Адасып жол тапқан Сәния Сәрсенқызының сұқбаты

Сәния Сарсенқызы

(Есімі өзгертілген)

 

  • Сәлеметсіз бе, Сәния ханым! Өзіңіз жайлы қысқаша таныстырып өтсеңіз.

Есімім Сәния, жасым 34 те, көп балалы отбасында Ақмола облысында дүниеге келдім. Ата-анам ертеректе айырылысып кеткен. Үлкен апам екуіміз анамызға қамқор боламыз деп кішкентайымыздан көп еңбек еттік.

  • Дінге бала кезіңізден жақын болдыңыз ба?

Ия, біз тұратын ауылда кішкентай мешіт болатын, әкеммен бірге сол мешітке барып намаз үйреніп, 5 сыныптан бастап намаз оқып бастадым. Барлығымыз отбасымызбен жамағат болып намаз оқу бір қызық болатын. Кейінірек ата-анам айырылысып, әкем басқа отбасыға кетті. Сол кезден бастап отбасымыздың берекесі кетіп, жағдайымыз қиындады. Тұрмысқа да ерте шығуыма осы түрткі болды.

  • Тұрмысқа ерте шықтым дейсіз, жолдасыңызда дінге жақын адам ба?

Жолдасым дінге жастайынан жақын болмаған, студенттік кезінде курстас достарынан намаз оқып үйреніп, қызығушылығы артқан. Біз жолдасымның ата-анасымен бірге тұрдық. Көбіне жолдасым жұмыс бабымен деп сыртта жүріп мені ата-енеммен қалдырып кететін. Жолдасым дін жолында жүргендіктен оған толықтай сенетінмін. Бес баламыз бар. Біраз уақыттан соң екінші әйел алу мәселесі жайында сөз қозғай бастады. Мен қарсы екенімді айттым. Уақыт өте елордаға көшіп келдік. Екінші әйел алу мәселесі тағы қозғалды. Мен өзіміздің ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінде екен деп жүргенім қате болып шықты. Жолдасымды қатты сүйгендіктен келісім бердім. Екі әйел бір үйде тұра бастадық. Екінші әйелі бала тумаған менен жасы үлкен болды. Жолдасым жоқта балаларыма қысым көрсетіп мен туралы жолдасыма өтірік айтып бопсалай бастады. Көптеген келіспеушіліктерден соң жолдасым мені бес баламммен үйден қуып шықты. Қазіргі таңда араласып, балаларының халін біліп ешқандай көмек көрсетпейді.

  • Неге жолдасыңызды өзге дінде дедіңіз? Осы жайында ашығырақ айта кетесіз бе, әрине қарсы болмасаңыз?

Жоқ, қарсы емеспін. Отбасымызбен ауылда тұрғанда барлығы жақсы болатын. Кейінірек елордаға қоныс аударған соң, ортасы өзгеріп танымайтын браттары көбейді. Жүрісі мен киім киісі, маған деген көз қарастары да ақырындап өзгере бастады. Көп сұрақ қойып артық сөйлеме, мен не айтсамда маған қарсы келуші болма, сен толықтай менің айтқанымды ғана тыңдауың керек дейтін. Сонымен қатар, туыстармен араласуымызға, туған күнмен тойларға баруымызға мүлдем болмайтын.

Қазір теріс діни ағым өкілдері исламды өздеріне ыңғайлы етіп алған. Әйел мен балалары алдындағы жауапкершілікке жеңіл қарайды. Жиі некеге тұру, талақ беру мәселелері, күнделікті әдетке арналған десем артық емес. Өйткені өзім куә болып жүрмін. Тек мен ғана емес, таныс құрбыларымның бастарынанда осындай жағдайлар жиірек орын алып жатыр.

  • Діни жолда жүргеніңізден бері өзіңіз және жақындарыңыз қалай өзгерді?

Жоғарыда айтып өткенімдей мен жастайымнан отбасымызбен бірге жамағат болып намаз оқып, дәстүрден аттап өткен емеспіз. Кейінірек тұрмысқа шыққан соң жолдасым түрлі уағыздар айтып, әйел кісінің міндеттерін естіген соң, өзгенің емес өзімнің қалай өзгергенімді байқамай қалдым. Қазір ойлап қарасам сол кездері өзім қатты өзгеріппін. Туыстарыммен аса араласпай, тіпті менің отбасым ол тек күйеуім ғана деген түсінікте болыппын. Әрине олда дұрыс шығар әйел адамның жәннәттық болуына басты себепкер сол ер азаматы. Дегенмен де жолдасыңның діни ұстанымы нағыз дәстүрлі дін болса, діни ілімі дұрыс алынған болса әрине ол сені жәннәттық етеді. Ал егер керісінше болса, жәннәтқа апарарына кім кепіл? Қазір ер азаматтарымыз (жат ағым ұстанушы) шариғаттың өздеріне қарасты тұстарын басым пайдаланып алған. Бір ғана мысал екінші әйел алу мәселесін жеңіл қабылдайды. Оны алғаннан кейін Алла алдында аманаты екенін ұмытып қалай оңай некелессе солай жеңіл талақ беріп, өз жауапкершіліктерінен қашқақтайды бұл әрине өте өкінішті.

  • Түсінікті, діни ақпараттарды және діни сұрақтардың жауабын қайдан іздейсіз?

Мен өз басымнан өткерген оқиғамнан соң, Нұр-Сұлтан қаласының Діндерді зерттеу орталығы мамандарының көмектеріне жүгініп, дінге қатысты қандай-да ақпараттар болса осы Орталық арқылы хабардар болып отырамын.

Қазіргі таңда, өзімнің таныс құрбыларымның осы Орталыққа келіп кеңестер алуына себепкер болып жүрмін.