Кеңшілік ТЫШХАН: Көп адам қазақта да дін ғұламалары болғанын ескере бермейді

Жат ағым мәселесі – бүгінгі күні де қоғамды толғандырып тұрған проблемалардың бірі. Бұған бір себеп – иман жолына бет бұрушы адамдардың діни ақпарат алуда жіберетін қателіктері. Интернеттен немесе кітаптардан діни мәлімет іздегенде не нәрсеге мән беру керек? Сақтықтың алғышарттары қандай? Осы сұрақтардың жауабын дінтанушы Кеңшілік Тышханнан сұрап білдік.


– Қазақ «Сақтықта қорлық жоқ» дейді. Жат ағымның жетегінде кетпес үшін қандай діни кітаптарды сақтану керек?

– Біріншіден, еліміздің аумағында басып шығаруға және оқуға тыйым салынған кітаптар бар. Дін істері комитетінің сайтында олардың тізімі көрсетілген. Екіншіден күмәнді кітаптар бар, яғни кез келген діни кітаптың алғашқы бетінде «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптама комиссиясы» немесе «Дін істер комиссиясының толық қанды сараптамасынан өткен» деген жазу көрсетілмесе, ондай кітаптардан абай болу қажет.

Сонымен қатар көбінесе теріс ағым өкілдері өздерінің кітаптарын орыс тілінде көбірек таратады. Тағы бір назар аударатын жайт: автордың толық аты-жөнімен танысып шығу қажет, ол қандай сенімді ұстанатынын нақтылап, толыққанды мазмұны, кіріспесіне шолу жасағаны абзал.

– Діни сауаты төмен, бірақ Ислам туралы білгісі келетін адамдарға қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?

– Дінге енді ғана бет бұрған адам иман туралы кітаптарды, соның ішінде біздің қазақ діни ағартушыларының еңбектерін, Ыбырай Алтынсаринның «Мұсылмандық шарты», Абайдың қара сөздерін оқығаны дұрыс. Себебі көбінесе біздің қоғам қазақта да дін ғұламалары бар екенін ескере бермейді. Сейітбек Смайыловтың «Иман негіздері», содан кейін «Әбу Мансур Матурудидің» иманға байланысты Асқар Әкімханның жазған кітаптарын оқыса болады. Құран оқып үйренемін дейтін жандарға Ғалымбек Тобашевтың «Құран әліппесі және Таджуид қағидалары» атты кітабы дұрыс.

– Әлеуметтік желіден діни мәліметтерді алған дұрыс па?

– Әлеуметтік желіден кейбір ақпараттарды алған дұрыс, бірақ діни білім алуға болмайды. Өйткені, білім – жүйелі түрде алынуы қажет. Басы, ортасы, аяғы және ұстазы болу керек. Бұрынғы ақсақалдарымыз: «Ұстазың болмаса, ұстазың шайтан болады», – деп бекер айтпаған. Тик-ток, инстаграмда дін және психология жайлы сабақ беретіндер қатары соңғы уақыттарда көбейіп кетті. Осындай әлеуметтік желі арқылы дін үйрететіндерден сақ болған дұрыс.

– Қоғамда жат ағымның жетегінде кетіп, адасып жүрген жандар әлі де бар. Оларға қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?

– Дін ұстанамын деп, теріс бағытта адасып жүрген адамдардың руханиятқа қатысты кітаптарды оқуына ықпал жасаған жөн. Менің ойымша қазіргі таңда оқуға тұрарлық жақсы кітаптар көп. Діни басқарма не «Нұр-Мүбарак» университе тарапынан дін тақырыбында жақсы-жақсы кітаптар шығып жатыр. Мысалы, «Біз ұстанатын діни жол», «Қазіргі кездегі адасушылық», «Тура жол», Әбу Ханифаға байланысты көптеген кітаптар бар, осы кітаптардан бастап оқыған абзал.

– Өз тәжірибеңізде алғашқы оқыған діни кітаптарыңыз есіңізде ме?

– Мен медреседе білім алдым. Ол жерде «Пайғамбарлар тарихы»,  «Пайғамбарлар баяны» деген кітаптарды оқып бастадым. Кейін келе негізгі құранды үйрететін «Бейнелі намаз», «Құран оқып үйрену» деген сияқты кітаптарды оқығанмын. Бірақ, бұл кітаптардың алдында да мен Абайдың, Шәкәрімнің, қазақ дін ғұламаларының кітаптарын оқитынмын. Медреседе жүріп үлкен дін ғұламаларының, соның ішінде Әл-Ғазалидің еңбектерінен де рухани нәр алдым. Мамандығым дінтанушы болғандықтан біріншіден мамандық ретінде, екіншіден өзіме рухани азық ретінде талай кітаптарды парақтадым. Сонымен қатар менің дипломдық жұмысым Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығына қатысты болды. Сондықтан Шәкәрімнің, Садуақас Ғылмани, Мәшһүр Жүсіптің еңбектерімен де тереңірек таныстым. Мұның бәрі әрбір қазақ үшін негізгі руханият көзі болып есептеледі.

– Кеңшілік аға, қазіргі уақытта толық адам деп қандай адамды айтуға болады?

– Ислам дінінде қырық парыздың бірі – білім алу. Абайдың «Толық адам» концепциясын қалыптастыру үшін де көп оқып, әрдайым ізденіс үстінде жүру қажет. Сол кезде адам көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, адамгершілігі мол тұлға болып қалыптасады. Білімді адам ешқашан адаспайды.

– Сүбелі сөз, танымды ой, құнды ақпараттарыңызбен бөліскеніңізге рақмет!

Айгерім БЕЙСЕМБІ, Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығының журналисі