Теолог: Қаңтар оқиғасынан кейін де салафиттердің мұртын балта шаппады

Қазақ астанасының төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Оған Рим Папасынан бастап, будда, ислам, өзге де діндердің өкілдері қатысып, бейбітшілікті сақтау, адамзаттық қауіпсіздігі сынды тақырыптарда пікір білдірді. Қазақстан бұндай ауқымы жиынды бұған дейін де бірнеше рет өткізген. Күрмеуі қиын дін мәселесінде сан түрлі ой-пікірді ортаға тоғыстырып, әртүрлі сенімдегі адамдарың идея-ұсыныстарын жарты әлемге жайды. Бірақ, сан түрлі съезд бен форум, конференцияларда адамзатқа ортақ ой айтылғанмен, әлемде іс жүзінде діни алауыздық, жікке бөлінген ағымдардың соғысы тоқтамады. Тіпті, еліміздің өз ішінде де дін саласы әлі күнге бір жолға қойылмағаны, қоғамға керағар әрекетімен танылған ағымдардың азаймағаны анық. Azattyq Ruhy тілшісі дінтанушы, теолог маманның пікірін тыңдап, елдегі діни ахуал, сьездің қоғамға берер пайдасы жайлы сұхбаттасты.

 

– Алмасбек Дүйсенбекұлы, Қазақстанда исламның өзін жік-жікке бөліп, өзара қырқысқан «діншілдер» көп. Деструктивті ағымдардың тым көбейіп кетуінің себебі не?

– Тәуелсіздік алған соң халық рухани ізденісте болды. Сол кезде жастардың көбі діни білім алу үшін Сауд Арабиясына, Пәкстанға, Ауғанстанға, Египетке, Түркияға, өзге де сырт елдерге кетіп, ол жақтағы діни жамағаттардың ортасына түсті. Солар кейін әртүрлі ағымдардың осындағы өкілі болып оралды. Діни бағыттарды ғана емес, сол жақтың мәдениетін де әкелді. Қазақ қоғамында түсініспеушілік басталды. «Домбыра харам», «жеті шелпек харам», «әруаққа құрмет көрсету харам», «сәлем салу харам» деген тартыстар шықты. Дәстүрімізді жоққа шығаруға тырысты. Ғылыми түрде зерттеп қарасақ, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген ақын-жыраулардың, батырлардың бәрінің діннен айтарлықтай білімі болған. Біздің қазіргі қателігіміз – балаға бірден дінді оқытуымыз. Бұрын атақты медреселерде балаға алгебраны, физиканы, астрономияны оқытып, соңында мешітке бет бұрғызған. Қазіргілер бірден дінге салады. Оның үстіне орыстілді қазақтар дәстүрімізді білмейді. Ұлттық руханиятқа кедей жастарымыз шетелдік мәдениетті бойына сіңірді де, өз мәдениетімізге қарсы шықты. Бұдан бөлек, діни ағымдарды насихаттаушылардың саяси мүдделері де жоғары болды. 

– Соңғы 30 жылда қазақтардың діни сауатын ашамыз деген желеумен көптеген ағым елге кіріп алғаны рас. Олардың ішіндегі ең ықпалдысы салафизм ұстанушылары, түрік діндары Фетхулла Гүлен жамағаты болған сияқты. Сонымен қатар, «сүлейменшілер», «құраншылар» деген жамағаттар, бертін келе «Йакын Инкар» дегенді естіп жатырмыз. Осы ағымдардың арасында тартыс соңғы кездері бәсеңдеді деп айта аламыз ба?

– Ағымдар әлі бар және олардың тартысы тоқтаған жоқ. Қазақтар сан түрлі ағымға бөлініп, бір бірімен қырық пышақ. Мүмкіндік берсе діни көзқарасы бөлектерді аяйын деп тұрған жоқ. Олардың қарқыны тек Қаңтар оқиғасынан кейін әжептәуір басылды. Заң бар екенін, мемлекеттің күші бар екенін сезді. Қаңтар оқиғасына дейін әсіресе салафиттердің үстемдігі басым болды. Олардың қолында билік те болды. Өздеріне өте сенімді еді. Бірақ, Қайрат Сатыбалды ұсталғаннан кейін аздап басылды.

Ағымы бөлектер мешіттегі намаз уақытында имамды да тыңдамайтын. Ханафи мәсхабында «әминді» іштен айтса, өзге ағымдағылар имамның ескертпесін тыңдамай, сыртқа дауыстап шығарып айтатын. Қазір имамға қасақана қарсылық азайды. Біз осылай өзара бөлініп, айтысып-тартысып жүргенде христиан ішіндегі ағымдар, өзге де секкталар тып-тыныш жұмысын жүргізіп жатыр. Қатарын кеңейтуді тоқтатқан жоқ.

– Еліміздің батыс өңірлерінде жыл сайын салафизм ұстанушыларымен проблема болатынын білесіз, олар қыздарын орамалға оранбаса мектепке жібермейміз деп билікке ультиматум қояды. Жалпы, бұл жағдайға көзқарасыңыз қандай? Бәлкім біз салафилерді дұрыс түсінбей жүрген шығармыз? Халық неге олардан үрейленеді?

– Адам құдайға баратын әртүрлі жол іздейді. Деструктивті ағым өкілдері көп жағдайда діннің негізгі идеясына емес, сыртқы атрибуттарына мән береді, яғни сақал қою, киім кию секілді мәселелерді басты назарға алады. Біз де сосын олардың осы сыртқы пішінімен күресіп кеттік: сақал қойма, хиджаб киме деген сияқты ескертулер айтып келеміз. Бірақ, біздікі де дұрыс емес, біз олардың миына, миындағы идеясына аса мән бермейміз. Ең үлкен қауіп сол адамдардың миының ішінде болып жатыр.

