Сирияға діни білім аламыз деп бардық
2019 жылы «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы оралған отандасымыз өз оқиғасымен бөлісті. Таяу Шығысқа барудағы мақсат қандай? Ол жерде басынан қандай қиыншылық өтті? Сирия туралы бар шындықты Жанар есімді кеіпкеріміз баяндап берді.
-Жанар өзіңіз жайлы ақпарат беріп өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз? Қандай отбасында дүниеге келдіңіз?
-Қостанайда дүниеге келгенмін. Жасым 35-те. Балалық шағым өте жақсы өтті. Ауқатты отбасының қызымын. Әкем барынша барлық жағдайымызды жасауға тырысты. Шет елде білім алдым. Сол жерде өзімнің болашақ жарыммен танысып, елге оралған соң отау құрдық.
-Ал дінге қалай келдіңіз? Жұбайыңыздың әсері болды ма?
-Тұрмыс құрған соң бәрі ойдағыдай болды. 2 балалы болдық. Күйеуім мешітке жұма намазға барып жүретін. Кейін таң намазын оқып жүрді. Менің де қызығушылығым артып екеуміз де намазға жығылдық. Үйімізде бір тыныштық, керемет «аура» пайда болды. Екеуміз де дінді зерттей бастадық. Мен орамалға келдім. Түркияға барып тұрамыз деген шешімге келдік. Ол жерде дінді ұстануға мүмкіндік көп, мұсылман елі деп ойладық.
-Ал, отбасыларыңыз бұл шешімдеріңізге қалай қарады?
-Қарсы болған жоқ. Біздің ол кезде өз бизнесіміз бар еді. Соны сатып, көп ақшамен кеттік. Сол жерден тұратын үй аламыз деген ой болды. Алланың разылығын алу басты мақсат болды.
-Ал, Сирия туралы ой қайдан келді? Біреулер шақырды ма?
-Жұбайым Түркияда араб тілін үйрететін курсқа баратын. Сол жерде жігіттермен танысып, дос болып кетті. Олар дін туралы көп айтатын. Кейін Сирияда діни білімді жетілдіруге болады деп ойладық. Достарымызда сол жақа барғылары келетінін жиі айтатын. Бізде Сирияға барып оқимыз деп ойладық. Достарымыздың сол жақта таныстары бар екен. Бізге көмектесетіндерін айтты. Осылайша бір ай көлемінде ойлана келе Түркия арқылы шекарадан өтіп, Сирияға кетіп қалдық.
-Барған соң жағдайды көріп өкінген жоқсыздар ма?
-Шыны керек, басында жақсы үйде тұрдық, қиналған жоқпыз. Кейін соғыс басталып, күнде бомбалар түсе бастады. Өміріміз тозаққа айналды. Бір жерде тұрақтай алмадық. Қашумен талай күндеріміз өтті. Тамақ таппай қиналған кездерімізді есіме алсам көзіме еріксіз жас келеді. Екі балам екі жақтан жылаған кезде өзімді табарға жер таба алмай кететінмін.
-Күйеуіңіз қайда болды? Соғысқа қатысты ма?
-Жоқ, соғысқа қатысқан жоқ. Ол біздің қауіпсіздігіміз үшін алаңдап, балаларымыздың алдында өзін кінәлі сезінді. Біз тұрып жатқан аймаққа бомба түскенде біз қашып құтылдық, күйеуім сол жерде қалып қойды. Кейін қаралы хабар келді. Жұбайымнан айырылып қалдым. Сирияда күйеуі жоқ әйелдерге өмір сүру өте қиын.
-Елге оралуға мүмкіндік бар екенін қайдан естідіңіз?
-Күйеуім қайтыс болған соң күрттер тұратын лагерьді паналадық. Сол жерде Қазақстан азаматтарын елге қайтару туралы шешім қабылдағанын естідім. Қаншалықты қуанғанымды сөзбен айта алмаймын. Қазақ жігіттер келіп біздің тізімді алды. Өзіміздің әскерилерді көргенде елге қайтатынымыз түсім емес екендігіне көзім жетті.
-Қазір балаларыңыздың жағдайы қалай?
-Жағдайлары дәл қазір жақсы. Мектепке барады. Біз келген бойда Ақтау қаласында тұрдық. Сол жерде балалармен психолог мамандар жұмыс жасады. Бізге үлкен көмек көрсетті. Еліме, халқыма үлкен алғысымды білдіремін. Оралардан бұрын қатты қорқыныш сезімі болған. Бізді қалай қабылдайды деген ой мазалайтын. Ата-анама, туған-туысыма рахмет. Кеудемнен итермеді. Балаларым өз жерлерінде соғыссыз, қорқынышсыз өмір сүріп жатқандары қуантады.
-Өзіңізге қандай сабақ алдыңыз?
-Бұндай өмірлік сабақты дұшпаныма да тілемеймін. Өмірімнің тас-талқанын шығарған жағдайды ойласам өзегім өртеніп кетердей болады. Біздің бұл қателігіміздің өтеуі үлкен болды. Өткенді ұмыту мүмкін емес. Бірақ, алдыға қарай жылжуға тырысудамын. Балаларым үшін, олардың болашағы үшін барымды саламын.