Айжан Дайрабай, baribar.kz