«Сирия — өмірімнің ең ащы сабағы»: Айкөркемнің шынайы оқиғасы

Айкөркем Алматының аруы. Жастықтың отымен ерте тұрмыс құрды, ана атанды. Тағдыр бір-ақ  сәтте оны өзге елге, өзге майданға, өзге шындыққа алып барды. Айкөркем — радикалды идеологияның құрбанына айналып, Сириядағы соғыстан аман қалып, елге қайта оралған әйелдердің бірі. