Ұстаздарым мұсылмандарды құтқару үшін ақшаны қалай тапсаң да күнә емес деді
Қазіргі таңда жат ағымның жетегіне еріп, адасып жүрген адамдар саны елімізде өкінішке қарай өте көп. Әрине бұл жағдай кез-келген адамзат баласын алаңдататыны сөзсіз. Жат ағымның жетегінде кететіндердің басым көпшілігі «Жиһад» сөзін қате түсінуден бастау алады. Тағы да айналып келіп діни сауаттылықтың жоқтығынан. Бұл жолы Сирияға кетпек болған Азамат есімді азаматпен сұхбаттастық.
-Сіз бастапқыда діни білімді қайдан алдыңыз?
-Менде шыны керек мүлде діни сауат болмады. Сондықтан интернеттен аудио диск арқылы, ютубты қарап, уағыздар тыңдай бастадым.
-Көбінесе кімдердің уағыздарын тыңдаушы едіңіз?
- Дарын Мубаров, Ибрагим Таиржандардың уағыздарын тыңдап жүрдім. Сол уақытта күннен күнге мазһабқа деген ойым өзгере бастады. Бір күні аяқ асты Сайда Бурятскийдің «Обрещение мусулманам» деген видеолары шыға бастады. Яғни «Мұсылман бауырларды құтқару» деген.
-Азамат мырза, жоғарыда сіз мазһабқа деген ойым өзгере бастады дедіңіз. Соны нақтылап айтып өтесіз бе?
- Ең әуелі менің түсінігімде намаз оқымайтын адам мұсылман емес деген ұғым пайда болды. Былайша айтқанда такфиризмді ұстана бастадым. Сонымен қатар видеороликтерді көргенде Башар Асада Алауи ахидасында Сунниттерді қырып жатыр, жойып жатыр деп көрсетті.
- Кейін Таяу Шығысқа кетем деп шешім қабылдадыңыз?
- Иә. Менің бар ойым сол жақтағы мұсылмандарға көмектесу болды. Неше түрлі видеоларды қарап жаным қиналатын. Мен тыныш жерде жатырмын, ал мұсылман бауырларым қиналып жатыр деп ойладым. Бұл ой маған маза бермеді. Жолдастарыма ойымды айтып, бірге баруға үгіттедім.
-Шет елге шығу үшін ақша керек. Қаражатты қайдан алдыңыз? Әлде сіздерді біреу қаржыландырды ма?
-Маған сол кездегі ұстаздарым мұсылмандарды құтқару үшін ақшаны қалай тапсаң да күнә емес деді. Керсінше бұл жақтағы кәпірлерді «лақтырып» кету дұрыс екенін айтты. Солай кредит алдым. Мен сол кезде бәрін дұрыс істеп жатырмын деп ойладым.
-Бірақ, сіз Сирияға жете алмадыңыз?
-Иә, мені шекарада ұстады. Құқық қорғау органдары бәрін бақылап жүр екен. Солай болғанына қазір шын жүректен қуанамын. Олай болмаған жағдайда соғыс аймағына барып, елге жете алмай қалады екем. Темір торға жабылдым. Өзімнің мерзімімді өтеп шықтым.
-Қазір не өзгерді? Өміріңіз қай арнаға бұрылды?
-Қазір темір тордан шықтым. Мешітке барамын, имамдармен жиі сөйлесемін. Сұрақтарымның жауабын қазір интернеттен іздемеймін. Сол саланың мамандарына жүгінемін. Ата-анама көп қиыншылық көрсеттім. Отбасымды құрттым. Бәрін түсініп, өмірімнің өз қолымда екенін түсіндім. Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді ғой. Кәсіп бастадым. Қазір бәрі оңалды. Аллаға шүкір. Қазағымның қаракөздері мен сияқты адаспаса екен деп тілеймін!