«Менің өмірім саналы адамға сабақ болсын» Деструктивті діни ағымнан жапа шеккен Мадинаның (есімі өзгертілген) шынайы сұхбаты

Соңғы онжылдықта әлемде радикалды көзқарастағы топтардың белсенділігі артып, халықаралық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Бұл құбылыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Жат ағымның жетегінде кетіп, арбауға түсіп, тіпті шекара асып кеткен тағдырлар аз емес.

«Менің өмірім саналы адамға сабақ болсын»

Соңғы онжылдықта әлемде радикалды көзқарастағы топтардың белсенділігі артып, халықаралық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Бұл құбылыс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Жат ағымның жетегінде кетіп, арбауға түсіп, тіпті шекара асып кеткен тағдырлар аз емес.

Бүгін біз сондай тағдыр иелерінің бірі Мадинамен (есімі өзгертілген) тілдестік. Ол өз өміріндегі ауыр кезеңдер туралы ашық айтып, қоғамға ой салуды мақсат етті.

«Менің өмірім саналы адамға сабақ болса екен», – дейді кейіпкеріміз.

«Балалық шағым бақытты өтті»

– Мен балалық шағымды қиын болды деп айта алмаймын. Толыққанды отбасында өстім. Ата-анам жұмыс істеді, мектепті жақсы оқыдым. Өмірге деген құлшынысым зор еді. Мектепті алтын белгімен бітіріп, университетке түстім. Кішігірім қаладан үлкен Алматыға барып оқу – менің арманым болатын.

Арманым орындалды. Жаңа қала, жаңа орта, жаңа таныстар – бәрі қызық еді. Бірақ дәл сол Алматыда өмірім түбегейлі өзгереді деп ойламаппын...

«Бәрі бір таксиден басталды»

– Бір күні сабаққа асығып бара жатып, таксиге отырдым. Жүргізуші жігіт әңгімеге тартты. Сөйтіп араласып кеттік. Күнде кездесеміз, таңға дейін сөйлесеміз. Бір күні оған ғашық болып қалғанымды түсіндім.

Достарыммен араласу азайды. Ол намаз оқи бастады. Мен де дінге қызыға бастадым. Отбасым діндар емес еді, өзімнің де діни білімім болмады. Ата-анам қарсы болды, «әлі жассың» деді. Бірақ мен тыңдамадым. Намазға жығылып, хиджаб кидім.

Көп ұзамай ол: «Бұлай жүргеніміз дұрыс емес, үйленейік» деді. Мен 19 жасымда тұрмысқа шықтым.

Басында бәрі жақсы көрінді. Бірақ уақыт өте келе өмірім 180 градусқа өзгерді.

«Ата-анамызды “кәпір” деді»

– Күйеуімнің мінезі өзгере бастады. Бұрынғы жайдары жігіт ашушаң, агрессивті адамға айналды. Намаз оқымайтын ата-анасын «кәпір» деп айыптайтын болды.

Бір күні: «Намаз оқымайтын адамдармен бірге тұра алмаймын» деп, бөлек шығуды талап етті. Ол кезде жүкті едім. Пәтер жалдап тұрдық. Ақшадан таршылық көрмедік. «Браттар көмектеседі» деп қоятын.

Туған-туыспен араласу тоқтады. Қоғамнан оқшауландық.

«Әлсіздер ғана билікке бағынады»

– Ол үнемі билікті айыптайтын. «Әлсіздер ғана бағынады», «Әкімдер отырған ғимаратты жарып жіберсе әділдік орнайды» деген сөздерді жиі айтатын.

Бір күні үйден қару тауып алдым. Оның сөздері жай ашу емес, нақты жоспар екенін түсіндім.

Көп ұзамай құқық қорғау органдары оны ұстады. Түрмеге қамалды.

Мен жалғыз қалдым. Қолымда сәби. Жалдамалы пәтер. Ата-анаммен байланыс үзілген. Қоғамнан оқшау қалдым. Сол кезде өмірімнің тас-талқаны шыққанын түсіндім.

«Уланған сананың емі бар ма?»

– Темір тордың ар жағынан күйеуім талақ айтып, ажырасатынын хабарлады. Шынымды айтсам, іштей жеңілдеп қалдым.

Ата-анам ренжісе де, мені қабылдады. Бірақ менің санам да уланған еді. Радикалды ойлардан арылу оңай болмады. Психологпен жұмыс істедім. Мешітке барып, имамдардың дәрісін тыңдадым.

Сонда түсіндім: жат ағымның жетегінде кеткендердің көбі – діни білімі жоқ адамдар. Егер мен дұрыс діни білім алсам, бәлкім, күйеуімнің әрекеттерінің теріс екенін ертерек аңғарар ма едім...

Мен орамалымды шешпедім, намазымды тастамадым. Бірақ дінді радикализммен шатастыруға болмайтынын түсіндім. Дұрыс білім мен кәсіби оңалтудың арқасында өмірімді қайта құра алдым.

«Өмірді өзгерту кеш емес»

– Қоғамда «деструктивті ағымға кеткен адам қайтып оралмайды» деген пікір бар. Бұл – қате.

Өмірді өзгерту ешқашан кеш емес. Әр адам бақытты болуға лайықты. Бірақ бақытты қарумен, зорлықпен, өшпенділікпен табамын деу – адасушылық.

Менің өмірім – соның дәлелі.

Түйін

Мадинаның тағдыры – радикализмнің отбасы мен жеке өмірді қалай күйрететінінің айқын мысалы. Діни сауаттың жоқтығы, әлеуметтік оқшаулану, эмоционалдық тәуелділік – деструктивті ағымдардың басты құралдары.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда ең маңыздысы – уақытында көмекке жүгіну, кәсіби психологтар мен теологтардың қолдауын алу және жақындармен байланысты үзбеу.

Бұл сұхбат – айыптау үшін емес, сабақ алу үшін жарияланды.