Жар таңдауда жаңылдым...
Дәстүрлі емес дін өкілдерінің арбауына түсіп кететіндердің арасында жас баладан, егде жастағы азаматтарға дейін бар. Оңтүстіктің жігіті Азамат (есімі өзгертілген), деструктивті дін өкілінің арбауына түсіп, қазіргі таңда оңалту шараларын өтуде. Жат ағымға қалай еріп кетті? Қандай күш итермеледі? Тілшілерімізге Азамат өз аузымен айтып берді.
Балалық шақ
Өзім Шымкенттенмін, сол жерде балалық шағым өтті. Қарапайым қазақтың баласымын. Отбасым діннен алшақ болсақ та, үйде құдайы тамақ беріліп, анам жұма сайын жеті күлше тарататын. Бірақ, намаз оқып, діни білімі бар отбасы мүшесі болған жоқ. Мектептегі үлгерімім орташа болды. Орта білім алғаннан кейін колледжге оқуға түстім. Осылай үлкен өмірге қадам бастым.
Басыма түскен қиыншылық...
Колледжді бітіруге 1 жыл қалғанда әкем өмірден озды. Бірден есейіп кеттім десем де болады. Үйдің шаруасы бар, анама көмектесу керек, ақша табу керек деген проблемаға тап болдым. Қаражаттың жетіспеушілігі өмірімді қиындатып жіберді. Базарда арба да сүйредім, суық күнде далада сауда жасауға да тырыстым, телефон да саттым, бірақ, қанша жұмыс жасамасам да, жолым болмайтын сияқты көрінетін. Оқуымды да бітіре алмадым. Мүмкін қала ауыстырсам, өмірім жақсы жақа бұрылатын шығар деген оймен, Алматыға бір күнде киімдерімді жинап кетіп қалдым.
Өзімнің ойымдағы әйелді жолықтырдым
Алматыға келген бойда жұмыс іздеуге кірісіп кеттім. Телефон сататын тәжірбием болғандықтан, сауда орталығында ұялы телефондар сататын жерге жұмысқа кірдім. Бастықтарым намазхан адамдар болатын. Сол кісілердің жанында бір келіншек жүретін. Өзі орамал таққан, аузында Алласы бар, тақуа жан боп көрінді. Біздің дүкенге екі күнде бір келіп тұратын. Арасында әңгімесін айтып, Ислам туралы өзінің білгенімен бөлісетін. Айтқан әңгімесі, өзін ұстағаны ұнайтын. Аңгіме барысында ажырасқан, екі баласы бар екенін айтып қалды. Әрине, оңтүстіктің тәрбиесі болған соң, бастапқыда оянған қызығушылығымды басуға тырыстым. Алайда, араға уақыт салып, ол маған ұнай бастады. Сол кісімен сөйлеспесем біртүрлі болатынмын. Менен 8 жас үлкендігі де тоқтатпады. Бір күні маған ұсыныс жасады. Некемізді қияйық, әйтпесе, сөйлесе алмайтынын жеткізді. Ойлана келе, отбасыма айтпастан некемізді қидық. Осылайша әйелім мені намазға әкелді, өмірім дұрысталған секілді көрінетін. Әйелім және оның екі баласымен пәтер жалдап тұрдық. Жеке басыма жетпей жүрген ақшам, отбасылы болған соң мүлдем жетпей кетті. Мінезім ашушаң, қызуқанды болып кеттім. Исламнан хабарым болмаған соң, уағыз тыңдасын деп, әйелім мені «браттармен» таныстырды.
Сирияға кетуге дайындық
«Браттармен» танысқан соң, мен де сақал өсіріп, өзімнің намаз оқитанымды бүкіл әлемге айтқым келіп, намаз оқымайтын адамдардан жиіркене бастадым. Олар маған қаражат жағынан көмек көрсетіп: «Алланың бергені ретінде қабылда»,- дейтін. Солай ақшадан да қысылмайтын болдым. Әйелім сол ретте мені Таяу Шығысқа кетуге итермеледі. Сол жақа барып, жағдайымды жасап, кейін артымнан өзі де баратынын айтып үгіттей бастады. Сол кездегі «браттарым» бұл шешімнің ең дұрыс шешім екенін айтып, екі жақтан қысым басталды. Үйде әйелім, сыртта араласатын ортамның айтатындары бір болған соң, кетуге шешім қабылдадым. Сирияға барып, сол жерде таза мұсылман болып, Алланың жолына түсемін деп ойладым. Бірақ, кетпек болған жерімнен қылмыстық орган қызметкерлеріне ұсталып қалдым.
Өмірлік сабақ
Кейін әйелім мені тастап кетті. Кейін естуім бойынша басқа біреуге күйеуге шығып, Таяу Шығысқа кетіп тыныпты. Түзету мекемесіне түскен күннен бастап, әртүрлі маман өкілдерімен сөйлесетінбіз. Мысалы, теологтармен сөйлесе келе, жасап жүрген амалдарымның көбісі дұрыс емес екендігіне көзім жетті. Алла мейірімді жандарды жақсы көреді, ал мен қатігез, адамдарды сыйламайтын едім. Өткеніме өкінемін. Қазір бар арманым анам мен бауырларыма барып, солармен қауышсам деймін. Діни сауатсыздықтың кесірінен осындай жағдайға түстім. Намазымды тастаған жоқпын. Күнде Алладан дұрыс жол көрсетуді сұраймын. Оқып отырған әрбіріңізге айтарым, өмірде жар таңдаудан қателеспеңіздер. Менің өмірім адамдарға сабақ болса деймін.