Бауыржан Ниет: Діни ахуалды күнделікті қадағалап отырмыз
Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстары туралы облыстық дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Бауыржан Ниет kazlenta.kz сайтына эксклюзивті сұқбатын беріпті. Сол сұқбатты қайта басып назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Бауыржан Амангелдіұлы, экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін Алматы облысында қандай шаралар қолданып жатыр?
Республикада көрсетілген 18 конфессиялық ілімнің 12-сі, өңірімізде ресми тіркеліп қызмет атқаруда. Аталған конфессияларға қарасты 644 діни бірлестіктермен филиалдары бар. Ал мемлекеттік саясатты іске асыруда 2 басымдық бағыт айқындалған.
Бірінші – облыстағы діни ахуалға сапалы талдау, зерделеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру; екінші – деструктивті идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізу мен теріс ағымдарды ұстанушы азаматтармен нүктелі оңалту жұмыстарын атқару.
Осы бағыттар аясында деструктивті діни идеялардың таралуына төтеп бере алмайтын халықтың нысаналы топтары арасында нақты түсіндірушілік және профилактикалық жан-жақты жұмыстар сала қызметкерлері мен құзырлы атқарушы орган қызметкерлерінің күшімен және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Орталық пен құзырлы құқық қорғау органдары, ішкі саясат, жастар, білім мен денсаулық сақтау, мәдениет пен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, Антитеррорлық комиссиялары мен әкімдіктер жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестермен өзара әрекеттесу алгоритмі арқылы бүгінде жұмыстың оң нәтижесін көрсете алдық. Аталған әрекеттесу алгоритмі енгізілуімен есепке алынған деструктивке шалдыққандар санының бір ретке келтіруіне, өзара қайшылықтардың алдын алуына қол жеткізілді.
2021 жылы жоспарлы түрде атқарылатын АТЖ мен іс-шаралардың басым бағыты 10 нысаналы топ құрамына бағытталуда. Аймақтағы эпидахуалға орай, карантин режимі сақталып, нүктелі АТЖ онлайн және оффлайн форматта жүргізілді. Есептік кезеңде жалпы саны 196 түрлі форматтағы іс-шаралар өткізіліп, оған 16 513 адам қамтылды.
Аймақтағы діни ахуалға «Kazdream Solution» мониторингілеу бағдарламасы арқылы тұрақты бақылау жүргізіледі. Есептік кезеңде АИК бойынша «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі дәстүрлі емес діни ағымдардың топтарына тіркелгендер саны 16 078 құрайды. Бұл көрсеткіш өткен айға қарағанда 718 бірлікке төмендеді.
Сонымен қатар, «Инстаграм» әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг барысында деструктивті идеологияны насихаттайтын видео, фото, мәтіндерді таратушы (сәләфиттік, хададистік) парақшаларға тіркелген желі қолданушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, кері идеологияы насихаттаушы топтардың ықпалын бәсеңдету үшін жүргізіліп жатқан нүктелі АТЖ жандандыру мақсатында #РЕЛИГИОЗНЫЙСКАН жобасы тұрақты түрде іске асырылуда. Жобаның мақсаты – облыс тұрғындарымен кері байланыс орнату. Есептік кезеңде #РЕЛИГИОЗНЫЙСКАН жобасы және жоғарыда айтылған SMS-хабарламалар нәтижесінде 200 -ге адаммен кері байланыс орнатылды.
«Инстаграмм», «Фейсбук», «Вконтакте» желілерінде Талдықорған өңірі 100 000-нан астам тіркелушісі, Алматы өңірі 160 000-на астам тіркелушісі бар имамдар қауымдастығының жеке парақшалары арқылы және «You Tube» арнасында Іле ауданы, «Арын қажы» мешітінің ұстазы Ерлан Ақатаев атынан ашылған 336 000-ға жуық тіркелушісі бар «Арын қажы» мен Жамбыл ауданы бас имамы Қалжан Исламханов жүргізетін 5200-ге жуық тіркелушісі бар «Асыл қазына» каналдарында да бұл жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
- Ал, егер де, жасөспірімдер теріс жолға түсіп, деструктивті діни ағым ықпалына кірсе оның жақындары оны қалай байқауына болады?
Қазірде ислам атын жамылып халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады. Себебі, жат ағым өкілдері таратқан түрлі ақпараттардан дәстүрлі діни сенім мен ұлттық салт-санамызға мүлдем кереғар көзқарас ұстанушылары көбейе бастады. Осылайша дәстүрлі дін мен ағымның арасын ажырата алмаған жастарымыз жалған ағымның жетегіне еріп кетуде.
Діннің атын жамылған жат ағымдардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды қатарларына кіргізу үшін, өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетеді. Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дініне күмән тудырып, қалыптасқан салт-дәстүрімізге қарсы қояды. Сондай-ақ, бұндай топтағы азаматтар отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін бағаламайды әрі мемлекеттік рәміздерді, жергілікті биліктің шығарған заңдарына бағынбайды және мойындамайды.
Ондай адамның бойында кездесетін белгілерін төмендегідей жіктеп қарауға болады.
1. Отбасына, достарына, жұмысына қарым-қатынасының өзгеруі.
2. Діни тақырыпта жиі сөз қозғап, дауласу, айтысып-тартысу.
3. Өз елінің салт-дәстүріне қарсы шығу, мысқылдап қарау.
4. Ата-анасына бағынбау, үйінен жиі себепсіз кетіп қалу.
5. Тамақтану тәртібінің бұзылуы, оқшаулану, бөлектену.
6. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден қалу.
Жат ағымның жетегіне ергендер алдымен өз құрығына түскен ізбасарын, жақтаушысын сол мемлекетпен байланыстыратын байланыс нысандарынан ажыратуға әрекет жасайды. Яғни мемлекет несімен құнды болса, ата-анамыз, тарихымыз, ұлтымыз, дініміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, дүние-мүлкіміз т.с.с құндылықтарды санамыздан жоюға күш салады. Нәтижесінде өз тілі мен салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарын жоққа шығарып, санасынан жойған адам кез келген уақытта өз Отанын да сатып кетуге дайын болмақ.
- Бауыржан Амангелдіұлы, сұқбатыңызға көп рақмет.