Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы
Шығыстың қос жұлдызы болып саналатын бұл екі есім бүкіл дүние жүзіне мәлім. Тарихи тұрғыдан дәуірлес осы екі тұлғаның философиясын өзара салыстыра отырып зерделеген бұл көлемді мақаламыздың алғашқы нұсқасын өздеріңіздің патша көңілдеріңізге арнайы ұсынып отырмыз құрметті оқырман қауым.
Көлемді бұл мақаламыз әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымындағы философиялық және теологиялық көзқарастардың қалыптасуы мен ғылыми сипаттағы тұжырымдалуына негізделген. Мақаламызда ислам әлеміндегі философиялық және теологиялық танымның қалыптасуы және сол негіздегі ресми дін мен фәлсафаның ара қатынасы, онтологиялық, гнесеологиялық, адам және қоғам мәселелеріне байланысты қос ғалымның көзқарастары жан-жақты қарастырылады. Әл-Фараби мен Ибн Синаның әлемдік философия мен ғылым тарихындағы орны, олардың философиясының өздерінен кейінгі Араб және Еуропа философтарына тигізген әсері туралы нақты баяндалады. Олардың таным көкжиегінің кеңдігі әлеуметтік-рухани ілімдермен қатар жаратылыстану ғылымдарындағы жетістіктері мен жаңашыл идеялары туралы анықтама беріледі. Мақала барысында әл-Фараби мен Ибн Синаның әлемдік интеллектуалдық ойдың дамуына тигізген әсері туралы шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектерінен ғылыми деректер келтіріледі.
Ортағасырлық мұсылман реннесансының қалыптасуы мен өркендеуі және ортағасырлардағы ресми дін мен фәлсафа үшін өзекті болған мәселелерді талдау барысында тұжырымдары мен айырмашылықтарға деген ғұламалардың пікір-пайымдары да жекелей қарастырылды.
Қазіргі қазақ қоғамы дүниетанымдық көзқарастар мен рухани құндылықтарды жан-жақты зерттеп, жалпыға ортақ өркениетті деңгейдегі таным қалыптастыруға мұқтаж. Сондықтан тарих пен оның еншісіндегі құнды ақпараттарды жаңғырту, ұлы даланың кеңдігі мен кемелдігін тану мемлекеттігіміздің басты нышаны. Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына ел болғаннан кейін кеңестік кезеңде терістеліп, ғасырға жуық уақыт қол үзген ұлттық дүниетаным жан-жақты зерттеліп, жолға қойыла бастады. Қазір халық арасында әсіресе діни дүниетанымдық білім кең көлемде насихатталып келе жатыр. Дегенмен діни білімнің сыртқы ғибадат пен моральдық қысым аясындағы догмалық деңгейде орнығуы және әлеуметтік ортада түрлі ағымдардың қанат жайуы қазақ қоғамы үшін ғана әмес әлемдік философия мен теологияның күнтәртібінде тұрғаны анық. Осы ретте исламды терең интеллектуалды тұрғыда түсініп, жоғары этикалық құндылықтарға жол сілтеген ортағасырдың ұлы ғұламалары әл-Фараби мен Ибн Сина және олардың замандастарының таным деңгейін зерделеу басты назарға алынып отыр. Араб-мұсылман алтын ғасырының ғұламалары назарға алып, жан-жақты, тереңінен қарастырған мәселелері бүгін де аса өзекті. Молдадан хат тану сауат ашудың деңгейі болса, фәлсафа мен кәләм терең ойлар мен жоғары рухани дәрежедегі ғылыми көзқарастар болып саналады. Сондықтан да исламды сыртқы пішінде емес, тарихи шеңберде үлкен асуларды бағындырған ұлы ғұлама әл-Фараби мен Ибн Сина және оның замандас ғұламалары жеткен жоғары, рухани интеллектуалды деңгейде тану, сол дүниетанымдық түсінікті жан-жақты зерделеу біздің нақты мақсатымыз болып отыр. Былтыр түркі топырағында дүниеге келіп, үлкен мәдениеттің іргелі ғұламасына айналған ұлы бабамыз әл-Фарабидың 1150 жылдық мерей тойы болды. Ислам мәдениетінің ірі тұлғаларына айналған Орта азиялық әл-Фараби мен оның ғылыми жолын жалғастырушы Ибн Сина бір қайнардың өкілдері. Араб-мұсылман философиясының кең көлемде дамуы және батыстық Еуропа мен Шығыс өркениеті арасындағы алтын көпірдің орнығуында бұл ғұламалардың үлкен үлесі бар. Мұсылман әлемі өзінің тарихи тұлғаларымен мақтанатындай ірі ғұламаларды қалыптастырды. Бұл исламның қазіргі орныққан догмалық емес, үлкен зайырлылық пен еркін даму және үздіксіз жетілуге жетелейтін дүниетаным екенін дәлелдейді. «Мұсылман адамның бір-күні бір күніне ұқсамасын» деген хадис тәмсіл осының дәлелі болса керек. Әл-Фарабидің де 70 тіл білгені туралы ақпараттар оның ұдайы іздену жолында жүргенін сипаттайтыны анық.
