Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы: Діндегі кикілжіңді арнайы мамандар ғана шеше алады
Қазақстан Тәуелсіздік алған 30 жылда еліміздегі діни ахуал қалай өрбіді, жат ағымдармен күрес қалай жүрді, оңалту жұмыстарының нәтижесі қандай, еліміздегі мешіттердің жағдайы қаншалықты күрделі деген сауалдарға жауап іздеп, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тышқанұлын әңгімеге тарттық.
– Тәуелсіздіктің 30 жылына көз жүгіртейікші, еліміздегі діни жаңғыру үрдісі қалай жүрді?
– Елімізде Тәуелсіздіктен кейін діни жаңғыру ісі дұрыс жолға қойыла бастады. Кеңестік кезеңдегі діни тыйым рухани дамуымызға мүмкіндік тудырмауға тырысты. Дегенмен Тәуелсіздік алғаннан кейін осы кемшіліктер жойылып, азаматтарға діни таңдау құқығы берілді.
Бірақ діни ахуал бірыңғай болған жоқ. Оған бірнеше себеп бар: біріншіден, халықтың діни сауаты төмендеген, екіншіден, көптеген шетелдік дін миссионерлерінің өз мүддесі тұрғысынан елімізде тіркеліп, жұмыс істеуі, үшіншіден халықтың ішіндегі әр этностың өзінің дәстүрлі дінін ұстануға деген талпынысы. Елдің дінге деген құштарлығы ұлғайып, азаматтардың көбі шетелге діни білім алуға кетті. Сол жақтан алған діни ілімін, көрген-білгенін елімізде уағыздауға және жақтастарын жинақтауға тырысқандықтан, он жылдың көлемінде елімізде әртүрлі діни топтар қалыптасып үлгерді.
Тіпті мешіттердің өзі бірыңғай болған жоқ. Марқұм Әбсаттар қажы Діни басқармаға басшы болып келгеннен кейін, бірінші осы мәселені қолға алды. Дегенмен ол уақытқа дейін көптеген азаматтар әртүрлі идеологиядан сусындап, уағыз тыңдап үлгерген еді.
2011 жылы қайтадан заң қабылданғанын білесіз, сол заңның шеңберінде талаптар біраз қатаңдатылған. Дегенмен еліміз жер шарындағы жеке-дара мемлекет емес, халықаралық ұйымдармен бірге жұмыс істейді. Діни мәселеде, діни заңдарда, діни талаптарда халықаралық ұйымдарға жүгінуге тура келеді.
Қазір мемлекет қабылдаған 2017-2021, 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік бағдарламалар бар. Елдегі діни ахуалды жетілдіру мақсатында, сол бағдарламалар шеңберінде радикалды топтарға кіріп кеткен азаматтарды оңалту, оларды әлеуметтік арттыру жағдайларды қамтамасыз ету немесе Сирияға кеткен азаматтарды әкеліп, қайтадан оңалту сияқты көптеген мемлекеттік жұмыстар атқарылып жатыр.
Оны да керемет жетістік деп айту қиын. Өйткені мемлекетте ахуал толық қалыптасты дей алмаймыз. Қазір теологтар теріс ағымдағы азаматтардың үйлеріне, жұмыс істейтін жерлеріне барып жұмыс жүргізеді. Мемлекеттің нақты позициялары бар, бағыт-бағдарлары бар. Тіпті осы болашақ радикализмнің алдын алуды оқыту бойынша мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп жатыр.
Мемлекет қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармамен бірлесіп елдің рухани әлеуетін арттыру, дәстүрлі бағытты жетілдіру бойынша да біраз жұмыс қалыптастырды. Сол бағытта Нұр-Мүбәрак университетінде болашақ исламтанушыларды дайындау бойынша да біраз шаруалар атқарылып жатыр. Болашақта ол нәтиже де көрінеді деп ойлаймыз.
Бірақ бұл шаруаның бәрі атқарылды деген сөз емес. Радикализм мен экстремизм, теріс ағымдар, деструктивті ағымдар, қауіп тудырған діни топтардың барлығының мәселесін шештік деп ойламаймын. Діндегі кикілжіңді арнайы мамандар ғана шеше алады. Соның барлығын ескере отырып, әлі де болса дін бағытында жұмыс істеп жатқан азаматтардың әлеуетін арттыру керек.
