Рухани вакуумнан институционалдық исламға: Қазақстан муфтиатының қалыптасу логикасы
Бүгін ҚМДБ-Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының құрылған күні. Бұл істің басы қасында алғашқы муфти, Ратбек қажы Нысанбаев болды. Сосын қатарымен Әбсаттар қажы Дербісәлиев, Ержан қажы Малғажұлы, Серікбай қажы Ораз және Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпенов. Расында, атеистік жүйеден кейін муфтиаттың құрылуы қоғамды терең өзгерістерге шақырған тарихи құбылыс болды. Оның үстіне Қазақстанда муфтиат, егемендіктің жаршысындай ең алғаш ұлттық болмыстың кеудесін кернеткен өзгерістерге жол ашты. Бұл өзгеріс бірнеше қырынан өзін көрсетті.
Муфтиат және рухани сабақтастық: тәуелсіздік дәуіріндегі ислам институтының тарихи миссиясы
Біріншіден, атеистік жүйеден зәрезап болған діни вакуумды толтыруда маңызды рөлге ие. Кеңес кезеңінде дін қоғамдық өмірден ығыстырылып, ислам институционалдық тұрғыдан жойылды. Муфтиаттың (ҚМДБ) құрылуы - діни вакуумды толтырды. Коммунизм идеологиясымен ат қораға айналған мешіттер мен медреселер «заңды түрде» қайта ашыла бастады. Муфтиат халықтың дінге бет бұруын институционалдық арнаға салып, бағыт көрсетті. Бұны муфтиаттың қоғамды «рухани жаңғыруға» шақырудағы орны деп бағалауға болады.
Екіншіден, дәстүрлі исламды қалпына келтіру идеясын жаңғыртты. Себебі «ханафи мәзһабы», «матуриди сенімі», «Ясауи жолы» деген тарихи, діни танымдық тәжірибенің іздеушісіне айналды. Осындай тарихи санамызға жақын рухани тәжірибені нормативті ислам ретінде бекітуге тырысты. Алайда дәстүр үзілген, діни білім кадрлары аз, кеңестік сана сақталған жағдайда бұл процесс бірден нәтижелі бола қойған жоқ. Себебі,
Үшіншіден, жаңа діни ағымдар мен актерлар пайда болды. Муфтиат оған жауап ретінде сол кезде дінді бірорталықтандыруға ұмтылды. Шын мәнінде жат ағымдар (салафизм, хизбут-тахрир, т.б.) сонымен қатар жекелеген «бейресми» уағызшыларға басқа түрлі қарсы тұру мүмкін емес еді. Бұл діни плюрализмді, кейде қақтығысты, мәжбүрлі интерпретацияларды алып келді. Муфтиат қанша жерден қоғамды діни бірлікке шақырса да, шындықта діни бәсеке диалектикасы басталды.
Төртіншіден, дін мен мемлекет арақатынасының қайта анықталуы үдерісінде орын алды. Атеистік жүйеден кейін мемлекет зайырлылық қағидатын сақтау шартымен дінге еркіндік берді. Міне осы кезде, муфтиат мемлекет пен дін арасындағы «буфер» институтқа айналды. Діннің саясилануына жол бермеу миссиясын мойнына алды. Бұл жаңа қоғамдық келісімге шақыру еді. Мұндай шынайы белсенді қоғамдық институт елде болмаған.
Беснішіден, ұлттық сана, болмыстық трансформациясының басында муфтиат болды. Муфтиаттың құрылуы -«дін — апиын» деген кеңестік мифті жоққа шығарды. Дінді ұлттық мәдениетпен сабақтастырып түсіндіруге әрекет жасады. Бірақ кейде дін формализмге, ритуализмге тіреліп қалды.
Қысқасы, муфтиат, қоғамды рухани вакуумнан шығаруға, дәстүрлі исламды қалпына келтіруге, дін мен мемлекет арасындағы жаңа тепе-теңдік орнатуға шақырды. Алайда ол кадрлық, идеологиялық, ғылыми-теориялық сын-қатерлермен бетпе-бет келді.
Ясауи тәжірибесі және бүгінгі сын-қатерлер
Муфтиаттың ұлттық таным тәжірибесіне оралуы, уақыт пен ұрпақтар арасы сабақтастығының шарты. Бұл жерде әңгіме «Ясауиді насихаттау» емес, Ясауи тәжірибесін игеру, уағыз және қоғаммен жұмыс логикасына енгізу туралы болады.