Әл-Фараби мен Ибн Синаның негізгі зерттеу нысаны болған қоғамдық-мәдени және рухани-адамгершілік мәселелер әлі де өз өзектілігін жойған жоқ. Жаһандану дәуіріндегі ұлттық рухани негіздерді заман ырғағына сай қайта жаңғырту өткен мен бүгіннің ортақ жемісі болмақ. Ғылым да, философия да, дін де мемлекеттің зайырлылығы мен өркениеттігін сипаттайтын іргелі қажеттіліктер. Сондықтан әл-Фараби мен Ибн Сина сынды ғұламалар бұл ілімдерді жекелей емес, керісінше бір-бірін толықтырушы ілімдер ретінде қарастырған. Мақала барысында көтерілген мәселелер қос ойшылдың негізгі көзқарастарының аясын танытады. Фәлсафа мен ресми дін арасындағы айырмашылықтар мен ерекшеліктер, онтология мен гнесеология және адам мен қоғам мәселелеріне қатысты мәселелер шеңберін анықтай түседі.
Зерттеу мақала өркениеттік үдерістердің тарихи қайнарларын негіздеу үшін, мәдени мұра, мәдени сабақтастық, дінаралық келісім, отандық философиялық танымның тарихи бастамалары мен жалпы мұсылмандық дүниетанымның жан-жақтылығын анықтауға арналған ғылыми ізденістер маңыздылығы тұрғысынан өзекті болып саналады.
Әл-Фараби мен Ибн Синаның дүниетанымдық көзқарастарына деген қызығушылық олардың замандастарынан бастап бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Олардың артынан ерген Әбу Үбайд Жүзжани, Насриддин Туси сынды ізбасар ғалымдар мен қатар қарсылық білдірген әл-Ғазали мен аш-Шахристанилердің арасында туындаған ғылыми дискурс әлі де өзекті. Әл-Фараби мен Ибн Сина шығармалаларына ортағасырларда қалыпты болған үлкен және кіші коментарийлер мен түсіндірмелер және қарсы уәжді еңбектерде жазылды. Ғұламалардың көзқарастары шығыс өркениетінде ғана емес еуропағада кең таралды. Олардың философиялық және теологиялық ғылыми мұралары Р.Бэкон, Ф. Аквинский, А. Данте, Р.Декарт сынды тағы басқа ғалымдарға жақсы белгілі болған. Мұсылман философиясын зерттеу соның ішінде әл-Фараби мен Ибн Синаның философиясы батыста XIX ғасырдың ортасынан XX ғасыр аралықтарында басталды. Отандық ғылыми кеңістікте кеңестік кезеңнен басталған ізденістер және содан қалған философиялық әдебиеттер ислам философиясын теологиямен шектелген догматикалық көзқарастағылар мен философиялық көзқарастағылар деп бөліп қарастырды. Әл-Фараби мен Ибн Сина бастаған фәлсафа бағыты грек философиясының ізбасары ретінде ғылыми кеңістіктен өз орнын ала білді. Бұл философияны тек антикалық өркениетпен байланыстыратын европоцентристік көзқарастың салдарынан орын алған құбылыс. Сонымен қатар фәлсафа ғұламаларының әлемдік философияға қосқан үлестерін мойындай отыра, олардың шығармашылығының тоқтауымен ислам әлемінде философия «өлді» деген пікір де орнықты. Дегенмен бұл әл-Фараби мен Ибн Синаның теологиялық көзқарастарының құдай танымынан тыс екендігін көрсетпейді. Философияның заманауи арнаға ауысып, жаңаша зайырлы реңк алуы фәлсафа бағытының белді өкілдері әл-Фараби мен Ибн Синаның дүниетанымындағы философиялық және теологиялық көзқарастарға басқа қырынан қарауға мүмкіндік беріп отыр. Ғұламалардың мұраларын қарастыруда шектеусіз дүниетанымдық көзқарас пен еркін әдістемелік зерттеу олардың еңбектерінің мәнін одан әрі байытып, фәлсәфалардың дүниетанымын аша түсті.
