Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ: Дін саламаттылығы – өзекті мәселе

90-жылдары дін ұстануға еркіндік берілгенде көп адам бөркін аспанға атып қуанды. Кейін қоғамда теріс ағымдар қаптап шыға келгенде, ағаттық жіберіп алғанымызды түсіндік. 2011 жылы дін туралы жаңа заң қабылданып, ушығып бара жатқан жағдайды оңалту үшін жан-жақты алдын алу жұмыстары жүргізілді. Алайда кейінгі жылдары қоғамды дүрліктіріп, дінді құбыжық қылып көрсететін жайттар қайтадан қылаң бере бастады. Осы келеңсіздіктердің себеп-салдарын білу мақсатында теолог, сарапшы Жандәулет Сүлейменовті әңгімеге тартқан едік.

Діни ахуал ушығып тұр

– Күні кеше «домбыра харам», «дін үшін ұлтымнан бас тартамын» деген сарындағы бейнежазбалар ел ішін шулатты. Бұл ненің белгісі? Қо­ғамда шын мәнінде діни ахуал у­шы­ғып тұр ма? Әлде жар астын­да­ғы­лардың қасақана ұйым­­дас­тырып отырған аран­датуы ма?

– Бұл, әлбетте, діни ахуал­дың қо­ғам­да күрделі екендігін білдіреді. Осы қарқынмен жүре берсек, алдағы уақытта да «домбыра харам» деген әңгіменің деңгейіндегі біраз жайтқа куә болуымыз ғажап емес. Өзіңіз айтып отырғандай, желіні шулататын діни сарындағы бейнежазбалар әлі де шығады. Ша­мамен бір жыл көлемінде мұндай жағдайлар көбеймейді де, азаймайды да, осы қалыпта сақталады. Дінтанушы ретінде айтайын, қазір еліміздің дін саласына іріткі салуды көздейтін астыртын әрекеттердің барын анық байқауға болады. Әсіресе осы жылдың орта тұсынан бастап дінге тұтқиылдан жасалып жатқан шабуылдар үдей түсті.

– Яғни әлдебір арандатушылар бар болғаны ғой?

– Арандатушы дегеннен гөрі, соны «қолдаушылар» бар десек, дұрыс шығар. Олар кімдер дегенде нақты атын атап, түсін түстеп бере алмасақ та, артында күші мен ықпалы бар топтың тұрғаны айдан анық.

– Шамамен бір жылдай бүгінгідей ахуал сақталады дедіңіз. Одан кейін не болуы мүмкін?

– Оны да қазір дөп басып айту қиын. Тіпті діни алауыз­дық­ты қоздырып отыр­ған адамдардың өзі де бір жылдан кейін нақты не болатынын білмейді. Олардың қолында жалпылама карта ғана бар. Сол картада сызылған схема бойынша істі ұйымдастыру олар үшін маңызды. Бұлар дінді теріс мүдделеріне пайдаланып жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қандай жағдай болып, дүние қалай құбылса, олар да өз мақсаттарын, такти­каларын соған орай өзгер­тіп отырады. Соғыста да қол­­бас­шылар майдандағы жағ­дайдың өзгеруіне қарай алдағы іс-қимылын түрліше жоспарлайды ғой. Дін саласын жеке мүддесі үшін пайдаланушылар да тура сондай. Бүгін алға қойған бір ойы бар шығар, бірақ ертең қалай құбылатынын нақты айту мүмкін емес.

Қаң­тар оқи­ғасына дейін белгілі бір тұлғалар дін­ді өздерінің жеке мүдделеріне қарай пай­да­ланғаны белгілі болды. Бұл әрекеттері ішінара «же­мі­­сін» беріп, кейбір көзде­ген мақсаттарына жетті де. Бұлардың кім екенін бүгінде жұрт біледі, қайталап айтудың қажеті жоқ шығар. «Қасіретті қаңтардан» кейін шетінен ұсталып, сотталып жатыр. Діни сеніммен ойнауға болмайды. Тәңірдің дінін ел үшін емес, жеке бас пайдасы үшін құрал қылу қай кезде де жақсылыққа апармайды. Құранда «Сендер үшін жаман көрінген нәрселерің қайырлы болуы мүмкін және жақсы көрген нәрселерің сендерге жаман болуы да мүмкін» деген мағынада аят бар. Олар бір діни ағымды ұстанып, қоғамда тамыр жаюға тырыс­ты. Соны дұрыс деп есептеді. Маған қа­зіргі дін саласындағы келең­сіз­­дік­тер­дің артында мақсаты бұзық адамдар тұрғандай көрінеді.

