«Сіз менің қателіктерімді қайталамайсыз деп үміттенемін»
Діни экстремизм мен терроризм қазіргі әлемдегі басты қауіптердің біріне айналды. Дінді басты қаруына айналдырған деструктивті діни ағым өкілдері бүгінде қоғамдағы келеңсіз әрекеттерін жүзеге асыруға ұмтылуда.
Деструктивті діни ағымдарға түсіп, кейін істеріне өкінетіндер қаншама. Сондай жандардың бірі – Саят (аты өзгертілді). Бала кезінен тәртіпке бағынып, спортпен шұғылданып, ата-анасының үмітін ақтағысы келген жас жігіт өзінің деструктивті діни ағымның құрбаны болғанын және осы тұйық шеңберден қалай шыққанын редакциямызға айтып берді.
Балалық шақ
Мен өзім солтүстік өңірінің тумасымын. Біздің отбасымыз, солтүстіктегі көпшілік сияқты негізінен орыстілді. Салт-дәстүр мен діннен хабарым болды деп айта алмаймын. Кішкентай кезімнен ұяң бала болдым, сондықтан әкем мені спортқа, дәлірек айтсақ, күреске баулыды. Үйдің тұңғышы болғандықтан, өзімді үлгі тұтқан інім мен қарындасымның алдында жауапкершілікті сезіндім. Әкем менің тәуелсіз, жауапкершілігі мол адам болғанымды қалап, мені спорт интернатына оқуға берді. Сөйтіп, мектептен интернатта тәрбиеленіп, Алматыда оқыдым. Өйткені, спорт бар жерде әдетте темірдей тәртіп, күнделікті жаттығулар, үздіксіз жарыстар болады.
Дінге кіріспе
Уақыт өте келе әр спортшыда болатын шығар, есейгенде түрлі жарыстарға барасың, өзіңмен жасты жігіттер кездесіп, біреуге еліктей бастайсың, соған ұқсағың келеді. Мен өзімнен екі жас үлкен жігітпен дос болдым. Намаз оқыды. Ол сөйлесетін достары да өзі сияқты жігіттер тұғын. Мен олардың компаниясына қосылып, олармен тығыз араласа бастадым. Маған намаз оқуды үйретіп, Ислам әлемімен таныстыра бастады. Осы жігіттердің арқасында менің өмірім түбегейлі өзгерді.
Намаз өмірімнің мәніне айналды
Осылайша жамағат болып күн сайын бірге намаз оқи бастадық. Кешке олар уағыз тыңдауға жиналатын. Шынымды айтсам, иманым күшті еді, уағыз кештерін мүлде қалдырмайтынмын. Менің сүйікті уағызшыларымның бірі Дарын Мубаров болатын. Бұл кісінің әрбір сөзіне қаншалықты сенгенімді қазір сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сол дүниеге жүз пайыз беріліп, фанатқа айналдым. Намаз оқымайтын адамдармен араласқанда, оларды кәпір санайтын дәрежеге жеттім.
Отбасылық байланыстардан бас тарту
Інім мен қарындасым, әке-шешем намаз оқымайтын. Мен оларды қанша намаз оқуға мәжбүрлесем де, ештеңе шықпады. Кейіннен олардан көңілім қалғандықтан, оларды кәпір санай бастадым және барлығымен байланысты үзіп, отбасымды тастап кеттім. Иманды «бауырлар» мұндай күнәһарлармен араласпаған дұрыс деп айтатын. Сондықтан туыстарымды көрмей қалдым.
Тұмандағындай
Әркім өз жолы мен «сенімін» ең дұрыс деп санайды. Мен дәл осындай сеніммен жүрдім. Мектепке бірге барған бала. ең жақын досым намаз оқығанымды көріп, бұл дұрыс емес деді. Ол маған имамдардан үйренуге кеңес берді. Ал мен үшін ол кездегі имамдар онсыз да күнәһар еді, қалғандарынан артық емес. Осылайша, мен де ескі достарыммен байланысты үздім. Үлкен ағамыз бізге үнемі әр түрлі тапсырмалар беріп отыратын, кейде олар заңды болмады. Сондай тапсырмалардың бірі – жастарға кітап таратып, уағыз-насихат айту арқылы ілімімізді тарату еді. Неғұрлым көп кітап сыйласаң, соғұрлым игі істер атқарылатынын айтты. Шынымды айтсам, ол кезде радикалды мазмұндағы кітаптарды таратып жатқанымды айтса да, сенбес едім. Мен жастарды жинап, иман туралы, Ислам туралы түсінігім туралы, елімізге басып кірген кәпірлермен күресу керектігі туралы айтатынмын.
Мәселелеріңізді өзіңіз шешіңіз...
Уағыз айтып, кітап таратып жүргенімде мені ұстап алып, полиция бөлімшесіне алып кетті. Кейін білдім, дәл осы кітаптарға тыйым салынып, сот шешімімен экстремистік және террористік деп танылғанын. Ол кезде мен үшін білім қоймасы болған кітаптарды таратқаным үшін еркіндігімнен айырылып қаламын деп ешқашан ойламас едім. Қиналған соң үлкендерге хабарластым, бәрі теріс айналып, барымды ұмытты. Олар маған мәселемді өзім шешуімді айтты. Соттан кейін темір тордың ар жағында отырғанымда бізге түрлі имамдар, дін мамандары келді. Олар шындыққа көзімді ашып, басымнан өткен оқиғаны түсіндіріп, көп жылдар бойы батпаққа батқан тұңғиықтан шығуыма көмектесті. Олар маған керісінше және мүлде басқа жағын көрсетті, олар маған нағыз Ислам таза, мейірімді екенін көрсетті. Сонда мен таңдаған бағытым қате, жалған екенін түсіндім.
Өкініш
Енді бостандыққа шықтым. Ата-анамның, туыстарымның, достарымның алдында қателігімді түсіндім. Қарым-қатынас шеңбері өзгерді. Өз кәсібімді аштым. Менің оқиғаммен танысқан әрбір адамға айтарым, дінді білгіңіз келсе, мешітке барып, имамдарды ғана тыңдаңыз. Мен жасаған қателіктерімді қайталамай, соқыр, жат сенімге алданбауларыңызға шын жүректен тілектеспін.