Эволюциялық даму процесі мысалында кеңестік кезеңде рухани жаңғырудың жұрнақтарын бастаған Ақжан әл-Машанидің ізденістері тақырыбымыздың басты өзегі. Әл-Фараби мен Ибн Синаның философиялық және теологиялық көзқарастарына қатысты посткеңестік ортада А.Х.Қасымжанов, А.Сагадеев, М.С.Бурабаев М.Диноршоев, Е.А.Фролова, М.М.Хайруллаев, К.Х.Тәжікова, Ж.Алтаев, Ғ.Қ.Құрманғалиева сынды ғалымдардың ортағасырлық мұсылман философияның бірегейлігін анықтауда мәні зор. Сонымен қатар белгілі қазақ ғалымдары Ә.Нысанбаев, С.Е. Нұрмұратов, Ғ.Есім, Ж.Молдабекова, А.Қасабек, Н.Х.Жолмухамедова, Д.Кенжетай еңбектері философиялық және теологиялық мәселелерді зерттеу барысында маңызды.
Қоғамдық мәдени-әлеуметтік ортада әл-Фараби мен Ибн Синаның философиялық және теологиялық көзқарастары танылып орнығуы жолында зерттеу тақырыбын барынша жан-жақты тереңдетіп қарастыру біздің мақсатымыз болды. Ғұламалардың дүниетанымдық көзқарастарында философия мен теологияны бір-бірін толықтырушы ілімдер ретінде ала отырып олардың қарастырған мәселелерін қазақ тілінде талдау күн тәртібінде. Ақиқатқа жетуде философиялық, теологиялық және ғылыми танымның әр қайсысы өз деңгейінде маңызды екенін негізге ала отырып, әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымы жан-жақты қарастырылып зерттелді.
Әл-Фараби мен Ибн Синаның дүниетанымдағы философиялық және теологиялық көзқарастарды жан-жақты талдау барысында мына міндеттерді анықтау жоспарланды.
- Әл-Фараби мен Ибн Сина өмір сүрген ортағасырлық ислам өркениетіндегі философия мен теологияның мәдени-әлеуметтік қалыптасу негіздерін көрсету.
- Ислам өркениетіндегі философияның реми дін мен теология қатынасын анықтау.
- Әл-Фараби мен Ибн Синаның антикалық және исламдық дүниетанымды ұштастыра отырып, реннесанстық сипаттағы фәлсафа ілімін қалыптастырудағы маңызын айқындау.
- Әл-Фараби мен Ибн Синаның өзара сабақтастығы мен ерекшеліктерін анықтап көрсету.
- Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы онтологиялық және гнесеологиялық мәселелерді: болмыс пен таным, құдай мен мән сынды мәселелерді философиялық және теологиялық ракурста қарастыра отырып, мәнін ашу.
- Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы адам мен қоғам мәселелерін, қайырымды адам мен қайырымды қала теорияларын философиялық және теологиялық тұрғыда айқындап, зерделеу.
