Алиханова Зухраның сұхбаты

Бұл кәмілеттік жасқа толмай өмір жолында бейсаналық күйде шешімдер қабылдап, қателесу салдарының нәтижесінде өз ісінің терістігіне көз жеткізген қыздың (қазіргі уақытта ананың) берген сұхбатынан үзінді.

(Кейіпкердің есімі өзгертілген)

Бұл кәмілеттік жасқа толмай өмір жолында бейсаналық күйде шешімдер қабылдап, қателесу салдарының нәтижесінде өз ісінің терістігіне көз жеткізген қыздың (қазіргі уақытта ананың) берген сұхбатынан үзінді.

- Зухра өз отбасыңыз жайында қысқаша айтып бере аласызба?

- Қарапайым отбасында өмірге келдім. Ата-анаммен, бауырларыммен үлкен отбасында жоқшылықтың зардабын көріп өстім. Үйдің үлкені болған соң, мойыныма міндеттелген жұмыстар кейде өзімнің бала екенімді ұмыттыратын. Бауырларыма қарау, үйдің шаруасы, тамақ жасау барлығы күнделікті міндетім еді. Әкемнің жұмыссыз қалғаны қалағанымызды алып кие алмайтын, тәтті тамақ жей алмайтын күйге түсірді. Кей күндері туыстарымызға барып, азық-түлік сұрайтын халге түстік.

 

-Балалық шағыңыздан естелік болып қалар басқа қандай оқиғаларыңыз бар?

- Анамның үй шаруасы мен балалардан жұмыс жасауға мүмкіндігі болмады. Осындай тұрмыстық жетіспеушіліктен шаршап, күйзеліске түскен әкем мен анам жиі ұрысып, соңы қол жұмсау сияқты тартыстармен бітетін. Соның нәтижесінде ата-анам ажырасып, 5 бала анамызбен қалдық. Ата-анамның ажырасуы, болашаққа деген үмітімді бір сәтте тас-талқан етті. 15 жаста ақша тауып, анама бауырларымды жеткізуге көмектесіп, жан бағу алдыма қойған басты мақсатым болып қалды. Өмір жолында кедергілер мен қиындықтарға тап болмай бақытты өмір сүруді кез-келген адам армандайды....

 

- Болашағыңыңызды қалай елестететін едіңіз?

-Есейіп етек жинап, өзімді білгелі қиындықтан көз ашпағандықтан, қайткенде жақсы өмір сүрем деп алға ұмтылумен болдым. Үлкен қалада зәулім үйде, қымбат машинамен өз отбасыммен көп елестететін едім. Шет елдерге саяхаттау, сол елдерде өз баспанам, жеке кәсібім бар деген түрлі қиялымдағы ойларға беріліп, армандайтынмын.

 

- Жаңа жерде жаңа ортада сізге көмектескен кісілер болдыма?

- 8 сыныптық біліміммен кәмілеттік жасқа жетпеген соң ешқандай мекеме жұмысқа алуға ниет білдірмеді. Жұмыс іздеп аяқтан тозып күдерімді үзген соң, соңғы мүмкіндік базарға барып жалданып сатушы болу еді. Сол арапалыс, сол ізденіс нәтижесінде базардағы дүкеннің біріне сатушы болып орналастым. Сатушы етіп жалдаған дүкен иесі егде тартқан Гулбахар апай маған артығымен еңбек ақы, мереке күндері сыйақы беріп қуантатын. Уақыт өте жас және аңғалдығыма көзі жетіп, өзімнен едәуір жасқа үлкен жігітпен таныстырғысы келетінін айтты. Ол жігіттің намазхан, ақшалы, дәулетті отбасының баласы екенін айтып қызығушылығымды одан сайын арттырып кездесуге келісімімді алды.

-Сізге ең бастысы ол жігіттің қалталы болғандығы ұнады ма әлде намазхан жігіт болғандығы ұнады ма?

- Адам-саналы тіршіліктің өкілі десек те, дүниелік жағдайлар үстемдік құрып жатады. Бұл жігітке тұрмысқа шықсам, молшылық пен баршылықта қамсыз өмір сүретіндігімді армандап та үлгермедім. Танысып, сөз байласқан соң болашақта Мысыр елінде діни білім алып, ұзақ уақыт сонда тұруды жоспарлап жолға шықтық. Анамның ақ батасын алмай, күйбең тіршіліктен шаршаған соң жолдасыммен некемізді жамағат арасында жасырын қидырып, қол ұстасып кете бардым. Отбасын құрып, өзіміз жоспарлағандай Мысыр еліне жетіп, жаңа жерге бейімделе бастадық. Алғашында бәрі керемет, қымбат үй, қымбат көлік өмірдің кереметін сезініп бақыттан басым айналды. Өзімді күтіп тұрған өмірдің тосын сыйларынан бейхабар едім. Осылай уақыт зулап өте келе отбасымыз екі баламен толықты.

 

- Сізде елге оралу немесе елге деген сағыныш сезімі болды ма?

