«Өз мәдени ықпалын кеңейтіп, беделін арттыруға бағытталған»: Қатар Астанадағы мешіттіке неге 8 млн доллар бөліп отыр?
Қатар мемлекеті Астанадағы мешітті жөндеуге 8 млн доллар бөлді. Бұл араб жұмсақ күшінің, діни экспансияның бір көрінісі ме әлде басқа да астары бар ма? Арабтанушы-шығыстанушы Жанат Момынқұлов Todayinfo.kz ақпарат порталына осы орайда пікір білдіріп, ойымен бөлісті.
Жанат Момынқұловтың айтуынша, Қатардың астанамыздың төріндегі әл-Фараби мешіті мен ислам мәдени орталығын немесе аймақтағы басқа да мешіттерді қаржыландыру жобалары белгілі бір мағынада “жұмсақ күш” (soft power) стратегиясына жатады. Мұндай “mosque diplomacy” (мешіт дипломатиясы) Қатардың сыртқы саясатында кеңінен қолданылатын тәсіл ретінде ол өз мәдени ықпалын кеңейтіп, аймақтағы беделін арттыруға бағытталған.
«Біріншіден, символдық, мәдени ықпал тұрғысынан, мешіттер мен ислам мәдени орталықтары тек діни қызмет көрсету үшін ғана емес, сонымен бірге мәдени, әлеуметтік, білім беру, ғылыми және қоғамдық шараларға да қолданылады. Бұл Қатарға аймақ елдерінде өз имиджін жақсартып, қайырымды донор, ықпалы бар қолдаушы ел ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Екіншіден, аймақтық бәсекелестік пен рухани-діни ықпал алаңында Қатар аймақта Түркия, БАӘ мен Сауд Арабиясымен бәсекелес ел ретінде саяси-экономикалық ықпалы шеутеулі болса да, ислам мәдени жобалары арқылы геосаяси әсерін де арттырады. Қатардың бұл әдісі тек идеологиялық саясатқа негізделмеген, оның шынайы мақсаты – діни дипломатия тетіктері арқылы өз стратегиялық ықпалын арттыру. Бұрын Қатардың Таяу Шығыстағы стратегиясы саяси исламдық топтармен де байланысты болғаны мәлім. Қатар он жыл бұрын араб аймағында “Мұсылман бауырлар” (Ихуан) ұйымын саяси қолдағаны анық. Тіпті саяси ислам әлсіреген немесе сәтсіздікке ұшыраған кезде, Катар өз аймақтық ықпалын сақтап қалған. Сонымен қатар, Қатар монархиясы үшін мұндай альянстар екі мақсатқа қызмет еткен еді: біріншіден, мұсылман әлемінде өз мүдделерін ілгерілету, екіншіден, халықпен және араб әлемімен идеологиялық байланысты нығайту, бұл билеуші отбасының легитимдігін арттыруға көмектесетін болған. Ал қазір сол араб аймағындағы геосаяси жағдай өзгеріп, аймақ саяси исламнан бас тартып, экстремистік ұйымдардың өздері Сирия мысалында жұмсарып, өмірге бейімделіп, араб әлемі де зайырлану (секуляризация, модернизация) үдерісін бастан кешіп жатқанда Қатардың мұндай қадамын пайдалы көмек деп қабылдау қажет шығар.
Үшіншіден, қауіпсіздік тұрғысынан, Қатар қаржыландыратын кейбір ұйымдар мен жобаларға қатысты әлемде алаңдаушылық болғаны рас, өйткені соңғы жылдары кейбір қатарлық қаржыландырулап Таяу Шығыстағы исламдық топтармен байланысы болғанын сарапшылар айтқан еді. Дегенмен, ол аймақтан алыста жатқан және мүлдем басқа қоғамдық, мәдени сипаты бар зайырлы Қазақстанда бұл қаржыландыру ресми түрде мемлекеттік бақылауда ғана жүзеге асады. Яғни экстремистік ықпалды шектеуге заңдық және әкімшілік механизмдер болдықтан анау айтқандай қауіпі жоқ», — дейді ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша мешітіміздің жаңғыртылуына 8 млн доллар бөлінуі бір жағынан Қатардың жұмсақ күш құралын пайдалануымен байланысты болса да, оны бірден “діни экспансия” деп бағалау асыра сілтеу болар еді. Өйткені сол мешітті кезінде Қатардың өзі 6,8 млн долларға салған, демек бұл сол өзі бастаған жобасын әрі қарай аяқтау әрекеті шығар, дейді ол.
«Қазақстан үшін басты мәселе, осындай сыртқы қаржыландыру жобаларын бақылау арқылы идеологиялық тәуелсіздікті теңгеру және діни білім беру инфрақұрылымын ұлттық стандарттарға сәйкестендіру. Айналып келгенде Астанадағы бас мешіттердің бірінің қайта жаңғыруы астанамыздың архитектуралық символикасын күшейтіп, дәстүрлі руханиятымыздың өзегі мен ұлтымызды біріктіретін ислам дінінің нығаюына қызмет ететін әрі қолдайтын бастама болары анық. Яғни, бұл дипломатиялық және мәдени ықпалдың бір түрі болса да арнайы бақылау және ашық саясат арқылы болуы мүмкін теріс ықпалын шектеу әрқашанда мүмкін болмақ. Меніңше, бұл Қатардың бұл көмегі Қазақстанның мәдени және діни инфрақұрылымын дамытуға үлес қосады», — деп ойын түйіндеді спикер.