Жаңа достарым адасуыма себеп болды
Ислам ағымдарынан басқа өзге де діндердің деструктивті ұйымдарының саны жетерлік. Біздің редакциямызға Данияр есімді жігіт өзінің басынан өткен жағдайын айтып берді. Данияр Алматы қаласында білім аламын деп белгісіз дін өкілдерінің алдауына түсіп қалған.
Балалық шағым солтүстік өңірде өтті.Мектеп бітіріп, Алматыға жоғарғы оқу орнына түстім. Алматы да туыстарым да, достарым да жоқ еді. Тобымдағы балалармен де аса қатты араласпайтынмын. Себебі олар менің орыс тілінде сөйлейтінімді жақтырмайтын. Ал мен қазақ мектебін бітірсімде отбасым, араласатын ортам орыс тілді болды.
Мен жаңа ортаға тап болдым. Жатақханада кітап оқып отырған едім, қасыма бір қыз бала келді. Ол қыздың есімі Амина еді. Ол менің тұйық мінезімді және ешкіммен араласпайтынымды сырттай бақылап жүріпті. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Мен тіпті оған бар сырымды ақтарып, ішімдегі ойларымды айта бастадым. Ол мені мұқият тыңдап, Алматыға көшіп келгенде бастапқы кездері өзінің тура мен сияқты тұйық болғанын айтты. Кейін Амина мені ойын-сауық орталығына шықырып, өз достарымен таныстырды. Олар да маған ұнады. Мен олармен жақын танысып, нағыз өзімнің ортамды тапқандай болдым. Олардың әңгімелерінен жиі белгісіз бір шіркеу туралы естідім. Мен ешқандай дінге жақын болмадым. Сондықтан дін туралы, ғибадат жасау немесешіркеу деген ұғымдарды дұрыс түсіне бермейтінмін. Күндердің бір күні Амина мені шіркеуге алып барды. Шіркеу дегенде өте кішкентай ғимарат болды. Мені бәрі жақсы қарсы алды. Тіпті қонақ ретінде маған тамақ ұсынды. Шіркеудің ішінде кітапханаға дейін болды. Жалпы алғанда студенттерге көптеген мүмкіндіктер болды. Күнде болмаса да, күнара баратынбыз, сол жерде ән айтып, қызықты уақыт өткіздетінбіз. Бірнеше айдан соң мен олардың діндерін қабылдауға бел будым. Дінді қабылдауда ешқандай да қиыншылықтар болған жоқ. Тек орыс тілінде бір дұға оқып қана қабылдадым. Өйткені бұл дін мен үшін өте қолайлы болды. Шіркеуге келгелі бері мен ашыла бастадым, өзімді басқа қырларымнан тани бастадым. Ең бастысы мен жаңа ортаға тап болып, жақын достарымды кездестірдім. Бұл дінде ешқандай артық тыйымдар жоқ. Керісінше өзімді бұрынғыдан да еркін сезіне бастадым.Ғибадатханада достарыммен жиі уақыт өткіздім. Көбінесе түрлі дәмханаларда жиналатынбыз. Бір қызығы біздің әрбір отырыстарымыз үшін шіркеуден қаражат бөлінетін. Арамызда мен сияқты басқа қаладан келген студенттер көп болды.
Біз үшін бұл дін өте тиімді болды. Арада 3 ай өтті. Шіркеудегі достарым мен үшін өзгергендей болды. Олар маған алкогольды сусындар ұсына бастады. Мен осы күнге дейін ондай сусындардың тіпті дәмін көрмеген адаммын. Бірақ бұл біз ұстанып жүрген діннің қағидалырың бірі деген соң мен алкогольды сусындарды іше бастадым. Бұл сусындардың дінде қандай маңыздылығы бар деп сұрағанымда, ішу арқылы құдаймен трансқа түсеміз деп жауап қайтарды. Бұған қоса есірткілерді пайдалануға мәжбүрлей бастады. Мен бәріне келістім. Себебі мен ұстап тұрған ештеңе болмады. Ата-анам хабарсыз, ал өзім үшін бұл бір өмірден ләззат алу үдерісі болғандай. Ақырындап ұрлық жасау әрекетіне көше бастадық. Шіркеуде бізге ұрлық жасаудың жолдарын үйретіп, жалпы ұрлық та, есірткі де тағы басқасы да күнә емес деп насихаттады. Әр адам дүниеге келгеннен кейін еркін өмір сүру керек, білгенін істеп, бұл өмірден ләззат алу керек деп сендірді. Ал күнә деген нәрсенің мүлдем жоқ екенін және біздің дініміз сіздерге көмектеседі деп өздеріне бәрін иландыра берді.
Заң алдында жауап бердім. Көп ұзамай мен ұрлық жасағаным үшін заң бойынша жауапкершілікке тартылдым. Университеттен қуылдым. Туған жеріме Қостанай облысына қайта оралдым. Ата-анамның үмітін ақтай алмадым. Мен Алматыға арман қуып келгенде алдымда көптеген мүмкіндіктер болған. Қолымдағы бар мүмкіндіктерімнен өзімнің сауатсыздығым мен салғырттығымның кесірінен айырылып қалдым. Еркіндік деген дүниені мүлдем дұрыс түсінбеген екенмін. Оң мен солымды енді ажыратып келе жатқандаймын.
Өз жолымды тапқаныма қуанамын. Кейін дін десе мүлдем тыңдағым келмейтін. Үйдегілер Ислам дінін ұстанады. Бірақ, мен іштей өзімнің жасаған әрекетімнен ұялып, мешітке бармай жүрдім. Бір күні үйде «құдайы» жасамақ болып, имам шақырдық. Сол кісімен жеке қалып, ішімдегі ешкімге айта алмаған сырымды айттым. Мешітке шақырды. Қаладағы орталық мешітке барып,көптеген уағыз тыңдадым. Былайша айтқанда, тәубеме келіп, өз жолымды таптым. Қазір бәріжақсы. Ата-анам аман, жақында өз қаламдағы оқу орнына құжат тапсырмақпын. Алла қолдап, барлығы ойдағыдай болады деп ойлаймын.