 

Дін билікке жетудің құралы емес

– Бұрын теріс ағымды таратушылар көбіне көшеде жү­ріп әрекет етсе, қазір бәрі толықтай интернетке көшті. Интернетті қалай бақы­лауға алу керек? Іріткі салу­шы­лар­дың әрекетіне түбе­гей­лі тосқауыл қою мүмкін бе?

– Әлеуметтік желі мен БАҚ-ты бақылау мен қада­ғалау бір басқа, ал сол жерде болған заңсыз әре­кет­терге заңмен тосқауыл қою – мүлдем басқа әңгіме. Бізде қазір осы екінші жағы кемшін. Жауапты уәкілетті органдар тарапынан діни ор­таға іріткі салып отырғандарға қар­сы шешімдер бірде қабылданса,  бірде қабылданбай жатыр. Сіз интернетке кіріп, «жиһад» деп жазсаңыз, пайдалы мәлі­­меттермен қа­тар теріс ақпа­раттар да қап­тап шығады. «Мәзһаб» деп жазсаңыз да дәл солай. Елі­міз­де діни саланы қада­ға­лайтын, бақылайтын қан­ша­ма мемлекеттік мекеме мен үкіметтік емес ұйым бар, бірақ әлгіндей халықты адастыратын мәліметтер ин­тернетте неліктен өріп жүр? Оны қалай тоқтатамыз? Міне, бұл – бүгінгі қоғам алдында тұрған үлкен мәселе.

– Рас, елімізде түрлі ағым көп. Сәләфи-уахабиден бас­тап тәңір­шіл­дер­ге дейін тай­раң­дап жүр. Сіздің ойы­ңыз­ша, бұлардың ішінде қа­зір ең белсендісі және қо­ғам­ға қауіптісі қайсы?

– Жат діни ағымдардың қолына мүм­кіндік берсе, қай-қайсының да мем­лекетке, ұлтқа, елдің болашағына төндіретін қаупі орасан зор. Бүгінде кейбірінің интернетте отырған жақтау­шы­лары көп көзге түскеннен кейін ғана олар қауіптірек секілді көрінеді. Бірақ бәрі­нің пиғылы бірдей: ол – мемле­кет­ ісіне араласу, билікке келу, бай­лық­қа кенелу. Кез келген діни ағым әу бастан сондай мақ­сат­тарды көздеп құрылады. Соңғы уақытта сот тыйым салған 25 діни ұйым мәселенің күрделі екенін аңғартады. Қандай да аурудың бетін қай­тармаса, адамды өлімге дейін алып баратыны секілді деструктивті ағымдардың да дер кезінде алдын алмаса, түбінде мем­ле­кеттің тыныш­ты­ғын бұзуға себепші.

 

Райдан қайтару оңай болмай тұр

– Сіз теріс ағымда жүрген ради­­­кал­­дарды оңалтумен, яғни қа­лып­ты өмірге қай­тару­мен тікелей жұ­мыс істе­­діңіз. Оларды теріс идео­­ло­­гия құрсауынан шы­ғару мүм­­кін бе?

– Әрине, мүмкін. Бірақ егер 10 адам болса, әрқайсысымен 10 түрлі әдіспен жұмыс істеу керек. Өйткені әр адам­ның қауіптілік деңгейі, дес­трук­­тивті идеяға улануы, одан ке­ліп шығатын тәуекелі, дүние­та­нымы, білімі әртүрлі. Сондықтан жеке-жеке жұмыс істеуге тура келеді. Бар­лық адамға бір әдісті қол­да­нып, ради­калды райынан қай­тару, одан бір нәтиже шы­ға­ру қиын.