Араб-мұсылман ортағасырының көрнекті тұлғалары Әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымындағы философиялық және теологиялық көзқарастар рационалды танымдық тұрғыда жан-жақты қарастырылып зерттеліп келді. Осы зерделеу барысында Әл-Фараби мен Ибн Сина өмір сүрген ортағасырлық ислам өркениетіндегі философия мен теологияның мәдени-әлеуметтік қалыптасу негіздерінінің алғышарттары айқындалды.
- Ислам өркениетіндегі философияның ресми дін мен теологияға деген қатынасының идеялық ерекшеліктері айшықталды.
- Әл-Фараби мен Ибн Синаның антикалық және исламдық дүниетанымды ұштастыра отырып, реннесанстық сипаттағы фәлсафа ілімін қалыптастырудағы маңызы зерделенді.
- Әл-Фараби мен Ибн Синаның фәлсафалық дүниетанымы философия мен теологияның ұштасуы нәтижесінде қалыптасқаны көрсетілді.
- Екі ғұламаның өзара сабақтастығы мен ерекшеліктерін анықталып көрсетілді.
- Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы онтологиялық және гнесеологиялық ілім: болмыс пен таным, құдай мен мән сынды мәселелер философиялық және теологиялық ракурста қарастырылып, зерделенді.
- Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы адам мен қоғам мәселелері, қайырымды адам және қайырымды қала теориялары философиялық және теологиялық тұрғыда айқындалып зерделенді.
- Әл-Фараби мен Ибн Синаның фәлсафалық дүниетанымы философия мен теологияның ұштасуы нәтижесінде қалыптасқаны көрсетілді.
Осы екі ғұламаның дүниетанымындағы философиялық және теологиялық көзқарастар мәселесі пәнаралық ұстанымның негізінде тарихи-философиялық, теологиялық, мәдениеттанулық, қоғамдық-әлеуметтік мәселелер шеңберін қамтыды. Зерттеу барысында әлеуметтік-гуманитарлық салаларда қолданылатын жалпы әдістер қолданылды, соның ішінде жүйелік бағам, компаративистік талдау, әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымының идеялық алғышарттарын анықтауда негізге алынса, тарихи ұстанымдар ортағасырлық араб-мұсылман фәлсафасындағы философиялық және теологиялық ойлау жүйесінің генезисін, даму үдерістерін айқындауда нақты қолданылды.
Әл-Фараби мен Ибн Сина дүниетанымындағы философиялық және теологиялық көзқарастар қазіргі қазақ қоғамын рухани жаңғыртудың бірден бір өзегі болып саналады. Араб-мұсылман ортағасырының фәлсафа бағытына тән философия мен теологияны қатар ұштастырған рационалды танымы қазақ ғылымы мен руханияты үшін аса қажет. Кеңестік кезеңнен кейінгі қоғамның дүниетанымдық көзқарастары әлі де бір арнаға тоғысып, жалпы халықтық құндылықтар қалыптасып үлгермегенін және діни танымның белгілі бір деңгейде догматикалық сарынға бет бұрғанын ескерсек ұлы бабамыз әл-Фараби мен оның ізбасары Ибн Синаның философия мен теологияны тең сіңірген мол мұрасы өнегелік, тәжірибелік тұрғыда ғылыми қолданыста кең талқылануы аса қажет.
Мақала барысында ұсынылған ғылыми нәтижелердің философия мен теология тарихында жалпы сипатта тұжырымдар жасау үшін теориялық маңызы бар. Бүгінгі қоғам мен заманның философия, дін, конфессияаралық ара-қатынастарды жарастыруға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарына ықпалы зор. Осы жұмыс нәтижесінде алынған тұжырымдар мен қорытындылар аталмыш мәселелерді зерттеуде және ислам философиясы тарихындағы басқа да мәселелерді анықтауда пайдалы болары анық.
