Жастар дінді сәнге айналдырып алғандай...

Бүгінгі таңда деструктивті діни ағымға түсіп, артынан опық жеп жүргендер қаншама?! Қазақта «адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса» деп жатады. Елорда тұрғыны Ажар есімді азаматша, редакциямызға сұхбат беріп, баласының басынан өткен жағдаймен бөлісті. «Менің және отбасымның басынан өткен жағдай адамдарға сабақ болса екен деймін. Дінді ұстай алмасаң қасірет екенін өз басыма түскенде түсіндім» ,- деді ол.

-Редакцияға хабарласқанда балам діни жолдан тайып кетті дедіңіз. Бұл қалай болды?

-Ұлым осыдан бірнеше жыл бұрын дін жолына түсті. Басында мән берген жоқпыз. Ел-жұрттан сақал өсіріп, балағы қысқарыпты немесе ата-анасымен араласуды қойыпты деген жағдайларды естігенде менің басыма келмейтіндей көрінетін. Бірақ, бұл проблема менің отбасымды айналып өтпеді. Жұмыс жасап, өз күнін өзі сүріп жүрген ұлым адам танымастай өзгеріп кетті.

- Балаңыз қандай жұмыс жасаушы еді?

- Балам таксист болып жұмыс жасайтын. Тыпыршып бір орында отырмайтын. Бір күні жолда намазхан жігітпен танысқанын айтты. Менде намаз оқып бастаймын деді. Оқысаң оқы дедім.Тіпті өзі ғана емес бала-шағасымен бірге мешітке барып жүрді.

- Сіз немерелеріңіздің де намаз оқып жүргенін білдіңіз бе?

- Иә білдім. Кім жаман дүние ойлайды дейсің?! Кейін менде намаз оқып бастадым. Бір күні көрші әйел «сендердің тұрыстарың басқа ғой» - дейді. Ұлым жоқ олардікі дұрыс емес. Отырғандарың дұрыс емес деп тисе бастады. Кейін мешіттегі молдалармен ұрсысатынды шығарды.

- Сіз ұлыңызбен бұл туралы ашық сөйлестіңіз бе?

- Иә тіпті бір күні жаныма отырғызып қойып «балам сенің бұл әркеттерің дұрыс емес» дедім. Бой бермеді. Өзінің араласатын адамдары бар, сол таксист болып жүріп танысып алған ғой. Солармен күні-түні хабарда. Балам әйелімен бөлек тұратын. Мен үлкен ұлыммен тұрамын. Бізге келуді қойды. Хабарлассам жауап ала алмайтынмын. Үйдегі үлкен балам намаз оқымайтын. Онымен араласқысы келмейтінін айтты. Келіншегіне қап-қара қылып беті-аузын жауып, тұмшаланған киім кигізіп қойды. Немерелеріме мультфильм көрсетпей, үйдегі теледидарды қосқызбайтынды шығарды. Мен жүрегіммен дұрыс жолда емес екенін сездім. Бірақ, мені еш тыңдамады.

-Қазір ұлыңыздың жағдайы қалай? Дұрыс жолға түсті ме?

-Әйелі басында бірге намазға жығылып, көнгендей болған, бірақ, кейіннен шыдай алмады. Оның да әке-шешесі ортаға түсіп, қыздарын алып кетті. Қазір балам жалғыз өзі тұрады. Қазір бауыры, үлкен ұлым мешітке апарып, имамдардан сабақ алып жүр. Басында қарсыласқан. Қазір қателігін түсінген сияқты. Кім өз баласын шетке тастайды дейсіз? Менде жан-тәніммен балама көмектескім келеді. Оның түзу жолға тұрып, отбасына оралғанын қалаймын. Алла қаласа ол күнде алыс емес деп ойлаймын. Мені оқып отырған әрбір жанға айтарым, өзіміздің қазақтын салтына, ата-бабамыз ұстанған дін жолына ештеңе жетпейді. Қазір «брат» деп сөйлесіп, танымайтын адамдардан уағыз тыңдай сәнге айналған сияқты. Айналайын, жастар, сендер елдің болашағысыңдар. Қателік жасамаңдар деп қайталап айта бергім келеді.

-Сұхбатыңызға рахмет!