Әрине, салыстырмалы түрде, бұрынғыға қарағанда мамандар әлеуеті артты. Бірақ бұл босаңсу керек дегенді білдірмейді.
– Азаматтарды оңалту жұмыстары қаншалықты дұрыс жүреді? Жалпы ондай адамдар жүз пайыз оңала ма?
– Діни радикализм тудыратын азаматтармен әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік жұмыстар жүргізіледі. Тіпті жазасын өтеу мекемесіне түскеннің өзінде, сол мекемелерде штаттан тыс теологтар бар. Теологтар, имамдар жұмысынан соң оңалып жатқан сотталушылар бар, әрине. Бірақ бұл іс өте қарқынды жүріп жатыр деп айту қиын. Ал теологтарға біраз мүмкіндіктер есігін ашып, қауіпсіздігінің сақталуы секілді жағдайлар қарыстырылса. Теолог діни ұстанымы күдікті азаматтың үйіне, жұмысына барса «менде не шаруаң бар», «мен қылмыскер емеспін», «мені неге мазалай бересің» деген сияқты көптеген қарсы пікірлер естиді. Бұл жағдайда теалог маманның қауіпсіздігіне кім жауап беруі керек? Осы сұрақтың ақ-қарасы ажыратылса. Құқықтық мемлекетпіз, сондықтан әр азаматты оңалтуға немесе әр азаматтың соңынан еріп жүруге теолог міндетті емес.
Елімізде, өкінішке қарай, бірнеше теракт болды, бірақ оның санын болжай алмаймыз. Мұны ҰҚК, басқа да құзырлы мекемелер бақылайды деп ойлаймын.
– Қазір іздеу жүйесіне дінге қатысты бір сұрақ қойсақ, ресми ақпараттарға қарағанда әртүрлі сайттардың ақпараты бірінші шығады. Бұл жағдайды қиындатпай ма?
– Ғаламторды бұғаттай алмаймыз, бұл анық. Мониторинг жасап отырған орталықтар бар, діни кертартпа насихат жүргізуді көздеген аккаунттарды сол орталықтар уақытылы бұғаттап, мыңдаған сайттарды сүзгіден өткізіп отыр. Ал шетелде ашылған сайтты бұғаттау өте қиын. Әлеуметтік желілерде де теріс бағыттағы уағыздар толып тұр. Бұғаттау арқылы мәселені шешу басқа да қарапайым азаматтардың құқығына қол сұғу болып саналады. Бұл өте қиын, күрделі процесс. Көптеген сайттарды, әлеуметтік желілерді бұғаттап, мамандар күні-түні мониторинг жүргізіп отыр. Бірақ, соған қарамастан, бұл мәселе толық назарда деп айту қиын. Бір сайтты жапсаңыз, екеуі ашылады.
– Жалпы теріс ағымдарға еріп кету мәселесінде елдің экономикалық жағдайы, азаматтардың әлеуметтік жағдайының төмен болуының әсер-ықпалы бар ма?
– Әлеуметтік жағдайының төмен болуы, азаматтардың жұмыс таба алмауы, шетелдерден келіп жатқан діни ұйымдардың қайырымдылық көмегіне жүгінуіне мәжбүрлеуі мүмкін. Бірақ жалпы әлеуметтік жағдайы төмен халық тобы радикалдануға жақын ұғым болмауға тиіс. Халық рухани құндылығын сақтаса, салт-дәстүріне негізделген құндылықтарынан ажырамаса, ол халық қарным ашты екен деп террорист болып кетпейтіні анық. Бұл – бір.
Екінші мәселе, әрине, радикалды ағымға келген азаматтар мемлекетте жұмыс істеп, одан айлық алуды харам деп санайды. Сондықтан да олар жеке кәсіппен, сауда-саттықпен айналысып кетеді. Мемлекет жұмыс тауып бергеннің өзінде ондай жан жұмыс істемейді. Осындай кедергілер бар. Оны анықтап, еңсерудің жолдарын қарастырған абзал.
– Өзіңіз айтып отырғандай халықтың, азаматтардың бәріне бірдей діни білім беру мүмкін емес. Адасу осы діни сауаттың жоқтығынан да шығар. Діни сауатты қалай арттыруға болады?
