Айман ОМАРОВА: Өгей әкесі зорлаған оқиғаның кейіпкерлері – ОРАМАЛ ТАҚҚАНДАР
Белгілі заңгер Айман Омарованы танымайтын адам кемде-кем. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, бала құқығын қорғау, педофилия ісін соңына дейін жеткізіп жүрген білікті маман NEGE тілшісіне сұхбат берді.
– Айман Мұратқызы, соңғы жылдары қоғамды дүр сілкіндерген жаманат хабар көбейіп кетті. Жақында Сарыағаштағы бес жасар қызбаланың педофилдің қолынан өлуі, кешегі он бес жасар қызды өгей әкенің, туған екі қызын өз әкесінің зорлауы, тағысын тағы. Бірақ бәзбіреулер «Мұндай оқиғалар бұрын да болған. Қазір интернеттің арқасында тез тарайды» дейді. Сіз не дейсіз?
– Қазір интернет, ақпараттық технологияның түр-түрі дамыды. Бүгін болған оқиғаның бәрін қолымыздағы гаджеттен көріп отырмыз. Алайда, «бұрын да болған, бірақ технология болмаған соң білген жоқпыз» деген уәж шындыққа жанаспайды. Ертеректе бәрібір аз еді. Оның үстіне тәрбие де басқаша болды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген бар еді. Ал қазір күн сайын бір сұмдық оқиға тіркеледі. Не себеп? Мұның бірнеше факторы бар.
Біріншіден, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен. Әсіресе, кейбір қаныпезерлер жәбірленушінің әлсіздігін пайдаланады. Десе де, олардың арасында тұрмысы жақсылар да жоқ емес. Мәселен, қазір өгей әкесі қызын зорлаған 6 істі қарап жатырмын. Оның екеуі сотталды. Бүгін ғана Шығыс Қазақстан облысындағы сот ісі мәресіне жетіп, өгей әке 17 жылға сотталды.
Екіншіден, сот жәбірленушінің емес, қылмыскердің құқығын көбірек қорғайды. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың құлағы қылтияды. Кейбіреулер жемқорлық билік басында, шенеуніктер арасында ғана бар деп ойлауы мүмкін. Олай емес. Қазір қоғамның барлық саласы жемқорлыққа белшесінен батқан. Әсіресе, сотта. Бізде судьяны, полицияны оп-оңай сатып алуға болады. Оған мысал жетеді.
Айталық, 17 жылға сотталған өгей әкенің сот процесін судьяның өзі кейінге шегере берді. Біресе «арыз қазақша екен, оны орыс тіліне аудару керек» деп уақытты созды. Ал өгей әке болса әр сот процесі алдында қорасындағы малын сатады. Не үшін? Сол сияқты екі қызын зорлап, өмір бойына бас бостандығынан айырылған қарағандылық өгей әкенің де ақшасы бар. Тіпті, ол жәбірленушілерге ақша ұсынған. Бізде ардан гөрі ақша мәселесі бірінші тұр.
Үшінші, халықтың көбі өзінің де, өзгенің де құқығын білмейді. Қоғамда әр адамның сұрауы бар. Олардың құқы аяққа тапталмауы керек.
Төртінші, отбасы тәрбиесі. Біз қазір тәрбие мәселесін де ақсатып, оған ақшаны араластырып жібердік. Баланың қарны тоқ, киімі бүтін болса, соған қуанамыз. Тәрбие деген балаға не керек, соны алып беру емес қой. Отбасы тәрбиесіндегі құндылықтарды неге өзгерттік?
Мәселен, еркек өгей қызын бірнеше жылдан бері зорлап келген делік. Бұл әу баста неден басталды? Ол зорлық-зомбылықты алдымен оның анасына көрсетеді. Әбден басынып алған соң балалардың көзінше ұрып-соғады. Сосын одан балалар қорқады. Бірдеңе дейін десе, анасының өзі қорғансыз. Ана қызға жақын. Ол қызының бойындағы өзгерістерді байқай алады. Кеше ғана өмірге келген қыз емес. Немен айналысып, уақытын неге бөліп жүргенін біледі.
