Күйеуім телефонның ар жағынан «талақ» берді
Қай қоғамда болмасын дін мәселесі – өзекті. Алланың атын жамылып тура жолға салуға да, дұшпандық пиғылды жүзеге асыруға да болады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы діни жағдай тұрақты. Дегенмен, қоғамға діннің айтарлықтай ықпалы бар екенін ұмытпаған жөн. Редакциямызға теріс ағымның ықпалына түсіп, отбасының шырқы бұзылған Сандуғаш (есімі өзгертілген) өз оқиғасымен бөлісті.
-Сандуғаш, қай жердің тумасысыз? Өзіңіз жайлы таныстырып өтсеңіз.
-Қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Жасым 32-де. Өзім Солтүстік өңірдің қызымын. Ата-анам қара шаруа кісілер. Балалық шағым ауылда өтті. 7 сыныпқа келгенде қалаға көштік. Әкем мектепте қарауыл болды, анам сол мектептің асханасында жұмыс істеді. Мектепте үлгерімім жақсы болды. 9-шы сыныпты бітіріп колледжге оқуға түстім. Кейін ерте жаста тұрмысқа шығып кеттім.
-Ал, дінге қалай бет бұрдыңыз? Жоғарыда ерте тұрмыс құрдым дедіңіз. Жұбайыңыздың әсері болды ма дін жолын таңдауға?
-Екеуміз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Үйленгенде мен 18-де, ол 20 жаста еді. Екеумізде намаз оқымайтынбыз. Бірақ, күйеуім жұма сайын мешітке жұма намазға баратын. Сол жерде өзіне достар тапты. Арасында бір-екеуін үйге де әкеліп жүрді. Бес уақыт намаз оқитын болды. Басында қуанып жүрдім. Намаз бар үйде береке болады деп ойлайтынмын. Солайша, менде намаз үйреніп жүріп, бір күні бастап кеттім. Көп ұзамай күйеуім орамал тағып жүргенімді қалайтынын айтты. Солай орамал тағып кеттім. Кейін сәбилі болдық.
-Діни жат ағымның арбауына қалай түстіңіздер? Айтуыңыз бойынша бәрі тамаша болған сияқты.
-Бұл біз үйленген алғашқы жылдар ғой. Кейін шекара асып, Түркияға көшіп кеттік. Достары діни біліміңді арттыру керек деп қоймады. Алды-артымызға қарамай, діни білім аламыз деп Түркияға бардық. Күйеуім адам танымастай өзгеріп кетті. Үйде күнде ұрыс, күнде келіспеушілік. Өзінің ата-анасынан бас тартты. Олар намаз оқымайтын кәпірлер дегенді шығарды. Маған да ата-анам намазға жығылмаса, араластырмайтынын дөп кесіп айтты. Күнде сабақ алуға бір жерге кетеді. Келгенде басқа адам сияқты болып оралады. Әрине, басында күйеуімнің айтқаны заң деп қабылдап жүрдім. Бірақ, болашаққа деген мақсаттарымның күл-талқаны шықты. Отбасымыздың берекесі қашып кетті. Күйеуімнің жүрісінде бір гәп бар екенін жүрегім сезді.
-Егер күйеуіңіздің діни радикалимзге тап болғанын сезсеңіз, жақындарыңыздан көмек сұрамадыңыз ба?
-Отбасылық достарымыз болатын. Оларға бар мән-жайды айттым. Ешқандай көмек бере алмайтынын айтты. Басын улап тастаған деді. Өзімнің екінші балама аяғым ауыр болатын. Сол кезде Сирияға «джиһад» жасауға барамыз дегенді шығарды. Қанша райынан қайтарғым келсе де, көнбеді. Мен ата-анамды, бауырларымды қатты сағынып, Қазақстанға қайтқым келіп жүрді. 1 айға елге барып келемін деп төркініме келдім.
-Ал күйеуіңіздің елге оралуға ниеті болмады ма?
-Жоқ, мүлдем қайтуға ниеті болған жоқ. Бар ойы «джиһад» жасау болды. Елде жүргенімде хабарласып, тез қайтуымды бұйырды. Ал мен дәл сол сетте іште жатқан баламды түсіріп алып, ауруханада жатқан едім. Баласынан айырылған анаға бұл әлемнің еш мәні қалмайтын болады екен. Депрессияға түсіп кеттім. Күйеуім де дәл сол сәтте Түркияға қайтсаң қайт, қайтпасаң талақ (мұсылманша ажырасу) беремін деді. Жағдайым одан сайын нашарлап, ол Түркияға орал деген уақытта қайта алмадым. Ал күйеуім өз айтқанын жасады. Телефонның ар жағынан талақ берді.
-Күйеуіңізбен сөйлесу еш нәтиже бермеді ме? Көрісуге мүмкіндік туды ма, әлде ол кісі Сирияға кетіп қалды ма?
-Бір түсінгенім діни жат ағымның етегінде кеткендер ешбір адамды тыңдамайды. Олардың өз шындығы, өз әлемі бар. Мен соңғы рет жұбайыммен телефон арқылы ол талақ бергенде сөйлестім. Одан кейін оның Сирияға кеткенін естідім. Құқық қорғау органдары менімен хабарласып, сұрақтың астына алды. Кейін менімен көптеген кездесулер жүргізілді. Бәрін түсінемін, бала өсіріп отырған ана ретінде енді маған қателесуге болматынын білемін. Сондай-ақ, кез-келген жанға үйіңізде намаз оқитын адам күмәнді іс-әрекет жасаса, барынша алдын-алса деймін. Жат ағымның кесірінен балам әкесін, ата-енем мәпелеп өсірген ұлын, мен өмірлік серігімді жоғалттым. Бір отбасының ойраны шықты. Кінә кімнен деген сұрақ жанымды әлі күнге жейді. Қанша психологпен сөйлеспесем де, жан-жарам әлі де жазылар емес...