«Сүлейменшілер» ағымынан қандай қауіп келуі мүмкін?
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы мәліметі бойынша, Қазақстан азаматтарының 69,3%-і ислам дінін ұстады. Бұл көрсеткіш, шын мәнінде, бұдан да көп болуы мүмкін. Дегенмен қазір қоғамда өзін мұсылман деп санайтын адамдардың өзі түрлі жамағатқа, ағымға бөлінеді. Оның ішінде кейбірі қоғамға қауіп төндіреді, сол себепті елде оларға тыйым салынған. Ал енді біреулеріне ел үкіметі ешқандай қарсылық танытпайды. Өкінішке қарай, ел азаматтарының кейбірі қайсының қандай екенін, қай ағымнан қауіп келуі мүмкін екенін ажырата бермейді.
Бүгінгі материалда Baribar.kz редакциясы дін саласындағы мамандардың пікіріне сүйеніп, «Сүлейменшілер» жамағаты туралы тарқатып жазады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының пәтуа және шариғат бөлімінің мамандары «Сүлейменшілер» жамағаты кім екенін, олардың қайдан шыққанын, негізгі миссиясын және олардан келіп-кетер қауіптің бар-жоғын айтып берді.
«Сүлейменшілер» деген кімдер?
«Сүлейменшілер» жамағаты – Түркияда, Қазақстанда және тағы да басқа көптеген елде бар, сопылық ілімді ұстанатын, дәстүрлі емес діни ағым. Бұл жамағаттың атауы Сүлеймен Хилми Тунаханның құрметіне қойылған. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің мамандарының айтуынша, ол Болгар еліндегі Дунай өзені бойында орналасқан Силистир қаласының Разгард кенті, Делчево ауылында туған.
Сүлеймен Хилми Тунаханның әкесі медреседе ұстаз болған. Ол алғаш сол жерде оқыған. Кейін өзінің туған қаласындағы орта мектепте білім алған. Одан соң Түркияның Ыстамбұл қаласындағы білім ордасын, кейіннен «Сүлеймания», «Құзат» сияқты медреселерді тәмамдаған. Сүлеймен араб, түрік, тілдерін меңгерген. Зейіні ашық адам болған соң, 1920 жылдары Осман патшасының бұйрығы бойынша, медреселерде ұстаз болып істеген. Оған қоса білімін жетілдірген соң мешіттерде уағыз айтып, мұсылман балалар мен жасөспірімдерге ислам дінінің базасын, Құран оқуды үйреткен, — дейді ол.
Діни маманның айтуынша, Сүлейман Хилми Тунахан нақышбандия тариқатының өкілі Сәләхуддин ибн Мәулана Сиражуддиннің шәкірті болған. Ал енді қазір оның жолын жалғап, ұстанып жүрген азаматтар өзін «Сүлейменшілер» деп атайды. «Сүлейменшілер» жамағатының өкілдері Әбу-Ханифа мәзһабын, Матуриди тармағын, Нақышбандия тариқатын, сопылық ілімді ұстанады.
«Сүлейменшілер» жамағатының ұстанымы және елдегі дәстүрлі ислам: қандай қарама-қайшылық бар?
«Сүлейменшілер» жамағатының Түркия билігімен қарым-қатынасы дұрыс болмаған. Сол себепті ол елде бұл жамағат бейресми әрекет ететін, діни радикал ұйым болып саналады. Дегенмен Қазақстанда «Сүлейменшілер» жамағатына тыйым салынбаған. Алайда олар Әбу-Ханифа мәзһабын ұстанса да, кейбір амал-әрекеті ҚМДБ бекіткен ислам ұстанымдарына, елдегі дәстүрлі исламға қарама-қайшы келеді.
Мәселен, олар үшін жұма намазын мешіттен басқа ғимараттарда оқи беру – қалыпты нәрсе. Ал Қазақстандағы дәстүрлі ислам бойынша, жұма намазы тек мешітте өтеледі. Сонымен қатар діни рәсімдер мен дәрістер заң бойынша рұқсат етілген орындарда ғана өтуге тиіс.
Оған қоса Қазақстан өңірлерінде бес уақыт намаздың қай уақытта оқылатынын Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының мамандары есептеп, нақты уақытты бекітеді. Ал «Сүлейменшілер» жамағаты өз ішінде намаз уақытын белгілеп, сол уақыт бойынша намаз өтегенді жөн көреді.
