Жат ағымдағы әйелдердің көзқарасын өзгерту мүмкін бе?
Әр жылдары Сирияға кеткен азаматтар "Жусан" операциясы бойынша елге оралды. Оның ішінде әйелдер бар. Қазір оларды оңалту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы Сириядан оралған әйелдердің көзқарасын өзгерту мүмкін бе? Нәзік жандар қоғамға бейімделіп кетті ме?
Осы мәселе жөнінде Оралдағы "Аманат-Ақжайық" қоғамдық қорының теолог маманы Назгүл Данаева сұхбат берді.
2019 жылы "Жусан" операциясы бойынша Оралға отызға жуық әйел оралды. Өңірдегі теолог мамандар әлі күнге дейін олармен жұмыс жасап жатыр. Назгүл Данаева бұл бағыттағы жұмыстарды бір сәт те назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтады. Себебі жат ағымдағылардың көзқарасын бірден өзгерту оңай емес.
Үш жылда біраз тер төктік. Нәтижесінде әйелдердің 20-ға жуығы еліміздің қоғамдық құндылықтарына бейімделді. Оның ішінде толыққанды мазһабқа өткендер де бар. Бірақ үш жыл аз. Әлі де ерінбей, шаршамай жұмыс жасай беруіміз керек,
Сирияға кеткен әйелдердің басым бөлігінің діни сауаты мүлде жоқ. Олардың бірі күйеуінің айтқанымен ілессе, енді бірі білім аламыз деп ойлаған. Тіпті не үшін бара жатқанын білмегендер де бар. Әйелдердің көпшілігі жоғары оқу орынын бітірмеген. Мектепті толық аяқтамаған, оқуды орта жолдан тастап кеткен.
Теолог бәрінің көзқарасы бірдей емес екенін айтады. Жат елге аттанғанда бір-екі адам, яғни көшбасшылар ғана неге бара жатқанын білген.
Олар ашылып сөйлесе бастағанда нақты мақсаттарын айтып қалды."Елімізде тұрғымыз келмеді. Бәрі мұсылман емес деп ойладық.Ана жақта халифат құрып, мұсылман елінде өмір сүргіміз келді. Елге келгеннен кейін қателескенімізді түсіне бастадық" деді,
Өзге елде жақсы өмір бар деп кеткендер барғаннан кейін түрлі қиындықты көрген. Соғыстан қашып жан сауғалауға тырысқан.
—Олар тіпті соғыспаған деуге болады. Айтуларына қарсаң, керісінше қашып жүрген сияқты. Қиындық көрген. Тамақ жоқтықтан шөп жеген. Балаларын қорғау үшін қолмен бекініс ашуға мәжбүр болған. "Өлімді күттік. Қашан өлеміз деп қорқумен жүрдік" дейді . Барған бойда күйеуінен айырылғандар бар. Қолына қару алып соғысып көрмеген қазақтың жігіттері бірден оққа ұшқан. Аңқау, еліктегіш халықпыз ғой, сондықтан ер азаматтарға топырақ шаша алмаймын. Олардың да ішінде алданып қалғандар бар шығар, — дейді маман.
Жат ағымдағылардың ішінде көзқарасын жасыратындар бар. Олар теологтың алдында басқа, үйінде басқаша жүруі мүмкін. Бұндай құбылмалы адамдарды мамандар бірден байқап қалады.
—Олар елге келді. Жұртшылықпен араласады, өзгенің қызын алып, қыз береді. Сондықтан қолды бір сілтеп "бұлар оңалмайды шаршадым" деуге болмайды. Көздерін ашып, қоғамға бейімдеу керек. Рас, кейде теологтар олардан, олар бізден шаршайды. Сондықтан жұмыс жүргізу тәсілін өзгертіп, өзге жақтан маман шақырып, қалайда тоқтап қалмауымыз керек, —дейді маман.
Осындай мақсатта Назгүл Данаева алты әйелді Алматыдағы Нұр-Мүбәрак университетіне алып келіпті. Қазіргі таңда олар университет оқытушыларынан дәріс алып жатыр. Алматыға жеткенше жолдағы тарихи жерлерді аралап, Қожа Ахмет Яссауиге зиярат еткен. Сауран қорғанына барған.
—Университеттің ішін аралап, қыздар мен ұлдар бір жерде білім алып жатқанын көрді. Олар бір біріне қарамайды. Бірі кітап арқалап, екіншісі ноутбук құшақтап жүр. Мақсаттары — оқу. Олар осыны түсінді. Тіпті бірі "Мен біткен екенмін ғой. Құр орамал таққаныма мәз болыппын" деді. Білімге құштарлықтарының оянғанын көрдім, — дейді маман.
Назгүл Данаеваның айтуынша, әйелдердің көпшілігі жат ағымға діни білімсіздіктен және біреудің жетегімен кеткен. Көпшілігі оқуды жартылай аяқтап, тұрмысқа шығып, үйде баламен отырған.
Бұндай көзқарастағыларды "оңалмайды" деп соттап жіберуге болмайды. Адам өзі қаласа өзгереді. Сондықтан оларды қоғамға бейімдеп, өзгерту үшін көркем түрде жұмыс жүруі керек,
Назгүл Данаева жақында республикалық ақпараттық түсіндіру тобының құрамымен Ақтөбе облысына барып келіпті. Маман аудандарды аралап, мектеп оқушылары, колледж студенттерімен кездесу өткізген. Сондағы жас қыздардың сұрақтары теологты ойландырып тастапты.
—Медресе табалдырығын аттамаған, діни сауат алып үлгермеген 15-16 жастағы қыздардың сұрақтары өте күрделі. Бәрін никаб пен екінші әйел мәселесі қызықтырады. Ал 15 жастағы қызға бұл неге қызық? Оны кім қызықтырып тұр? Кім себепші болып жүр? Сырттағы орта ма әлде ата-анасы ма? Ойландыратын нәрсе. Өздері мектепте, колледжде оқиды. Орамал тақпайды. Бірақ жат ағымдағы азаматшалардың сұрағын қояды. "Мына теолог не айтар екен" дегендей күрделі мәселелерді сөз етеді , — дейді маман.
Теолог маман осы ретте қыз балаларға алдымен ата-ана жауапты екенін айтады. Кейбір аналар қызымен ашылып сөйлеспейді. Оның кіммен араласатыны, не нәрсе қызықтыратынына алаңдамайды. Ал осындай салғырттықтың соңы кейде сан соқтыруы мүмкін. Ата-ана қызының жақсы азаматты жолықтыруы үшін, оның кіммен сөйлесетінін, қандай көзқарастағы адам екенін білуге тырысқаны дұрыс. Ал оқу орнында кураторлар салғырттық танытпауы керек. Маман, жастардың жат ағымға ермеуіне қоғам болып күш салу керек екенін айтады.
Теріс ағымға қарсы иммунитетті қалыптастырудың негізгі тетігі — діни ағартушылықты күшейту. Назгүл Данаева, ата-анасынан, туғандарынан безініп, еліне қарсы шығып, дінді жамылып билікке шабуылдап жатқандардың ар жағында санасы уланған жастар тұрғанын айтады
Олар кезінде түрлі жолмен сол топтарға кірді. Бірі рухани кеңістігін толтырғысы келді, енді бірі жағдайын жасаймын деп барды. Бірінің ілімі жетпеді. Алайда, түбінде "қой терісін жамылған қасқырлардың" торына қалай түскендерін білмей, сансырап қалды,
Теолог жастарға кез келген күмәнді әрекеттері бар ортадан аулақ болып, ақпаратты тек ресми көзден алуға кеңес береді.