Кез келген ана қызына істеп жүрген әрекетінің дұрыс еместігін дер кезінде айтып отыру керек. «Мұныңды тыймасаң, заңсыздыққа ұрынасың» деу қажет. Бірақ кей ата-ана бетімен қоя береді. Қалтасына ақша салып, еркіне жібереді. Тәрбие деген осы ма? «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ болған соң, бұл қыздар мектеп жасынан құтырады. Қызына біреу бірдеңе десе, ата-анасы мектепке барып шу шығарады. Егер тиіскен баланың әлеуметтік жағдайы төмен болса, одан әрі басынып, күн бермейді. Қазіргі балалар қатыгез. Буллинг деген осы.
– Мәселен, неше жылдан бері қызын зорлап келген өгей әке «ешкімге тіс жарма» деп қорқытса, оны анасы да біле алмайды. Ал тіпті сезсе де, жұртқа «үлгілі» отбасы ретінде көрініп, жараны жасырып жүре беруі әбден мүмкін ғой...
– Біздің қоғамда мұндайлар да кездеседі. Біріншіден, кішкентай қыздар қорқып айтпайды. Жаңа айтқан 6 қылмыстық істе де солай болған. Ең сорақысы, анасы сезсе де, ішіне бүгіп жүре берген. Одан басқа тағы 3 қылмыстық іс бар. Әкесі туған екі қызын кішкентайынан зорлаған. Қыздың үлкені қазір 20 жасқа келді. Мұнда да анасы білген. Сол сияқты Шымкенттегі туған әкесі зорлаған қыздың анасы бәрін біле тұра «Үйге келме, мен сенен бас тартамын. Сен туған әкеңді қаматып тастадың, сол үшін қарғаймын» деген. Алматы облысындағы туған қызын зорлаған оқиғада әкесі анасын ұратын болған. Ол еркектің үш әйелі бар. Бірінші әйелін көкала қойдай сабағанымен қоймай, қызын үстелге тұрғызып шешесін рогаткамен атқызады. Сол қыз қазір – Швецияда. Өткенде ғана тікелей байланысқа шықтым. Масқара болғанда әкесі кейінгі алған әйелінен туған екі қызын да зорлаған. Қазірдің өзінде 30-дан астам істі қарап жатырмын. Мысалы, оның алтауын өгей әкесі, үш қызды туған әкесі зорлаған.
– Жасөспірім қыздар көбінесе өгей әкеден зорлық көріп отыр. Демек, қызы бар әйелдерге екінші рет тұрмысқа шығудың керегі жоқ дейсіз бе?
– Екінші рет тұрмысқа шығарда «жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек». Өзіңнің бақытыңды ойлайсың ба, әлде баланы ма? Әрине, адами тұрғыдан екеуін тең ұстау керек. Өкінішке қарай, қоғамда өгей әкеден қорлық, зорлық көрген балалар көбейіп кетті. Сіз ең бірінші анасыз. Балаңыз бар ма, алдымен ана міндетін атқаруыңыз қажет. Күйеуді емес, баланы бірінші орынға қоюыңыз керек.
Меніңше, педофил де үйленер алдында ол әйелдің кішкентай қызы бар екенін біліп, «кейін өскенде пайдаланып қалам ба?» деген ойды көздейтін сияқты.
Тағы бір айта кетерлігі, мұндай опасыздар көбінесе балалары бар, тұрмыс жағдайы төмен әйелдерді іздейді. Өз үйіне кіргізіп алады, сосын басынады. Бірте-бірте әйелін балалардың көз алдында ұра бастайды. Уақыт өте келе сол зорлықты балаларына жасайды, ал олар шешесіне айтудан қорқады. Себебі, анасын ұрып тастайды деп аяйды. Ал кей жағдайда баласы оқталып, бәрін айтайын десе, анасы тыңдағысы келмейді. Өйткені, бұл кезде анасы өзінің психологиялық мәселесімен басы қатып жүреді.
– Бір пікіріңізде «Зорлық-зомбылық ашық айтылса, қылмыс азаяды» депсіз. Керісінше, айтылған сайын көбейіп жатқан жоқ па?
