Деобанд мектебі мен Таблиғи жамағаттың байланысы

Тәуелсіздік алғаннан кейін шекараның ашылғанын пайдаланып елімізге сан түрлі діни ағымдар ағылды. Олардың кейбірі өзінің деструктивті сипатын бірден байқатып, жастарымызды дәстүріміз бен діни ұстанымымызға жат идеологиямен арбай бастаса, кейбірі алғашқыда тек дұрыс дінді жеткізуді мақсат тұтқан зиянсыз жамағат болып көрінді. Олар ел ішінде бүлік салған жоқ, мұсылмандарды жікке бөліп, өзара қырықпышақ қылмады. Бір сөзбен айтқанда, бастапқыда қой аузынан шөп алмас момын қалпымен ғана танылды. Солардың бірі – «Таблиғи жамағат» ағымы.


Дегенмен, кейін экстремистік сипаттары анықталуына байланысты 2013 жылғы 26 ақпандағы Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» халықаралық экстремистік діни ұйымының Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды.

Енді бұл ағым өзінің бастауын қайдан алады, оның негізінде кімдер тұр деген сұрақтарға жауап іздесек. «Таблиғ» – арабтың «ат-таблиғ» сөзінен тауындаған. Мағынасы – жеткізу. Олар өздерін дінді халыққа жеткізуші, ел арасында таратушы деп санайды. Дінтанушы ғалымдардың пікірінше, Таблиғи жамағат – Үндістан мен Пәкістан жерінде пайда болған Деобанд қозғалысының заңды жалғасы болып саналады. Бүгінгі таңда бұл қозғалыс жамағаттары Пәкістан, Бангладеш, Ауғанстан елдерінде кеңінен тараған.

Белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышханның айтуынша, Деобанд атты қозғалыс 19 ғасырда жергілікті мұсылмандардың ағылшын-үнді қысымына ұшырауынан кейін дүниеге келген. «1857 жылы осы қиыншылықтан құтылудың жолы ретінде кейбір ислам ғалымдары білімге басымдық беру керек деп санап мешітте осы істі бастады. Кейін Мұхаммед Қасым, Рашид Ахметтер Үндістанның Деобанд (ол кезде кішкентай елді мекен) деген жерінде Дарул-Улум Деобәндиді (Деобәнд Ғылым орталығын) құрды», – дейді ол.

Деобанд қозғалысының ең ірі ғалымы – Мужжад Шах Уалиулла. 1947 жылы Пәкістан Үндістаннан бөлінген соң, сол елде қозғалыс жамағаты кең етек жая бастаған.

Бүгінде Пәкістан халқының 20-25% өздерін осы мектептің өкіліне жатқызады екен. «Деобандтың фиқһ іліміне келсек, олар төрт мектептің біреуін ұстану қажет деп есептейді. Төрт мазһабтың біреуін ұстану арқылы эклектикаға жол берілмейді және адасу болмайды деген қорытынды жасайды. Олар өздерін Ханафи мектебіне жатқызады. Деобанд мектебіндегі шәкірттер Ханафи мектебінің классикалық кітаптарын оқиды», – дейді Кеңшілік Тышхан.

1926 жылы Деобанд мектебі негізінде Таблиғи жамағат ағымы мен Талибан қозғалысы пайда болған. Бұдан біз бүгінде Ауғанстандағы билікті қолдарына алған тәліптер мен таблиғшылардың арасында тығыз байланыс бар екенін көреміз. Бұл екі ұйымға да Қазақстанда экстремистік сипаты себепті заңмен тыйым салынған.

«Таблиғи жамағат» ұйымының негізін қалаушы – Үндістанның Кандахла ауылында дүниеге келген Мұхаммед Ілияс. Ол алғашқы діни сауатын өз ауылында ашып, ұстазы Рашид Ахмад Канкухиден он жылдай дәріс алады. Содан соң Үндістандағы медреседе білімін жетілдіріп, «Мазахирул-улум» атты медреседе дәріс береді. Көп ұзамай ұстаздықты тастап, 1926 жылы «Таблиғи жамағаттың» негізін қалайды. Ұйымның орталығы – Дели қаласында. Сонымен қатар, Пәкістанның Карачи, Лахор қалаларында да үлкен бөлімшелері бар. «Таблиғи жамағат» ағымының діни ұстанымдары өздері бөлініп шыққан Деобанд мектебімен бірдей. Сенімде матуриди-ашғари ақидасын, амалда негізінен ханафи мазхабын ұстанады. Ханафи ғалымдарының еңбектерін оқып, білім алады. Дегенмен шариғи тұрғыда діни ұстанымдары Қазақстандағы біздің дәстүрлі жолымызбен сәйкес келсе де, олардың экстремистік ұйым ретінде тыйым салынуына себеп болған қате тұстары жетерлік.

Белгілі исламтанушы Серік Тәжібаев «Таблиғи жамағат» ағымының шариғат үкімдеріне қайшы келетін өзіндік қате-кемшіліктері барын атап өтеді.

1) Ғылым мен білімге мән бермейді. Яғни, Құран жаттауға зейін аудармайды, фиқһ, ақида және хадис ілімдері сынды ғылым салаларын терең меңгеруден бас тартады. Ілім ізденуде санаулы әдебиеттермен шектеледі. Негізгі сүйенер дәйектері – Құран және хадис емес, қиссалар мен қияли әңгімелер. Яғни, өмірде болып-болмаған оқиғалар мен рас-өтірігі анықталмаған ел аузынан естіген хабарлары. Ал бұл – Исламға деген дұрыс көзқарас емес. Өйткені, ондай ұстаным Ислам шариғатындағы бұлтартпас дәлелдерге қайшы келеді. Демек, дінге шақырудың бірінші шарты – діни білімді болу. Ал таблиғшылар бұл өлшеусіз қазынадан мақұрым. Олардың «Алланың дініне шақырамыз» деген жалаң ұрандары – дінге шақыру емес, өздерінің қатарларын көбейту ғана.

