Имамдардың бәрі сауатсыз деп ойладым...
Өмірі деструктивті салафит идеологияның әсерінен өмірінің астан-кестеңі шыққан Арман есімді азамат «Adaspa» сайтының тілшісіне өткен жол өмір жолы туралы сыр шертті. Қолыңмен жасаған дүниені, мойынмен көтеруге тура келетін ол кезде түсінбедім дейді кейіпкер.
-Арман әңгіме басында өзіңіз туралы, балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз?
-Өзім оңтүстіктің тумасымын. Ата-анам қарапайым адамдар, әкем күзетші, ал анам мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Мектепте жақсы оқушы болдым деп айта аламын. 11-сыныпты бітіргеннен кейін Астана қаласына оқуға түстім. Мен отбасында жалғыз бала болғандықтан, ата-анам мені қолдап, менімен бірге көшуге шешім қабылдады, ауылдағы ескі үйімізді сатып, қалада үй сатып алдық. Біраз уақыттан кейін ата-анам үйлен дегенді шығарды. Шыны керек үйлнуге дайын болмасам да, анамды тыңдап қыз іздеуге кірісіп кеттім.
-Ал салафизмге қалай тап болдыңыз?
-Оқу оқып, жұмыс жасап жүріп достарыммен араласуды қойдым. Бар ойым қомақты қаражат табу еді. Бір күні жұмыста қиындық шығып, тастауыма тура келді. Ақша жоқ, жұмыс жоқ депрессияға түсіп кеттім. Қанша жерге бардым, еш жер мені жұмысқа алғылары келмеді. Не істерімді білмей, мешітке бардым. Танысымды жолықтырып қалдым. Ол өз таныстарымен жүр екен. Қиын жағдайда жүргенімді көріп шәйға шақырды. Әңгіме барысында маған көмектесе алатындарын айтып, кәсіп ашуға қол ұшын береміз деді. Шыны керек, олар маған қараңғы түнектегі сәуле сияқты көрінді. Солай танысым досыма айналып, екеуміз іс бастап кеттім. Инвестор ағаларымыз әрқашан хабар алып тұратын. Намаз оқитын жандар екенін білгеннен кейін, сенімім одан сайын артты.
-Ары қарай не болды?
-Дүкенге жоғарыда айтқан ағамыздың достары, өзі де жиі келіп тұратын. Әңгімелері мүлдем бөлек көрінетін. Бауқатты бизнесмендер еді бәрі. Бірақ, ол қандай ақша екенін, қалай табатындарынан бейхабар болдым. Өзім де сол адамдардың ортасынан қалай шыққанымды байқамай қалдым. Шетелдік шейхтарды көп тыңдайтынбыз. Біздің имамдарды мойындамайтын. Олар білімсіз деп сөгетін. Менде кейін біздің имамадарды сауатсыз, намаз оқымайтындарды кәпір деп бөлетінмін.
-Ал іс-әрекетіңіз қалай өзгерді?
-Ата-анаммен, туысқандарыммен бір дастархан басында отырғым келмейтін. Олардың істеп жатқанының бәрі кәпірлердің ісі сияқты болып көрінетін. Үйден тамақ та жегім келмейтін. Уақытымның көп бөлігін өзімнің жамағатыммен өткізетінмін. Кездескен сайын қалай нағыз мұсылман ретінде джихад жасай аламыз, елімізді Ислами мемлекет етіду жолдары қандай екенін қызу талқылайтынбыз. Елден кетіп басқа мемлекетте тұру туралы ойым да болды.
-Қазір енді болған істі өкінішпен жеткізіп отырсыз. Ағаттық кеткенін анық түсініп отырмын дедіңіз. Деструктівті діни ағымдаМ жүргеніңізді қалай түсіндіңіз? Көзіңізді не нәрсе ашты?
-Бір күні ортамыздағы беделді ағамыз хабарласты. Сөйлесу керек деді. Кездесуге барғанымда маған үлкен тапсырма бар екенін айтты. Ақыры кәпірлерден қалай құтылудың жолын іздеп жүрміз ғой, бір-бірден джихад жасаймыз деді. Бірінші болып сен баста, бұндай жауапты істі сенен басқа ешкім істей алмаймыз деді.
-Сонда не істеу керек? Қалай джихад жасайсың деді?
-Бір мемлекеттің органға барып өз-өзімді жару керек болдым. Мен келістім. Қазір ойласам қалайша көзім соқыр, құлағым керең болған деймін. Бірден дайындыққа кірісіп кеттік. Жарылғыш затты қолдан жасап бастадық. Миымның уланып кеткені сондай, мен өз-өзімді өлтіруге дайын болдым...Алайда, мені құқық қорғау органдары ұстап үлгерді. Жарылысқа 2 күн қалғанда қару жасап жатқан жерімізден ұсталдық.
-Қанша жыл абақтыда отырдыңыз?
-6 жыл отырып шықтым. Көп қарсыластым. Ешкімді тыңдағым келмеді. Бірақ, уақыт өте келе өзімнің қаншалықты қателескенімді түсіндім. Ата-анам да менің кесірімнен қайғыдан қан жұтты. Өкінем... Менің өмірімді өскелең ұрпақ қайталамаса екен деймін.