Жалпы араб-мұсылман ортағасырының әлемдік философия тарихында айтулы орын алуына ұйытқы болған Әл-Фараби мен Ибн Синаның дүниетанымдық көзқарастарының орнығуындағы мәдени-әлеуметтік негіздер өз алдына жеке құбылыс. Ғұламалардың қалыптастырушы фактор ретінде араб-мұсылман алтын ғасырында бұғанасын бекітіп, үздіксіз дамуға ұмтылған рухани жігерлері негізінде грек философиясына бойлауы ислам мен антика өркениетінің қатар ұштасып, бір-бірін толықтыру арқылы үстемеленуімен дүниетанымдық тоғысуды қалыптастырды. Ислам өркениетінің тарихи дамуы нәтижесінде ортағасырлық араб-мұсылман ғалымдарының интеллектуалды кеңістігінде бірнеше ұстанымдар қалыптасты. Әр ұстанымның айналасында көзқарастар біртіндеп жүйеленіп, түрлі ойшылдардың шығуымен даму рефлексі негізінде концепциялы бағыттар пайда болды. Мутазилалар, ашарилер, шиіттер, харижиттер сынды ағымдардың өз көзқарастары мен ұстанымдары болды. Бұл бағыттар кей тұста өзара келісіп жатса, басқа мәселеде бір-біріне қарама-қарсы позиция ұстанған болатын. Ресми дін мен философтар екіге бөлінеді. Философтар құдайдың өзіне еш күмән келтірмейді, тек осы идеяны жан-жақты дамытуды көздейді. Олардың көзқарасынша құдайды тану өзінді және қоршаған ортаңды танудан басталады. Ресми дін құдайды тану оның кітабы мен шариғи ғибадаттар арқылы ғана орын алады деп түйіндеді. Кәләм өкілдері мен фәлсафашылар арасында пікір-талас орнауы бұл ілімдердің одан әрі тереңдеуіне жол ашты.
- Әл-Фараби мен Ибн Синаның Аристотель мен Платон философиясына негізделген антикалық танымды игеріп оны монотеистік ислам дүниетанымымен ұштастыра отырып, реннесанстық сипаттағы фәлсафа ілімін қалыптастырулары өз алдына жеке құбылыс болды. Философия мен теологияның ұштасуы нәтижесінде жеміс берген ойшылдардың даналық пен рухани кемелдікке жетудің ғылыми негіздегі тұжырымдарын ұсынған еңбектері шығыс өркениеті үшін ғана емес, христиандық батыс үшін де өз деңгейінде ықпал етті. Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы онтологиялық және гнесеологиялық ілім: болмыс пен таным, құдай мен мән сынды мәселелер фәсафа мен кәләмнің назарында болды. Әл-Фараби мен Ибн Сина метафизика құдай идеясын түсінуді қамтитын ең жоғары білім екендігін басты назарға алу арқылы әлем мен адамды танудың әмбебап формасына қарсылық келтіре отырып ақиқатқа жетудің өзіндік әдістері туралы дәлелдер келтірді. Олар, ортағасырлық ислам философиясының басқа өкілдері сияқты, құдай туралы идеяны негіздеумен және құдай туралы білім мәселесін шешумен айналысты. Себебі шығыс перипатетиктері, ең алдымен, әл-Фараби мен Ибн Сина жаратылысты табиғи түрде білуге деген ниетімен ерекшеленді. Олар бұрыннан бар, яғни көрінетін және жасырын емес, трансценденталды әлемді білуде ғылымның беделін мойындауға бейім болды. Сонымен Әл-Фараби мен Ибн Сина танымындағы адам мен қоғам мәселелері, қайырымды адам және қайырымды қала теориялары философиялық және теологиялық тұрғыда идеялық мәнге ие. Әл-Фараби мен Ибн Сина әлеуметтік философияны немесе өздері айтқандай, «азаматтық философияны» жан-жақты қарасытырп өз көзқарастарын ұсынды. Олар Платонның ізімен адамдар бақытқа жету жолында бірігу тиіс деген ұғымды алға тартты. Яғни ізгілікке және тұлғалық кемелденуге қол жеткізу. Әл-Фараби мен Ибн Сина антикалық танымды зерделей отыра ислам негіздерімен байланысқан бақыт туралы өздерінің түсініктерін қалыптастырады. Адам өзіне саналы және саяси жаратылыс ретінде қарайтын болса, адамның бақытқа жетуі де жекелей жол ретінде қарастырылады.
(жалғасы бар...)
Источник: https://e-history.kz/kz/news/show/33579/
© e-history.kz