– Бұл «Ашық айта берсек, мұндай оқиғалар сап тыйылады» деген сөз емес. Бұл жерде барды жасырмау керек дегенді меңзегем. Себебі, қылмыскер «әйелім ұят болады» деп айтпайды, жасырып жүре береді» деп білгенін істейді. Егер әйелінің басынан ашық айтатынын білсе, еркек мұндай бассыздыққа бармайды. Әу баста ұрды ма, басындырмау керек. Полицияға арыз түсіру қажет. Сосын ол кейін зорлау әрекетіне оқталса, бәрі есіне түсіп, айылын тез жыюы мүмкін.
– Жыл сайын 400-ге жуық қыз-келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады екен. Ал 2023 жылдың басынан бері 18 әйел өз үйінде ажал құшқан. Білуімше, сіз статистикаға сенбейсіз. Дегенмен, бұл мәліметке не дейсіз?
– Шын мәнінде, ресми дерек пен бейресми деректің арасы жер мен көктей. Мұны нақты айта аламын. Мәселен, 18 әйелдің қатарына ілінбей қалған, өз күйеуінің қолынан өлгендер ше? Себебі, дәл сол әйелдер күйеуін өлтіргені үшін Жауғаштыдағы түрмеде отыр. Олар өлтірейін деп өлтірді ме? Күйеуі зорлап, ұрып-соққан кезде өзін-өзі қорғайын деп абайсызда өлтіріп қойды. Соларды тізімге неге қоспайды? Себебі, олардың өзін қылмыскер санайды. Бірақ сол әйелдер де өмір бойы күйеуінен зәбір көрді ғой. Соның бірі – Баян Кенганова өзін қорғап, күйеуін өлтіргені үшін қамалды. Бес баласы әлеуметтік жетім болып қалды.
Ол ол ма, арамызда талай жылдан бері қорлыққа төзіп жүрген әйелдер қаншама? Олар тіпті арыз жазудан қорқады. Қазақ әйелдері бәріне көнбіс. Күйеуінен бір соққы алады, кешіреді. Көп ұзамай тағы көкала қойдай етіп сабайды, тағы кешіреді. Осылайша, өмір бойы кешіріп жүре береді. Сосын әлгі еркек те «Мұның қолынан түк келмейді. Айтады да қояды» деп әбден басынып, білгенін істейді. Ақыр аяғында ұлына, қызына зорлық көрсетеді. Еркектің осы зорлық-зомбылығы әшкереленіп, жазаланса, тыйым болады.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын қылмыстық баптарға жаңа түзету енгізілгені белгілі. Кейбір мамандар Қылмыстық кодекске жеке бап қосу керек дегенді айтады. Сіздіңше, қалай?
– Заң қатаңдатылды десе де, ешқандай нәтиже болып жатқан жоқ. Тек қамауға алынатын күнді созып қойды. Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың соңы аса ауыр қылмысқа алып келеді. Одан арысы баланы, әйелді зорлап, өлтіреді немесе әйел байғұс қорғанамын деп күйеуін өлтіреді. Егер заң біз күткендей қатаң болса, дәл осындай ауыр қылмыс түрі өршіп кетпес еді. Ал әйелдер күйеуін не үшін өлтіреді? Оның астарына үңіліп көрдік пе? Бәрі де тұрмыстық зорлық-зомбылықтан басталып отыр. Мұндай отбасыны сақтаудың қажеті жоқ.
Тағы бір факт, жәбір көрушілердің арасында бақуатты адамдар да бар. Тіпті, министр, прокуратура қызметкерлері, шенеунік әйелдері де кездеседі. Олардың атын атап, түсін түстемеймін. Бұл қызметтік этикаға келмейді.
– Сіз мүгедек балаларды қорлау, хиджап киген әйелдерді зорлау ісімен де айналысасыз ғой. Бұл жөнінде пікіріңізді білсек...
– Семейде даун синдромы бар балаға зорлық көрсеткен. Қорлағанын нақты дәлелдейтін экспертизасын бермей, құқығын бұзған. Істі жауып тастауға тырысқан. Мүгедек балаларды зорлау ісін сотқа жеткізу өте қиын. Көбі сотқа дейін бармайды да. Себебі, сот сараптамасы жүргізілгенде «Ой, бұл мүгедек. Ештеңені айта алмайды» деп адам санамайды. Егер дені сау балаларды «өтірік айтып отыр» десе, ауру балаларды тегінде есепке алмайды. Бұл екі есе қорлау ғой!