2) Қасиетті Құран аяттары мен хадис-шәріптерді тиісті түрде түсіндірмейді. Керісінше, оны жамағаттарына шақыруға бұрмалап бағады. Сондай-ақ, қасиетті Құран Кәрімдегі – «шығу», «жиһад», «аттану», «амал етіңдер» деген сынды аяттардың негізгі мәнін ашпай, «бұл дағуатқа шақыру аяты» деп, өз мүдделеріне пайдалануды көздейді.

3) Уағыз-насихат «дағуатына» шақыруға белгілі бір күндер арнап, 3 күн, 7 күн, 40 күн және 4 айға сапар шегу сынды шектеулері шариғатқа қайшы. Өйткені мұсылманның әрбір іс-қимылы, жүріс-тұрысы, қарым-қатынасы, тіпті, сөйлеген сөзі насихат болуы тиіс. Уағыз-насихат жасаудың өзін шариғат талаптарына сай жүзеге асуы керек.

4) Уағызда әлсіз және жалған хадистерді де айтудан тайсалмайды. Жалғандығы өз алдына, оларды қиссалар мен кездейсоқ оқиғалармен қуаттауға тырысып бағады. Ал пайғамбардың атынан жалған сөйлеудің соңы жақсылыққа апармайтыны сөзсіз.

5) Әлеуметтік жағдайлары тұрақталмаған таблиғшылардан ең әуелі – әйел, балалары зардап шегеді. Құдай қосқан әйелі мен бала-шағасының, ата-ана алдындағы ақылары өтелмейді.

6) Таблиғшыларды 4 айға Пәкістанға сапар шегеді дедік. Олар сол жолда «пайғамбар сүннетімен жүреміз» деген ұранмен Пәкістанның ұлттық киімін киіп, өздерін «дағуатшылармыз» деп таныстырып, үй-үйді аралаумен шектеледі», – дейді исламтанушы.

Бұдан біз «Таблиғи жамағат» ағымының Пәкістан, Үндістан секілді елдермен тағыз байланысы бар екенін көреміз. Өйткені біздің еліміздегі осы топқа қосылған адамдар 4 айға Пәкістанға бармас еді… Бұл жай ғана сапар емес, оның астарында қандай да бір үлкен саяси себептер жатуы әбден мүмкін.

Олар шетелден басқарылатындықтан топ болғандықтан мемлекет қауіпсіздігін сақтау үшін ТМД елдері ішінде ең алғаш болып Өзбекстан, 2006 жылы Тәжікстан оны экстремистік ұйым ретінде танып, қызметіне тыйым салса, 2009 жылы Ресей Федерациясы өз аумағында олардың әрекеттеріне тосқауыл қойды. Таблиғи жамағаттың Деобанд мектебінен бір айырмашылығы – деобандилер білім үйренуге ынта қоятын болса, таблиғшылар оған немқұрайлы қарайды. Олар ұстаз алдында отырып, аят-хадис үйренгеннен гөрі ел арасында көшіп-қонып, аскеттік салтты ұстанғанды құп көреді. Мешіттерде күн ұзаққа отырып, қоғамға пайдалы жұмыс істеуге ынта білдірмейді. Сондай-ақ өздерінің қатарына қосылған жастарды да осындай жатыпішерлік әрі масылдық өмір салтына үйретеді.

Дінтанушы Кеңшлік Тышхан деобандилік-талибандық ұстанымның салафилік-уахабилік сеніммен ұштасатын тұстары аз емес екенін айтады. Мәселен, олар консервативті исламды ұстанады; құрылымдық басқару жүйесінің әлсіздігі; құқықтық номалары – өз түсініктеріндегі «шариғат»; террористік акттердің болуы; заң саласындағы жазалау шараларының қаттылығы; халықаралық стандарттағы адам құқықтарының шектелуі; әскери-милитарлы саясат ұстануы; әлеуметтік саладағы халықты ақпараттық шектеу; музыка, бейнелеу өнері, шахмат және т.б. көңіл көтеру іс-әрекеттеріне қарсы; зайырлылық ұғымына қарсы; саяси және ғылыми негізі өте әлсіз. Бұл айтылған сипаттардың біразы «Таблиғи жамағат» ағымына да тән. Бүгінде бейресми деректерге сенсек, әлемде бұл жамағаттың қатары 40-80 миллион адамды құрайды.

Сөзімізді қорытындыласақ, ата-бабамыз ежелден ұстанған Ислам діні – біртұтас. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда исламдағы 4 мазхабтың бірі – ханафилік жолдың тарихи рөлі танылған. Одан бөлек, таблиғшы, талибан, деобанд, салафи, уахаби деп мұсылмандарды қырықпышақ қылып, жік-жікке бөлудің не қажеті бар? «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, біз мұсылман жамағатын осындай әртүрлі ағымдарға ыдырата берсек, бұл олардың арасына сызат түсіріп, бірлігімізден айырып, өзара жауласуға алып баруы әбден мүмкін. Мұндай жағдайларды күнделікті өмірден де көріп жатырмыз. Сондықтан біз діни сауатты болып, ағымдардың ақ-қарасын біліп, жат идеологиялардың қақпанына түспеуіміз керек. Діни ұстанымдағы бірлік – мемлекеттігіміздің тірегі. Бүгінгі ынтымағымыздың негізі. Біз осыны қаперде ұстауымыз қажет.

Азамат ТӨЛЕПОВ, “Отпан” ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры