Соқыр сенім – адасудың бастауы
Ислам діні адамгершілікті, мейірімділікті және парасаттылықты насихаттайды. Бірақ соңғы жылдары діни сауатсыздықтың салдарынан қоғамда псевдосалафизм сияқты жалған ағымдар белең алды. Олар қасиетті Құран мен хадистерді дұрыс түсінбеген күйде, өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Діни сауатсыздық пен әлеуметтік мәселелер радикализмнің жайылуына қолайлы орта қалыптастырады. Ержан (аты өзгертілген) – тағдырдың сынына түскен 1 топ мүгедегі. Жасында жарақат алып, екі көзі бірдей суқараңғы болып қалған. Қиындыққа көндіге алмай, қоғамға кектенеді. Түнектен алып шығар сәулені бүлікшілер ордасынан іздейді. Шам жерінде қарға - құзғынға жем болған мүрделердің арасынан зұлымдықты дәріптейді.
- Ержан, өзіңіз туралы толығырақ айта отырсаңыз.
- Мен Орталық Қазақстан, Ұлытау өңірінде қарапайым отбасында дүниеге келдім. Үйде 4 ағайындымыз, өзімнен кейін 3 бауырым бар. Ата-анам еңбек адамдары. Бозбала шағымда жанарымнан айрылып, үмітсіз диагноз көңілде тас болып қатты. Қалаған оқуыма түсе алмай, Алматыдан кері қайттым. Кейін жұбайыммен танысып, үйленіп отбасы болдық. Ата-анам, мемлекеттен қолдау болып бизнеске қадам бастым. Жеке массаж кабинетін аштым. Уақыт өте келе, кәсібім берекелі болып, табысым да арта бастады. Алайда бұл кезде біраз таныстарым радикалды идеологтардың ықпалымен фанатизмге ұрынып, Таяу Шығыстан зұлымдықты тарата бастады, өздерінің жолын ақиқат деп, қазақтың болмысымен алысты. Ұлттың тарихи тамырына у құйып, мені өркениеттен бездіріп, өшпенділіктің ортасына тарта бастады. Шыны керек, бұл кезде қарсы ағымның жетегіне өзім де лезде ілесе кеттім. Себебі, өзімді қоғамнан тысқары күйде сезіндім. Бүкіл әлем маған қарсы, тек олар ғана менің жанымды түсінетіндей көрінді. Аяқ астынан менде пәтер, қомақты қаражаттар пайда бола бастады. Кейін ғана оның алдамшы дүние екенін түсіндім.
- Сәлафи бағытта қандай идеологиялық ұстанымдар насихатталды?
- Сәлафи бағыттағы сабақтарда радикалдық идеология күшейіп, тәкфиризм ашық жүргізілді. Егер біреу белгілі бір діни көзқарасты ұстанбаса немесе олардың түсінігіндегі «таза» Исламға сәйкес келмесе, оны кәпір деп санау үйретілді. Бұл идеология біртіндеп күшейіп, қоғамды іштей бөлуге, адамдарды бір-бірін айыптауға жетеледі. Тәкфиризм – өте қауіпті құбылыс, себебі ол қоғамда жікке бөлінуді күшейтіп, сенім мен діннің шынайы мәнін бұрмалайды. Бұл – жұқпалы індет секілді, бір адамнан екіншісіне өтсе, бүкіл қоғамды кәпір деп айыптауға дейін апарады. Соның салдарынан, адамдар бір-біріне күмәнмен қарап, жанашырлықтың орнына өшпенділік күшейе бастайды.
- Бір адам екінші біреуді кәпір деп жариялау арқылы қандай зардаптарға әкелуі мүмкін?
- Бір мұсылман екінші мұсылманды кәпір деп айыптаған кезде, бұл қоғамда жікке бөлінуге, алауыздық пен өшпенділіктің күшеюіне алып келеді. Қан төгу мәселесі дәл осы бір-бірін кәпірге шығару арқылы басталады. Бір топ өзін «таза сенімдегі» деп есептесе, өзгелерді діннен шықты деп жариялайды. Мысалы, менің жағдайымда олар менің мүгедектігімді пайдаланып, «сен басқа адамдар үшін үлгі болуың керек» деген желеумен өздерінің деструктивті әрекеттерін жүзеге асыруға мәжбүрледі. Олар мені видеоға түсіріп, он екі мүшесі сау адамдарды да осы іске шақыруға мәжбүр етті. Бұл әрекеттер кейіннен терроризмді насихаттау ретінде танылып, сотта айыбыма дәлел ретінде көрсетілді.
- Ержан, лаңкестерге неге ердіңіз?
- Білімсіздіктен... Ислам – терроризмге қарсы дін. Оның басты құндылығы – адам өмірі, әділдік, мейірім және даналық. Бірақ мен діни сауатсыз болдым, сондықтан жалған діни ағымдардың ықпалына оңай түсіп қалдым. Менің адасуыма себеп болған – псевдосалафизм, яғни өзін «таза дін» деп көрсететін, бірақ шын мәнінде дінге ешқандай қатысы жоқ радикалды идеология. Бұл ағым тек қана сыртқы күштердің мүддесіне жұмыс істейді және мұсылмандарды бір-біріне қарсы қояды. Олар Құран мен хадистердің шынайы мәнін түсінбейді, керісінше, олардың мағынасын бұрмалап, тура мағынада (буквализм) қабылдайды. Діннің негізгі мақсаты – бейбітшілік пен ізгілік екенін мүлде ескермейді. Радикалды идеологтар адамның эмоциясын, әсіресе әділетсіздікке деген ашуын, қоғамнан оқшаулануын пайдаланады. Олар діни сауаты жоқ адамдарды арбап, оларға жалған үміт береді, өздерін «ақиқат жолындамыз» деп сендіреді. Осылайша, мен де олармен бірге болсам, шынайы Исламды ұстанамын деп ойладым. Бірақ шын мәнінде, мен адасып, олардың идеологиясының құрбанына айналдым. Менің қателігім – дінді түпкілікті зерттемей, бірінші естіген ақпаратқа сене салғаным. Егер мен шынайы ислам ғұламаларының сөзін тыңдап, терең білім алғанда, мұндай қателікке жол бермес едім. Енді менің ең үлкен мақсатым – осындай қателіктерге басқа адамдардың түспеуіне көмектесу.
Сақтану – саналы қоғам кепілі. Ержанның оқиғасы – қоғамға сабақ. Діни сауаттылықты арттыру, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру – біздің басты міндетіміз. Өйткені қараңғылыққа түскен жан дұрыс жолды өз бетінше таба алмауы мүмкін. Ол үшін мемлекеттің, отбасының, жалпы қоғамның бірлескен жұмысы қажет. Соқыр сенім – адасудың бастауы. Ал ақыл, білім және дұрыс түсінік – жарқын болашақтың кепілі.