– Біріншіден, мектептердегі дінтану пәнін, ол пәннің сапасын қолға алу керек. Дінтанушы мұғалімдердің білім сапасын жүйелі түрде арттыру қажет. ЖОО-да бірінші курсқа келген азаматтарға міндетті түрде осы бағытта көп сұрақ қою керек. Өйткені көптеген азаматтар жат діни ағымға университет қабырғаларында жүргенде кіреді. Мектеп пен университет жастардың қалыптасатын ортасы. Сондықтан мектеп, университет қабырғасында жүрген жастарға діни ағарту, сауаттандыру, діни білім беру жұмыстары дұрыс жүргізілгені дұрыс.
Әрине, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілгені де маңызды. Халықтың бәрін жаппай оқыта алмаймыз. Ол мүмкін емес. Бірақ қолдан келгенше діни сау ақпаратпен көбірек халықты қамтуға тырысқанымыз жөн. Ақпараттық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Қазір дұрыс бағыттағы дінді уағыздайтын азаматтар саны артып келеді. Оны да пайдалану керек деп ойлаймын. Жастардың көбі Instagram-да, Facebook-те отыр. Олардың арасында діни әңгімелерді тыңдайтындар көбірек шығар. Міне, оларға сол желілер арқылы дұрыс діни уағыздарды жолдайық.
Жастарға отбасынан рухани құндылық ұғымы сіңірілмесе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алатын сауатты білім нәрі берілмесе, күні ертең олар қасаң қағидаттарға сөзсіз бас ұрады. Діннің атынан, Құдайдың атынан жеке менін алға қойып сөйлейтін, басқа пікірге құлақ қоймайтын жастар осындай бұрыс тәрбиенің жетегінен шығады. Рухани құндылық жұтаң болғаннан кейін кейбір жастарымыз құндылық іздеу барысында теріс ағымға түсіп кетіп жүр ғой. Сондықтан біз өз құндылығымызды сіңіруді қарастырайық.
– Еліміздегі діни ахуалды тұрақтандыру үшін осы саладағы мамандардың әлеуметтік жағдайын, айлық мәселесін қарастыру да керек шығар. Білуімізше, мешіттерге мемлекеттен қаржы бөлінбейді, имамдарға айлық төленбейді. Солай бола тұра мешіт үлкен бизнеске айналған деген де пікір халық арасында бар…
– Мешіттерді екі түрлі категорияға бөліп қарастыру керек. Бірінші, ауылдық, аудандық мешіттер. Екінші, қалалық, облыстық мешіттер. Қалалық, облыстық мешіттердің жағдайы жаман емес. Өйткені қолдаушылары, демеушілері, кәсіпкерлері бар. Имамдардың таныстары мен мешітке келетін жамағаттың беретін қайырымдылық көмегі бар.
Ал ауылдық, аудандық мешіттерде жағдай жақсы деп ойламаймын. Өйткені мешітке келушілер аз, ауылды жерлердің әлеуметтік деңгейі де төмен. Имамдардың ішінде тек қана имамдықпен емес, қосымша жұмыспен, тіпті күзетпен, мұғалімдікпен айналысып жүрген азаматтар көп. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайын түзеу, жалақы тағайындау мәселесі өзекті. Екінші жағынан, мемлекет діннің ішкі мәселесіне араласпағаннан кейін діни қызметкерлердің бүкіл әлеуметтік жағдайын мемлекет мойнына алуы керек пе? Ал мемлекет жағдай жасап жатса, талап та қоя алады.
Ал бұл мәселеге жауапты құрылымның бірі – мүфтият десек, оның өз тәртібі, ережесі бар екенін де айта кеткім келеді. Имамның этикасы, әдебін де муфтият реттеп отыр. Кез келген имам дін атынан жұмыс істеген соң Құдайға, дінге, имандылыққа кір келтірмеуі керек.
Бұрынғымен салыстырғанда, шүкір, имамдарымыз да, исламтанушыларымыз да, дінтанушыларымыз да бар, сауатты, білімді. Дұрыс көңіл бөлінбегендіктен, жұмысы бағаланбағандықтан мықты мамандар кейде осы саладан кетіп жатады. Сондықтан осы бағытта жұмыс атқарылуы керек, мұны мемлекет емес, тиісті мекеме өздері үйлестіруі керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
ДЕРЕККӨЗ: anatili.kazgazeta.kz