Бапи «псевдодіни авторитеттерге» қатысты бас прокурор мен ҚМДБ-ға жүгінді
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «жалған діни беделдерге» қатысты бас прокурор Берік Асылов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігінің тілшісі.
«Бүгін мен бір жағынан азаматтардың жеке мәселесі сияқты көрінсе де, қоғамдық тұрақтылық тұғырын теңселтіп, ұлттық мәдени бірегейлік пен еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп төндірер қатерлер төңірегіндегі тақырыпты қозғамақпын. Сөз нәзік діни дүниені жалбағай жамылып, елдің интернет әлемінде халықтың санасына манипуляция жасайтын «псевдодіни авторитеттер» турасында болмақ. Турасын қаймықпай айтқанда, дүмше догманы тықпалаған бұл қарабайыр діндарлар біздің ұлттық ұстанымды ірітіп, мемлекетіміз бен қоғамның тағанын теңселтуде», - деді Бапи сәрсенбі күні мәжілістің отырысында.
Ол соңғы аптада біз бірер осындай даңғаза дабыраның куәсі болғанымызды еске салды.
«Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір «имам-сымақ» үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне «сыйға тартқанын» жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек», - деп баса айтты ол.
Оның пікірінше, «адам түгілі, хайуанға жанашырлық танытуды дәріптейтін дін өкілі өз әйелін хайуаннан бетер етіп, ашық сыйға беруі – қоғамдық жазғыруға пара-пар қылмыс саналуы тиіс».
«Ал мұны бүкіл елге дәріптеген подкаст иесі журналист қарындасым Жанар Байсемізова ең құрығанда журналисттік этиканы, кәсіби салиқалықты сақтамауы – нағыз хайп қуу, ақырында оның өзі әкімшілік жазаға тартылды. Осы орайда ұлттық мәселені популизм жолында құрбан етуге құштар журналист әріптестер мен масс-медианың басқа да өкілдерін кәсіби, адами және азаматтық ұстанымға берік болуға шақырманын. Әрбір редакция мен журналистің есінде болсын: мыңжылдық ұлттық мұраттарқа қастық жасауға, кісіби сананың іріп-шіруіне жол берілмеуі тиіс. Мұндай сандырақтарға жол беру – заңға өрескел қайшы әрекет деп саналуы керек», - деп есептейді мәжілісмен.
Бапи атап өткендей, «екінші бір керанау көрініс – Наурыз мерекесі ислам дініне жат мейрам деп жаниялаған сақалы бар мұрты жоқ біреудің видео-былжырағы».
«Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі. Тақуаның ел ішіне тарап бара жатқан түрпі тілімен айтқанда: Иншаллах, қоғамды шулатқан қос қиқушы әкімшілік жазаға тартылып, оларға айып салынды. Бірақ, құрметті бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарқышақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді. Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын», - деп атап өтті депутат.
Соңында, оның ойынша, бұл мәселенің терең және қауіпті тамырлары бар, ол ұлттық құндылықтарға және мұраға айтарлықтай зиян келтіреді.
«Ең бастысы - бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Сырттан сіңген теріс діни усойқы уағыз, әсіресе, буыны бекімеген жастардың сарыуыз санасына желімдей жабысып, оларды ұлттық салт-дәстүр дағдысынан айырудың айласын жасауда. Олардың сиқырына алданған, дәстүрлі құндылықтардан қағылу, елдік мүддеден ажырау қатеріне іліккен жастар «жоғалған ұрпаққа» айналуы ғажап емес. Теріс діндарлар риторикасындағы о дүниеге барып, көріп келгендей айтылатын махаббат жұмағы мен «нәпсі ләззатына кенелу» насихаты нақты руханияттан жұрдай, табиғи руханилықпен ешқашан сыйыса алмайды. Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту - харам. Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар - харам, ешқайсысын тойлауға болмайды. Яғни, біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен», - деді Бапи.
Яғни, депутаттың атап өтуінше, түркі дәстүрінен тамыр алған құндылықтарға жат және қабылдауға болмайтын нәрселер.
«Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: «егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар? Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар? Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?» - деп сұрады мәжілісмен.
Оның сөзінше, шын мәнінде біздің бүгінгі қоғам адасу алаяқтығы шылауына шырмалып, «ақпараттық терроризм» деп атауға болатын қиянатты құбылысқа тап болды. Бұны қоғамдық жүйенің құндылықтарын нақақ қирату, түсінік пен түйсікті теріс жолға салу, адамдар санасына маңызы өзгерген мән-мақсатты агрессивті түрде сіңіру құбылысы деп қабылдау қажет.
«Іс жүзінде халықтық, қазақтық ұлттық дәстүрлерге қарсы шығу - Қазақстанның конституциялық құрылысына қарсы шығу деген сөз. «Қазақстан - зайырлы мемлекет» деп, Атазаңда атап көрсетілген қағидатқа діни даңғазамен қарсы шығу - қылмыс. Егер біз бұл теріс догмаға бүгін өте қатаң және жүйелік тойтарыс бермесек, ертең тіземізді тістелеп, қапыда қалуымыз әбден мүмкін. Оның күрт кереғар нәтижесі бізге адам айтқысыз ауыр тиері кәдік! Біз қыр арқасы қырқылған, ішкі дүниесі тұлдай, таным-түйсігі быт-шыт болуы шынайы ықтимал қоғамды құтқаруға дәл бүгін кіріспесек, бұл кереғар жағдайды түзеу әрекетінен кеш қаламыз. Кері қайту қиын болады: рубикон тақау қалды», - деп баса айтты депутат.
Ол бүгінгі таңда жастардың көзқарасы мен сенімдері мешіттерде емес, әлеуметтік желілерде қалыптасатынын атап өтті.
«Егер бұл ресурстарда ресми институттардың жүйелі, авторитетті және заманауи ұстанымы тапшы болса, бұл бос қалған кеңістікті қарабайыр және қауіпті пропаганда толтырады. Бүгінде өзінің сандырағын ресми ислам мен шариғаттың нормасына айналдырған, діни білімі кенде, діни статусы күдікті дүмшелер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалдық ой-әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда. Сөз соңында Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Мәселен, жоғарыда аталған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Қарапайым тілде «ДУМК» деп, қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауы тиіс», - деп сөзін түйіндеді Бапи.
Айта кетейік, Бапи «псевдо имам» деп Хазрет Курбанәлі Ахметті меңзеп отыр, оған «суфий шейхі», «Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы – ҚазТАГ) және Жамбыл облыстарының халифі» сияқты атақтар мен лауазымдар, сондай-ақ «Пайғамбар Мұхаммедтің ұрпағы» деген мәртебелер берілгені айтылады. 29 наурызда ҚазТАГ хабарлағандай, аталған тұлға провокациялық мәлімдемелерінен кейін айыппұл арқалаған.
«Наурыз мейрамының исламға қатысы жоқ деп мәлімдеген мұрты жоқ, сақалы бар адам» ретінде Бапи TikTok-та қазақтың ұлттық мейрамы туралы айтқан сөздерінен кейін алауыздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта ұсталған 1991 жылғы ер адамды меңзеп отыр.
Фото көзі: business-gazeta.ru және syrmedia.kz