Мысалы уағыз стиліне қараңыз. Қарапайымдық пен жүрекке әсерлі болуы тиіс. Ясауи тәжірибесінің басты күші – тіл мен формада. Осы тұрғыдан муфтиат мынаны ала алады: күрделі фиқһтық терминологияны азайту, халықтық, өмірден алынған мысалдарға көшу, ақылдан бұрын жүрекке әсер ететін уағыз. Иасауи «хикметті» үйретті, лекция оқыған жоқ. Бұл – үлкен айырма.
Имам бейнесі - моральдық үлгі болуы тиіс. Ясауи дәстүрінде ұстаз лауазым иесі емес, ахлақи үлгі, тірі өнеге. Муфтиат үшін бұл имамдарды тек біліммен емес, мінез-құлық, қарапайымдылық, халыққа жақындықпен бағалау. Имам – «қызметкер» емес, рухани тәрбиеші.
Дін мен ұлттық мәдениетті жарастыру шарт. Ясауи тәжірибесі исламды жергілікті мәдениетпен қақтығыстырмай, үйлестіру арқылы орнықтырды. Муфтиат ала алатын сабақ - ұлттық дәстүрді «бидғат» деп шеттету емес, оның исламдық мәнін ашып беру. Бұл радикализмге қарсы ең тиімді құралдардың бірі.
Рухани тәрбие басымдықта болса...Қазіргі діни дискурс көбіне «харам–халал», «рұқсат–тыйым» төңірегінде. Ясауиде басымдық нәпсі тәрбиесі, сабыр, қанағат, ықылас, өз-өзіңді түзету. Муфтиат бұл арқылы дінді бақылау емес, тәрбиелеу жүйесіне айналдыра алады.
Болашақ ұрпақмен жұмыс форматы да қайта қаралса...Ясауи тәжірибесі - диалогқа ашық, мәжбүрлеусіз, рухани ізденіске шақыратын. Бұл бүгін лекциядан гөрі сұхбат, тыйымнан гөрі мағына, қорқытудан гөрі үміт беру деген сөз.
Рухани еркіндік пен сабыр. Иасауи ілімінде билікке жалтақтау да, бүлікке шақыру да жоқ. Муфтиат үшін бұл - саяси конъюнктурадан биік тұратын, қоғамды сабыр мен бірлікке шақыратын позиция.
Қазақстан мұсылмандар басқармасы Ясауи тәжірибесінен тілдің адамға жақындығын, діннің ахлақи өзегін, мәдени үйлесімділікті, рухани тәрбиеге негізделген ислам моделін ала алады. Сонда, Қожа Ахмет Ясауи тәжірибесі, дүниетанымы мен рухани-этикалық тұжырымдары арқылы қазіргі ұғымдарды қайта түсіндіру деп ұғуға болады.
Қайта концептуализация қажеттілігі
Қысқаша, Ясауи дәстүрі тұрғысынан қайта концептуализациялау мынадай бағыттарда іске асады. Танымның өзегін өзгерту. Ясауи ілімінде білім мен танымның орталығы – жүрек (қалб). Сондықтан қайта концептуализация - рационалдық-формалдық түсіндіруден рухани, моральдық, ішкі тазаруға негізделген түсіндіруге көшу деген сөз. Мысалы, білім ақпарат жинау емес, хикметке жету.
Адам концепциясын қайта ойлау-қазіргі гуманистік модельде адам – автономды субъект. Ясауиде адам нәпсімен күресуші, рухани кемелденуге бағытталған, қоғам алдындағы жауапкершілігі бар ахлақи тұлға. Яғни «табыс», «еркіндік», «даму» сияқты ұғымдар ахлақ пен руханиятпен өлшенеді.
Қоғам мен билікке көзқарас. Ясауи дәстүрінде әділет рухани тазалықтан басталады. Билік бұл қызмет пен аманат. Сондықтан әлеуметтік ұғымдарды қайта концептуализациялау - сыртқы институттардан гөрі ішкі адамдық өзгеріске басымдық береді.
Тіл мен форма. Ясауи хикметтерінде күрделі философия қарапайым, халықтық тілмен беріледі. Бұл элитарлық дискурстан бас тарту, мағынаны халық санасына жақындату дегенді білдіреді.
Заманауи контексте маңызы. Бүгін Ясауи дәстүрі арқылы секулярлы модернизацияны рухани-этикалық мазмұнмен толықтыруға болады. Яғни бұл — өткенді көшіру емес, дәстүрді тірі методология ретінде қолдану.
Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай, философ-дінтанушы