Айсара: адасудан – ақиқатқа, азаптан – арманға...

Әр адамның тағдыры бір-бір кітап. Бірінің беттері шаттыққа толы болса, енді бірінікі қайғы мен қасіреттің парақтарымен өрнектеледі. Айсараның кітабы – қанды соғыс, адасқан сенім, түрме мен лагерь, жесірлік пен жетімдік жайлы жазылған ауыр шығарма. Бірақ бұл кітаптың ең соңғы беті үмітке толы. Өйткені ол – тірі қалды, қайта бастады, өмірден сабақ алды.

Айсараның балалық шағы қысқа болды. Ол бес жасында әкесінен айырылды. Әкесіз қалған үйдің іргесін анасы мен әпкесімен бірге ұстап өсті. Әке мейірімін аңсап өскен қыз ерте есейді.

«Әкем қайтқанда бала болсам да, өзімді үлкен сезіндім. Өмірдің салмағы ерте түсті. «Жауапкершілік» дегеннің не екенін кішкентайымнан түсіндім», – дейді ол.

Жасөспірім шағында ол дінге бет бұрды. Намазға жығылып, хиджаб таға бастады. Жастардың ақыл-ойы енді қалыптасып жатқан кезде тыңдалған уағыздың әсері зор. Сол жылдары Айсара үшін «кім дұрыс, кім бұрыс» деген шекара айқын болмады.

«Сол кезде Дарын Мұбаров секілді уағызшыларды тыңдайтынбыз. Бәрін шындық деп қабылдадық. Сендік. Ал сенімнің шекарасын айыра алмай адасқанымызды кейін ғана ұқтым», – дейді ол бүгінде.

18 жасында тұрмысқа шыққан жас келіншек көп ұзамай ана атанады. Бақыты баянды болар деп ойлаған. Бірақ өмірдің тосын сыйы қасіретке толы болды. Сол жылы күйеуі экстремистік әрекет кезінде қайтыс болады.

 «Ол үнемі: “Тағұт заңында өмір сүруге болмайды” дейтін. Әуелі түсінбедім. Кейін құлағыма сіңіріп, жүрегімді улады. Ақыры сол сөзге сеніп қалдым», – дейді Айсара.

Осы сенімнің жетегінде жүріп, 2014 жылы ол кішкентай қызын жетектеп Сирияға аттанады. Сирия оны қанды құшағымен қарсы алады. Жаңа орта, жаңа адамдар. Ол жақта Құлсарыдан келген жігітке екінші рет тұрмысқа шығады. Үй болды, үш бала дүниеге келді. Бірақ тыныштықтың дәмін татпады.

«2018 жылы күйеуімді әкетіп, түрмеде өлтірді. Қайын сіңілім де көз жұмды. Балаларымды құшақтап отырып, “бұл жолдың соңы не болар екен?” деп уайымдадым. Азық-түліктің бағасы аспандап, адамдар аш-жалаңаш қалды. Сол кезде санамда ояну басталды. “Бұл жол қате” деген ой мазалай берді», – дейді ол.

Өлім мен үрейден қашқан Айсара балаларымен бірге құрдтардың қолына түседі. Олардың лагерінен пана тауып, шатырда өмір сүреді. «Құрдтар бізге адамгершілікпен қарады. Бірақ бәрібір ол – еркіндік емес, өмір емес еді», – дейді ол. 2019 жылы «Жусан» операциясымен Қазақстанға оралған сәтін ол көз жасымен еске алады: «Бұл – ең ауыр да, ең жеңіл кезеңім болды. Өйткені туған жердің топырағын қайта басу – өмірімнің жаңа парағы еді».

Айсара Қазақстанға оралған соң тағы да тұрмыс құрады. Бұл жолы бұрын терроризм бабымен сотталған азаматқа күйеуге шықты. Бұл некеден де үш бала дүниеге келді.

«Бірінші, екінші күйеулерімнің ата-аналарымен араласуды тоқтатпадым. Немерелерін көрсетемін, араласқандарын қалаймын. Ол да – балалардың тағдыры ғой», – дейді ол мейірленіп.

Елге оралған Айсара 6,5 жылға сотталады. Бағына орай түрмеде отырмай, тек ай сайын тіркеуге барып тұрады. Қазіргі уақытта оған 2026 жылға дейін шетелге шығуға рұқсат жоқ. Бірақ ол тағдырдың бұл сынағына да төтеп беріп келеді. Алдымен жатақханада еден жуып, кейін шаштаразға жұмысқа тұрды.

«Өмір маған қатты соққы берді. Бірақ мен берілмедім. Тірі қалдым. Енді осы сәтімді, тыныштығымды бағалаймын», – дейді ол.

Айсараның бүкіл өмір жолы – жастарға ескерту, аналарға сабақ.

«Егер біреу діннің атын жамылып, сізді отбасыңыздан, заңнан, өмірден алыстатқысы келсе – ол дін емес. Ол – адасу. Мен соны басымнан өткеріп барып түсіндім. Жастар, сақ болыңдар. Өмірді таңдаңдар», – дейді ол.

Айсара – тек бір әйелдің тағдыры емес, бүтін бір дәуірдің шындығы. Ол адасты. Ол сүрінді. Ол жылап, құлады. Бірақ қайта тұрды. Оның хикаясы – қайғы мен қайсарлықтың, қателік пен үміттің, адасу мен ақиқаттың тоғысқан тұсы.

Ақиқат – қарапайым. Адасу – ауыр. Ал тірі қалып, қайта бастау – ерлік.