«Сүлейменшілер» жамағаты Қазақстандағы мұсылмандардың идеологиясына, патриоттық және ұлттық кодына сай келмейтін, шетелдің діни идеологиясын дәріптейді. Олар радикал діни ойды ашық түрде насихаттамайды, десе де демократиялы, зайырлы мемлекеттің ережелерін құптамайды, — дейді шариғат және пәтуа мамандары.
Сонымен қатар «сүлейменшілер» жамағаты діни амалдарын әулиесімен, яғни Сүлейман Тунаханмен рабита етеді. Рабита – тәлімгерлердің әулиелерімен рухани байланыс орнатуы. Кейбір деректер бойынша, «сүлейменшілер» Алланы еске алып зікір еткенде көз алдына ұстаздары Сүлеймен Хилми Тунаханды елестеді-міс. Олардың бұл әрекетін де Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасы құптамайды.
«Сүлейменшілер» жамағатының миссиясы қандай? Олардан қауіп келуі мүмкін бе?
Діни басқарманың шариғат және пәтуа мамандарының айтуынша, «сүлейменшілер» жамағаты медреседегі оқушыларға, шәкірттерге көмектеседі: қаржылай қолдайды, тегін тамақтандырады, жатақханаға орналастырады. Алғашында олар балалардың діни сауатын ашып, жататын орын беретін мекемелерін «медресе» деп атаса, кейіннен «Қайырымдылық қоры», «Шәкірттер үйі» деп атаған. Оған қоса әлеуметтік жағдайы нашар адамдарға қолдау көрсетіп, оларды өз жамағатының өкілі болуға шақырады. Дегенмен пәтуа мамандары бұл жамағаттың мұндай әрекетінің артында коммерциялық мүдде жатқанын айтады. Себебі Түркияда дәл осы ағымға тиесілі балабақша, базар, мектеп, тұрғын үй кешені сияқты көптеген коммерциялық мекеме бар.
Рамазанда ауылдағы бай адамдардан зекет алады, Құрбан айтта құрбан шалады. Жаназа намазын, жерлеу рәсімін, құдайы асты жасырын өткізетін өз имамдары бар. Олардың идеологиясы – секта бағытында. Олар соны таратып, ресми болып саналатын мүфтиятқа астыртан қарсылығын көрсетеді. Осылай, елдің ауызбіршілігін құртады, — дейді мамандар.
Тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек «сүлейменшілер» жамағытының мүшелерінен, Нақышбандия тариқатын ұстанатындардан болашақта қауіп болуы мүмкін екенін айтады. Маманның сөзіне қарағанда, қазіргі Ауғанстандағы кей радикал ұйымдар нақышбандияның «деобандия» деген ағымын ұстанады. Қазақстандағы Нақышбандия тариқатын қабылдағандар олармен байланысып отырса, олармен бірігіп әрекет ететін болса, қазақ қоғамына зияны тиюі мүмкін. Себебі олардың қазақтың дәстүрлі исламына, ұлттық идеологиясына қарсы әрекет етуі ықтимал.
Ал философ Ақтөре Көпбайдың айтуынша, «сүлейменшілер» жамағаты классика түріндегі тариқаттарға ұқсамайды. Сол себепті мемлекеттер діни саясатында мұндай жамағаттардан абай болғаны жөн.
Айта кетері, Қазақстанда 22 діни ұйым террористік және экстремистік болып саналады. Оларға «Әл-Каида», «Шығыс Түркістандағы ислам қозғалысы», «Өзбекстандағы ислам қозғалысы», «Күрд халық конгресі», «Асбат әл-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Боз гурд», «Орталық Азиядағы жамағат моджахедтер», «Лашкар-е-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қоғамы», «Хизбут Тахрир ұйымы», «АУМ Синрике», «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы», «Түркістан ислам партиясы», «Джунд-әл-Халифат», «Сенім.Білім.Өмір», «Таблиғи жамағаты», «Ат-тәкпір уәл-хижра», «Ән-Нусра фронты», «Йакын Инкар» ұйымдары жатады.
Қорытындыласақ, «сүлейменшілер» жамағаты Қазақстанда тыйым салынған ұйым болмаса да, оған қатысты дінтанушылар мен Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы мамандарының пікірлері мен мәлімдемелеріне мән берген жөн. Олардың жолдары еліміздің мүфтияты бекіткен діни ережелер мен ұстанымдарына қарсы келетінін, мұның ел тыныштығына, идеологиясына қауіп төндіруі мүмкін екенін де ескерген дұрыс.