Өте қауіпті белгі – әлеуметтанушы мешіттегі төбелес жайлы
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Шымкенттегі мешітте болған төбелес жайлы пікір білдіріп, оның қауіпті белгі екенін ескертті. Елдегі елдегі діни саясатты өзгерту маңызды екенін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айтқан қауіп расталды
Серік Бейсембаевтың жазуынша, Қазақстан алдында тұрған ең басты сынақтың бірі – бұл өзінің саяси және қоғамдық институттарын инклюзивті ете алуында. Қоғам жылдан жылға күрделеніп бара жатқанын оңай байқауға болады дейді ол. Сөзінше, мәдени, әлеуметтік және идеологиялық алуандық артып, бұл процес жалғаса береді. Осы орайда мемлекеттік саясат адамдар арасында ортақ құндылықтар мен мүдделерді тоғыстыруға бағытталуы тиіс деп есептейді. Бірақ мемлекет деңгейінде бұл ұстаным "біз әртүрліміз, бірақ біргеміз" деген ұраннан аса алмай жатқанын атап өтеді.
– Жақында мешіттегі болған жағдай – өте қауіпті белгі (егер расында бір адам екіншісін тек "әминді" дауыстап айтқаны үшін ұрған болса). Және бұл жанжалдың туындауына алып келген, мемлекет қалыптастырған "дәстүрлі" және "дәстүрлі емес" ислам деген дискурсы, және соның негізінде жасалған саяси қадамдар. Бұл дискурсты біз зерттеушілер ең басынан бері сынадық, оның діни алауыздыққа алып келетінін және өшпенділік тудыратынын ескерттік. Енді міне, біз айтқан қауіп расталған секілді, – деп жазады сарапшы Qogammetrika телеграм-арнасында.
Елдегі діни саясатты өзгерту маңызды
Әлеуметтанушы түрлі ұстанымдағы адамдардың қақтығысы кез келген қоғамда барын, бірақ бұл жағдайда екі түрлі діни көзқарас арасындағы қайшылық институционалды түрде көрініс тауып отырғанын айтады.
– Неліктен бұл жанжал мешіт ішінде орын алды? Себебі, мешіттерде 2016 жылдан бері намаз кезінде "әминді" дауыстап айтуға тыйым салынған, мұндай шектеу ішкі жарғы ретінде ғана бекітіліп қана қоймай, әкімшілік кодекске арнайы норма ретінде енгізілді. Яғни "әмин" үшін адамдарға штраф салынды (оның көптеген кейстері бар).
Бұл елдегі "діни экстремизммен" күрес науқаны аясында енгізілген көп шектеудің бірі болатын. Яғни, атқарушы билік өз қолымен осындай жанжалдың туындауына жағдай жасады. Сондықтан, мәселе тек қол көтерген адамда емес, оның осы әрекетке баруына алып келген саяси контексте. Сәйкесінше, мұндай алауыздықтың өршіп кетуіне жол бермеу үшін елдегі діни саясатты өзгерту маңызды. Бұл саясатты экстремизм мен қауіпсіздік тақырыбынан ажыратып, адамдардың діни бостандығы мен әлеуметтік келісім тұрғысынан қайта қарау керек, – дейді Серік Бейсембаев.
Мешіттегі оқиға
Желі қолданушыларының айтуынша, төбелес Шымкент қаласындағы «Abdusattar» мешітінде болған.
Имам «намаз үстінде «Әмин» деген сөзді дауыстап айтуға болмайды» деп ескерткен. Алайда бұл ескертуді елемеген бір адам «әмин» деп дауыстап айтқан. Бұған шыдамаған біреу әлгіні бетінен ұрып, шалқасынан түсіреді. Желі қолданушылары оқиғаны қызу талқылады.
Көп өтпей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Оқиғаның қалай болғанын мешіт имамы айтып берді.
Дерек: ulysmedia.kz