- Қиналған сәттерімде анам мен бауырларыма деген сағыныштан көз жасыма ерік беретінмін. Өз жерінен, елінен жыраққа кету адам баласына өте қиын. Жылдар өткен сайын сағынышым бәсеңдеп, өз отбасым, балаларыммен алданып өмірім жалғасып жатты. Ал туған жерді аңсауым жылдан жылға күшейе түсіп, елге оралу мәңгі арманыма айналғандай. Көңілім құлазыған сәттерде анаммен бауырларымды көріп қауышатын күнді елестетіп, қиялға берілетінмін. Бірақ жағдайым қандай қиын болса да, сағынышымды жасырып тағдырыма көнуіме тура келді. Өз таңдауым, өзім қалаған өмір жолы.

 

- Қиындықтарыңыз қалай басталғаны жөнінде қысқаша тоқталып өтсеңіз?

       - Жолдасымның мінезі Мысырға келген соң қатты өзгергенін және бұрыңғыдай емес ара-қатынасымыз суып бара жатқанын сезе бастадым. Шейхтардан діни білім алып жатырмын деген желеумен үйге жиі келмеуді шығарды. Келседе бөлме есігін тарс жауып, ұялы телефонынан уағыздар тыңдаумен болатын. Менде сабақтарына қатысайын деген өтінішіме шектеулер мен тыйымдар ғана еститінмін. Арлы-берлі өтіп жүріп уағыздардың басым көпшілігі содырлардың ұранды сөздері екенін құлағым шалып қалатын. Соңында содырлар сарбаздарының қатарына қосылып, солардың сойылын соғып, Шам еліне отбасымен аттанатынымызды жеткізді. Қарсылық танытқандықтан жиі ұрыстар мен түсініспеушіліктер орын ала бастады. Елден жырақ кетіп, өмірлік жарым, етегін ұстаған ерім үмітімді ақтамады, мені бағаламады деген өкініш өзегімді өртеп жатты. Қарсыласуға шама мен шара жоқ, көргенім қысым мен қорлық болды.

 

      - Елге оралу туралы нақты шешімді қай кезде қабылдадыңыз?

      - Ол кезде 4 баланың анасы болғандықтан балаларымды жетім, өзім жесір болудан қорқып көндігуіме тура келді. Арманымның алдағанын, болашағымың бұлыңғырлығына көзім жеткен кезде, туған елге қайтуды ойластыра бастадым. Жабырқаулы жүрген күндерімде өзіме демеу болған жандардың бірі жерлес құрбым еді. Оған жолдасыммен ажырасып, елге кеткім келетінін айтып мұңымды шаққанда, маған елге жету үшін көмектесетінін айтып, қолдау білдірген де осы құрбым еді.

 

- Қазақстанға жетіп, туған-туыстарыңызбен қауышқанда қандай сезімде болдыңыз?

 - Еліме деген сағынышым алға жетелесе, балалардың әкесіз қалатындығын ойласам кері тартатын. Жолдасымның іс әрекетіне деген ренішімнен, отбасылық өміріміздің өміршеңдігіне сенімсіз едім. Деседе, балаларымды әкелерінен жыраққа алып кетіп жатқаныма өзімді кінәлі сезіну артқа шегіндіретіндей күй кештім. Балаларыма деген жауапкершілікке немқұрайлылық танытып, жауаптылық танытпаған жолдасымның ісі, біржола елге кетемін деп шешім қабылдауыма түрткі болды. Жолдасым күнделікті жанымда болмағандықтан, балаларды жинап ұшаққа отыру қатты қиындық тудырмайтын еді. Барлық құжаттарымызды алып қойған жолдасым ешқайда кете алмайды деген сенімде болды. Құрбымның таныстары арқылы құжатсыз Қазақстанға ұшып, елге табанымыз тигенше қорқынышта отырдым. Жолдасымның таныстары көп болғандықтан, әуежайда күтіп тұрама деген мазасыздық басым еді. Белгіленген уақытта елге ұшып жетіп, туған жердің ауасын емірене жұтынып, көзіме ыстық жас алып жылаумен болдым. Анаммен бауырларымды арада ұзақ жылдар бойы көре алмай сағынғандықтан оларды құшағымнан жібермей ұзақ тұрдым. Ана мен баланың, бауырлардың кездесуіне куә болған түнгі аспанда, бізбен қосылып жылағандай тоқтаусыз жауын жауып тұрды.

      - Күрт өзгерген өміріңіз қазіргі уақытта қалай өтуде және болашаққа қандай мақсаттарыңыз бар?

      - Күндер зулап өтіп, елге оралған соң қатарынан қалдырмай балаларымды мектепке беріп, түрлі мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға арналған жеңілдіктермен үйірмелерге қатыстырып, оқыту орталықтарына беріп, балалардың болашағына деген жарқын қадамдар жасай бастадым. Өзім мемлекеттік бағдарламамен аспазшы мамандығын меңгеріп, атаулы қаржылай субсидия алу арқылы шағын кәсіпкерлікпен айналысып, ісімді жүргізіп бастадым.

Шет елде өмір сүргенін және көрген қиыншылықтарын естелік ретінде еске алған Зухра сәл ғана күрсініп, болашаққа басқан қадамына кедергі келмейтіндей әр ісін саралайтындығын сеніммен жеткізді.