– Жоғарыда түрлі ағымдардың атын атадық. Шындығында бұл ағымдардың саны жиырма шақты. Ел тек олардың белсенділерін ғана біледі. Бізге қай ағымнан қауіп бар немесе қай ағымның күші қазір өзгелерінен басым?

– Сөзсіз салафилердің күші басым. Алматыдағы «Байсат» базары Қайрат Сатыбалдыға тиесілі. Сол базарда менің танысым имам. Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін де «сақалдылардың» мұртын балта шаппайды. Сатыбалды ұсталса да оларға келіп жатқан қаржы азайған жоқ. Діни ағымдардың басты қозғаушы күші – ақша. Қаржыландыру тоқтамайынша ағымның жұмысы да әлсіремейді. Қазір біздің билік салафилерді қаржыландыру каналын жаппаса салафилер жұмысын белсенді түрде жалғастыра береді.

2004 жылы студент болдым. Намаз оқығандарды «Байсат» базарына жұмысқа алады екен. Менің мамандығым дінтаушы, содан жұмыс іздеп сол базарға бардым. Бірақ мені жұмысқа алмады. Себебін біле алмадым. Бір білгенім, базарда жұмыс істейтіндерге жалақыны Құран сүрелерін жаттауына байланысты береді екен. Сондай-ақ, жұмысшыларын жылда қажылыққа жіберіп, барып-келгенше миын шайқап, «тазалап» алатын.

Айтпағым, бұл ағымнан мемлекетке қауіп бар.

– Салафилер туралы әңгіме басталғанда Қайрат Сатыбалдыны атадыңыз. Өзі ешқашан «мен салафизм ұстанушысымын» деп айтпаса да ел ішінде оның діни көзқарасы туралы әңгіме көп. Сондай-ақ, оның серіктері ретінде Бекболат Тілеухан мен Мұхамеджан Тазабековтер де айтылып жүр. Осыдан бірер жыл бұрын Тазабеков мүфтият өкілдерімен кездесіп, өзінің расымен де теріс ағымда жүргенін мойындап, дәстүрлі исламға бет бұрғанын ресми жариялаған да болатын. Енді қазір Қайрат Сатыбалды қамауда, өзге екеуі шетелде жүр. Осы сәтті пайдаланып, жастардың бетін бері қаратуға болмай ма?

– Ия, сіз атын атаған адамдар осы салафизмнің көшбасшылары деп санасақ қателеспейміз. Оларға ілескен сақалды бауырларды қайтару өте қиын. Олар имамды да тыңдағысы келмейді. Бірақ, тағы сол мемлекеттің жүргізетін идеологиясына байланысты. Күшті идеология жұмыс істесе оларды қайтаруға болады.

Жастар тұрмақ кішкентай балапандарымызға арналған дұрыс мультфильм, не бір сапалы киномыз жоқ. Жастардың бойында патриоттық рухты, сананы қалыптастыратын дүиені көре алмаймын.

Тағы бір айта кететін жайт, ауылдарда «сақалдылардың» қатары көбейіп жатыр. Ауыл имамадарына көмек керек. Соттаумен де ағымдарға тыйым сала алмаймыз. Белгілі бір дәрежеде оң әсерін берер, бірақ себеп-салдарын анықтамай, мықты идеологияқ саясат жүргізбей оларды қайтару қиын.

– Елімізде мықты дінтанушылар, имамдар баршылық. Сіздер билікке осы аталған қауіптің бәрін айтып, өз ұсыныстарыңызды бердіңіздер ме? Егер осыншама анық дүние болса билік неге осы идеологияны ретке келтірмейді?

– Дінтанушылардың, зерттушілердің пікірі дер кезінде еленіп ескерілмейді. Руханият саласы маңызды сала, біздің елде руханиятқа қарусыз әскер жіберген. Айлығы жоқ, жағдайы жоқ адамдардан қандай оң нәтиже күтесің? 50-60 мың теңге жалақымен бұл саланы қалай оңалтасың? Өңірлерге шығып жұмыс жүргіземіз. Тіпті өңірлерге барсақ әкімдер, әкімдік қызметкерлері дінге өгей баласындай немқұрайлы қарайды. Өйткені әкімдердің есеп беруінде дін саласы жоқ. Индикатр болуы керек.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатыстыңыз. Рим Папасы 21 жылдан соң келіп отыр. Бұл съезд алдымен өзіміздің елге не береді? Қандай пайдасы бар?

– Бұл сьездің бізде өтуі біріншіден, шетелдік мәртебелі қонақтардың, әлемге танымал тұлғалардың елімізге келуі, оң пікір айтуы. Екіншіден, әлем назары осы съезд арқылы Қазақстанға ауды. Үшіншіден, осы съезге қатысып жатқан әртүрлі халықаралық ұйымдардың өкілдері арқылы ынтымақтастыққа, жобаларға қол жеткіземіз. Төртіншіден, әртүрлі сенімдегі адамдардың, дінбасшылардың бір столдың басында отырып әңгімелесуі, пікір алмасуы гуманизмді насихаттайды. Әлемде болып жатқан геосаяси оқиғаларды қарусыз реттеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл руханият саласы болғандықтан, съезден жақсы нәтиже күтеміз. Сосын еліміздегі ислам атын жамылып жүрген «измдер» жан жаққа тартып жүрсе, әлемдегі әртүрлі дін өкілдерінің бұлайша кездесуінің астарында үлкен үндеу жатыр. «Біз бір болуымыз керек», «Құдай әркімнің жүрегінде», «Қоғамда қатар, қауіпсіз, бейбіт өмір сүру» деген үлкен үндеу жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Azattyq Ruhy, Әмірболат Құсайынұлы