Өкінішке қарай, дін сала­сын­дағы уәкілетті органдар көбіне-көп теріс ағымда жүр­ген жандарды оңалтуда мате­ма­тикалық есепке иек артады. Мәселен, саған 100 адамды береді де, белгілі бір уақыттан кейін қаншасын оңалттың, қанша адамды түзу жолға әкелдің деп сұрайды. Яғни олар үшін ең алдымен сан маңызды. Бірақ ондай адам­дар­­ды жат идеологияның шыр­­­мауынан шығаруда саннан гөрі сапалық нәтижесі ма­ңыз­дырақ. «100 теңгеге неше кәмпит алдың?» деген есеп-қисап идеологиялық жұмыста мүлдем жүрмейді. Өйткені жұмыстың нәти­жесін алдын ала болжап айту мүмкін емес. Мысалы, кейбір адамдарға дін туралы ештеңе айтудың қажеті жоқ. Себебі оның діни білімі түгіл, ең қарапайым сауа­ты да жоқ. Әліпті таяқ деп білмейді. Теріс діни жолда жүрсе де, аят пен хадисті түсін­бейді. Сондықтан ондай жанға дінді түсін­ді­ремін деп уақытты кетіргеннен гөрі, пси­хологиялық тұрғыда ық­пал жасау, ал жас бала болса, өзі­нің деңгейінде тәр­биелік жұмыс жүргізу қажет. Қандай білімі барына да мән беруге тура келеді. Соған байланысты әрбір адаммен жүргізілген оңалту жұ­мыстарының нәти­же­сі де әртүрлі болуы мүмкін. Осыдан-ақ дін сала­мат­ты­лы­ғы өзекті мәселе екенін байқауға болады.

– Өз тәжірибеңізде райы­нан қай­тып, түзу жолға келген адам­дар бол­ды ма?

– Қайтқандар да, қайтпа­ған­дар да болды.

– Неліктен қайтпады?

– Оны түсіндіру үшін мынадай мысал айтайын. Қазір екеуміз адасқандар туралы әңгіме қозғап отырмыз. Біздің пікірімізше, олар – құрбандар. Екеуміз тура жолдамыз. Құдай алдында жүзіміз жарқын, ниетіміз түзу деп үміт етеміз, соған сәйкес амал қыламыз. Әлгілерді мүсіркеп, дұрыс жолға ша­қыр­ғымыз келеді. Дәл осы ұстанымды 180 градусқа кері айналдырыңыз. Сонда қарасаңыз, олар да біз туралы: «Мына бейшаралар адасып, ақиқат жолды таба алмады-ау. Қанша діни насихат айтып жатырмыз, бірақ жүректеріне жарық нұр түспей қойды», деп екеуміздің сыртымыздан дұға тілеп отыруы әбден мүмкін. Яғни біз оларды қалай адасқандар деп санасақ, олар да біз жайында дәл солай ойлайды.

Теріс ағымға түскен адамнан гөрі, араққа салынған мас­кү­неммен немесе наша­қор­мен жұмыс істеу әлдеқайда оңай. Себебі олар өздерінің соған тәуелді болып қалғанын түсінеді, арақ ішу мен есірткі шегуді дұрыс деп есептемейді. Бірақ одан бас тарта ал­майды. Ал діни радикалдардың ерек­ше­лігі – өздерін адасқан деп санамайды, түбегейлі дұрыс жолдамын деген түсінікте. Ке­рісінше, сен олар үшін адас­қан адамсың, тіпті кәпір­сің. Ең қауіптісі де сол: өзінің бұрыс жолда екенін түсінбеу. Сондықтан оларды дәс­түрлі дін жолына, қазақы дүние­та­нымға қайтару – қиынның қиыны.

– Солардың қоғамға қау­­пін білу мақсатында өз тә­жіри­­беңізден бір-екі мысал кел­тіре аласыз ба?

– Мен Астанада түрмеде отырған бір жігітпен жұмыс істедім. Өзі әскери адам, мамандығына сай қызмет істеп жүріп, жат ағымдардың құ­рығына түскен. Жақсылап дайын­дық жасаған. Жоспары бойынша министрлікке басып кіріп, жоғары лауазымды тұлғаны кепілдікке алып, мемлекетке талап қой­мақшы екен. Сондағы талабы – қыз­дардың мектепке орамалмен баруына рұқсат бергізу. Бірақ ол өз ойын іске асыра алмады. Тиісті органдар оның жос­парын алдын ала біліп, қол­ға түсіріп, бірнеше жылға соттап жіберді. Айта берсе, мұн­дай оқиғалар өте көп. Бұл – қо­ғамдағы діни ахуалдың қаншалықты қауіпті екенін біл­діретін бір ғана мысал.