Ал хиджап киген әйелдерге келсек, олардың да күйеуі қорлап, талақ айтып кетеді. Олардың да арасында зорлық-зомбылық, былық көп болмаса, аз емес.
Қазақта хиджап деген болмаған ғой. Әр адам қандай діни сенімді ұстанатынын өзі біледі десек те, бірақ бұлар қайдан пайда болды? Не үшін қазаққа тән емес ағымдардың жетегінде кетті? Оларды кім басқарып отыр? Шын мәнінде, қоғамды жікке бөлу біреуге керек болып тұр ғой. Әлгінде айтқан Шымкенттені туған әкесі зорлаған қызға ата-анасы орамал таққызбақ болған. Ол қыз «тақпаймын» деген. Мұның соңы неге алып келді? Ал Қарағандыда өгей әкесі зорлаған оқиғаның кейіпкерлері де – орамал таққандар. Әңгіме орамалды не үшін таққанында, дінінде емес. Бірақ бұл жерде ер азаматтар көбінесе дінді өз «мақсатына» пайдаланып жүр. Өздеріне сай дінде жоқ ережені шығарып алады.
– Небір заңсыздық пен бассыздыққа куә болып жүрген маман ретінде «Не істеу керек?» деген сұраққа жауабыңыз бар ма?
– Бірінші сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу керек. Мұны да сатқындық, опасыздықпен теңестіру қажет. Екінші, кадр мәселесі. Көп кадр тағайындалған қызметінің жұмысын да білмейді. Өз лауазымы деңгейіне сай емес. Білімі таяз. Бізде әлі де мамандар таныс арқылы «бәке-жәке» көмегімен қызметке тұрады. Сыбайлас жемқорлық пен кадр мәселесі мемлекеттің дамуына үлкен кедергі келтіреді. Жемқорлық деген жегі құртпен тек мықты кадрлар ғана күресе алады. Үшінші, әділдік жоқ. Халық сотқа сенбейді. Сот саласы 30 жыл бойы Назарбаевтың соты болып кетті. Жемқорлыққа белшесінен батқан. Әр адам – мемлекеттің байлығы. Бәрі заң алдында бірдей болу керек. Бізде олай емес. Шенеуніктер, ақшасы барлар білгенін істеп жатыр.
– АҚШ Мемлекеттік департаментінен «Халықаралық батыл әйел» сыйлығын алыпсыз. Қазақстанда ғана емес, әлемге танылған заңгердің қызметі қанша тұрады? Қарапайым азаматтар көмегіңізге жүгіне ала ма?
– Әрине, тәжірибем мол. Күндіз-түні жұмыс істеймін. Әсіресе, қылмыстық істер бойынша гонорарым да аз емес. Зорлық-зомбылыққа қатысты, өгей әке, туған әкеден зорланғандарды тегін аламын. Менің түсінігімде білікті маман тегін жұмыс істемеуі керек. Оған енді көзім жетіп отыр.
Өткенде бір топ әйел келді. Пирамидаға мыңдаған миллионын салады, бірақ адвокатқа төлегісі келмейді. Сол үшін ондайларға жоламаймын. Қалай болғанда, сол арқылы салық төлейміз, өмір сүреміз. Себебі, мемлекет тарапынан ақша алып отырған жоқпын. Соған қарамастан қаншама істі тегін жүргіземін. Кезінде отбасымен қауышу үшін Қазақстанның шекарасын заңсыз кесіп, ұсталған қандасымыз Сайрагүл Сауытбай ісінің басынан аяғына дейін тегін қызмет көрсеттім. Қазақстанда босқын мәртебесін ала алмаған оның Еуропаға кетуден басқа амалы қалмады. Қазір Швецияда тұрып жатыр. Жағдайының жақсы екеніне көз жеткізу үшін өз қаржыммен екі рет барып келдім.
– Сұхбатыңызға рақмет!