Индуизм төрағасы Самир Сомайя Шантилал: Бүкіл әлем – бір отбасы
Қазақстанның елордасы Астана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын жинайтын орталық ретінде танылып келеді. Осы беделді форумның құрметті қонақтарының бірі – индуизм қауымдастығының төрағасы, ұзақ жылдар бойы дінаралық диалогты қолдаған қоғам қайраткері Самир Сомайя Шантилал болды. Ол Kazinform баспасөз қызметіне берген сұхбатында заманауи әлемде діннің рөлі, қазақстандық діни форумның бірегейлігі туралы пікірлерін бөлісті.
- Самир Сомайя мырза, Астанаға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу үшін келдіңіз. Осынау алаңның түрлі діндер арасындағы диалогті нығайтудағы рөлін қалай бағалар едіңіз?
- Бұл ерекше диалог кеңістіктігі деп санаймын. Қазақстанға 2010 жылдан бері келіп жүрмін әрі бұл - менің бесінші сапарым. Дінаралық диалог біріктіруші негіз саналатын қауымдастыққа қайта оралғандай әсер қалдырады. Съездің маңыздылығы екі деңгейде байқалады. Біріншісі, бұл - елдердің жоғарғы саяси басшылығынан берілетін белгі. Дінаралық диалог тақырыбы бүкіл адамзатқа біздің ашықтық пен үйлесімге ұмтылатынымыз жөнінде маңызды үндеу жолдайды. Екінші деңгей – өзара әрекеттесу мен пікір алмасу үшін әртүрлі елдің түрлі конфессия өкілдерін тарту.
- Сіздің пайымыңызша, Қазақстандағы съезді бірегей ететін не?
- Қазақстан ең әралуан дәстүр өкілдерін әр үш жыл сайын диалогке шақырып, түрлі деңгейде өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін ел басшылығының берік ұстанымымен ерекшеленеді. Съезд көтеретін көптеген тақырып жаһандық сын-қатерлерді, айталық, экология мәселесін қамтиды және рухани көшбасшылар оларды талқылауға белсенді түрде қатысады. Бұл Қазақстан бастамасын бірегей етеді.
- Қазақстан мен Үндістан тарихи тұрғыда мәдени және рухани дәстүрлер арқылы байланысқан. Болашақта қандай жаңа ынтымақтастық түрлері дамуы мүмкін?
- Ең алдымен, бізде ежелден келе жатқан өркениеттік байланыс бар. Мұнда келгеннен кейін сіздердің мұражайларыңызды аралап, сақ қауымының тарихымен таныстым. Маған сақ қауымының осы жерлерден көшіп, Үндістанның солтүстігіндегі Шака патшалығына барғаны жайлы айтып берді. Сондай-ақ бұл жер арқылы Ұлы Жібек жолы өткен. Бұл - бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан көне дәстүр.
Ал жаңа мүмкіншіліктерге келер болсақ, Азия – жастықтың, ұмтылыстың, өрлеу және өзгерістің құрлығы. Соңғы 15 жылда Астанаға әр келгенімде қала жаңаша, заманауи, сонымен қатар дәстүрлі келбетте қарсы алады. Мумбай туралы да осыны айтуға болады. Азияда арман мен өзгеріс рухы салтанат құрып тұр. Бізге экономикалық, мәдени, саяси және рухани деңгейде байланыстарды нығайту маңызды. Мұндай диалог елдеріміздің, Азияның және бүкіл әлемнің жаңа болашағын армандауға септігін тигізеді.
- Цифрлық, әсіресе жасанды интеллект дамыған дәуірде діни дәстүр жастар үшін қалай өзекті болып қала алады?
- Дін бағзы заманнан келе жатыр. Қоғам өзгеріп, технологиялар түрленіп, үнемі жаңарып отырады. Дегенмен, дінде ұрпақтан-ұрпаққа берілуі аса маңызды мәңгілік ақиқат бар. Технология – құрал. Оны біз, рухани және білімді көшбасшылар, пайдалануымыз қажет. Біз жас ұрпақтың кәсіби және білім салаларында білікті болуына көмектесуіміз керек. Бірақ бұл ретте олар жан-жақты ойлай білетін, мінезі мықты тұлға болып қалыптасуы тиіс. Үнді философы Свами Вивекананда адам өз аяғымен нық тұруы үшін білім оның мінезін қалыптастырып, ақыл-ойын нығайтып, зердесін кеңейтуі тиіс екенін айтқан еді. Біз дәл сондай азаматтарды тәрбиелегіміз келеді. Жасанды интеллект – қолдана білуді меңгеру қажет жаңа технология. Дегенмен, біз сонымен бірге, жоғары моральдық құндылықтары бар, ой-өрісі кең, мықты қоғам құруымыз керек.
- Әлемнің әртүрлі өңірінде жанжалдар мен дағдарыс дендеп барады. Сіздің ойыңызша, дін көшбасшылары бейбітшілікті нығайту ісінде қандай рөл атқара алады?
- Барлық дінде мейірімділік, рақымшылық пен қайырымдылық секілді ізгі қасиеттер жоғары бағаланады. Біз әрдайым әділеттілік пен баршаға жақсы бейбітшілік туралы ойлауымыз керек. Біздің қасиетті кітаптарымыздың бірінде мынадай тамаша нақыл сөз бар: «Vasudhaiva Kutumbakam» — «Бүкіл әлем — бір отбасы». Ғаламшарымыз ортақ, болашағымыз ортақ және біз бір отбасы екенімізді үнемі еске салып отыруымыз қажет. Отбасында да келіспеушіліктер болып тұрады. Бірақ бұл — біздің жалғыз үйіміз және жалғыз болашағымыз. Келер ұрпаққа барынша әділетті, мейірімді, жанашыр әрі көркем әлем қалдыруды армандауға тиіспіз. Рухани көшбасшылар өз дәстүрлерінен күш алып, осы үндеулерді халқына және бүкіл әлемге жеткізуі керек.
- Сіз үшін рухани жолыңыз бен миссияңыздағы шабыттың басты қайнар көзі не?
- Мен үшін көбі отбасындағы тәлім-тәрбиемен байланысты, рухани білімнің көп бөлігін ата-анамнан және ата-әжемнен алдым. Атам ұлы бейбітшілік жаршысы, әлеуметтік және саяси өзгерістерге ахимса (зорлық-зомбылықсыз жолмен) қол жеткізуге болатынын көрсеткен Махатма Гандидің жолын ұстанған еді. Махатма Гандидің өзі индуизмнен және әлемнің басқа да діни дәстүрлерінен терең шабыт алған. Мен үшін бұл - жаныма жақын дүние. Шабытты индуистік жазбалардан аламын. Бірақ мені барлық дін мен дәстүрге құрметпен қарауға үйретті. Махатма Ганди әлемді өзгертті және оның үлгісі кеше де, бүгін де, ертең де өзекті.
- Сұхбат соңында оқырмандарымызға қандай үндеу жолдар едіңіз?
- Керемет бір санскрит өлеңімен білдіруге рұқсат етсеңіз: «Барша жан бақытты болсын. Барлығының дені сау болсын. Ешкім зұлымдық көрмесін. Барлығы азаптан азат болсын». Бұл - менің бүкіл әлемге изгі ниетім.
Дереккөз: kaz.inform.kz