 

Тәңіршілдікке заңмен тыйым салу керек

– Біз көбіне деструктивті діни ағым дегенде ислам атын жамылған топтарды ес­ке аламыз. Дегенмен ке­йін­гі уақытта тас лақтыр­саң, тәңір­шілдің басына тиетін болып жүр. Интер­нет­те солардың сойылын со­ға­­тындар көбейе түскен­дей. Теолог ретінде бұған ойы­ңыз қалай?

– Тәңіршілдерміз дегендерге соттың үкімімен заңды түрде тыйым салатын уақыт жетті. Олардың іс-әрекеттеріне және айтып жатқан сөздеріне құ­қықтық тұрғыда баға бе­ріл­се, соттауға және түбегей­лі тыйым салуға негіз болатын жағдай жеткілікті. Әлеу­мет­тік желінің өзінде елдің ауызбіршілігін бұзудан бас­тап, діни алауыздық қоз­дыруға дейінгі дәлелдер то­лып тұр. Бірақ біз, жеке адамдар, айтамыз да қоямыз. Өкінішке қарай, осы іске бастамашы болатын ұйым жоқ. Ешкім оны өз мойнына алғысы келмейді.

Тәңіршілдік қозға­лы­сы­ның қаупі неде? Ол – еліміздің мемлекет ретінде әрі қарай дамуына және ұстанған сая­сатын жүргізуіне кедергі кел­ті­ретін кесапат. Сәлафизм идеологиясы да 90-жылдары тура осылай басталған болатын. Алғашқыда көп адам мән бермеді. 20 жылдан кейін ағым ұстанушылары ел ішінде теракт жасай баста­ған­да ғана есімізді жиып, әр­е­кетке көштік. Тәңір­шіл­­дікті ту қылып жүр­ген­дер­дің де ертеңгі күні қан­дай қадамға баратынын дөп басып айту қиын. Қазір олар билікке келуге барынша тырысып жатыр. Өнер адамдары, тарихшылар, айтыскерлер арасында олардың идеясын қолдайтындар баршылық.

Бұл жерде дін мәселесі емес, ең бірін­шіден мемлекет мәселесі, ел­дің ертеңі күн тәртібінде тұр. Өйткені мен дінтанушы ретінде бұл құ­былыстың қайдан келіп жат­қанын бай­қап отырмын. Тәңіршілдікті қоздырушылар шетелде отыр, сол жақ­тан шаланы көсеп, отқа айналдыруға тырысады. Бұған байыппен зер салуымыз керек. Қазіргі көріп отыр­ғанымыз – тек бас­тамасы. Егер дер кезінде ты­йым салып, құқықтық нормаға сай шешімін таппасақ, ертең оның салдары қиын болуы мүмкін.

– Әңгімеміздің соңында сыбайлас жемқорлық жайын­да бір сұрақ қойсам. Қа­зір әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Әділ қоғам үшін жемқорлық – мүлдем жат ұғым. Ал бұған қатысты дініміз не дейді?

– Дінімізде қолыңа бе­рілген мүм­кіндікті адал пай­далану туралы айтылады. Билік те соның қатарында. Әрбір адам белгілі бір лауа­зымға кел­генде адал ең­бек ету туралы уәде береді. Әр қызметтің лауазымдық нұс­­қау­лығы бар. Егер сол нұс­қаулық бо­йынша жұмыс істе­се, пара деген пәле болмас еді.

Құқықтық мемлекетте заң жемқор­лық­қа қалай тыйым салса, әлемдік діндердің қай-қайсысында да оны үлкен күнә ретінде қатаң айыптайды. Бұл – өзіңіз айтып жатқан әділ қоғам құруға қарсы бірден-бір ауыр қыл­мыс. Қолдағы қызмет – бізге берілген аманат. Ама­нат­қа қиянат қылу – үл­кен күнә­лардың бірі. Жеке бас­тың пайдасы үшін ұлттың байлығы мен қазынасына қол салу – одан да үлкен қия­нат. Мұндай құқық бұзу­шы­лықтарға бармас үшін әрбір адамның бойында отан­шыл­дық және ұлтқа, елге деген жанашырлық сезімі болуы керек. Әділетті Қазақстан құру­дың негізі осында. Бұл мәсе­ле­ні тек заңмен тыйым салу арқылы түбегейлі шешу қиын. Ең алдымен адамның өз ішкі қарсылығы болуға тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»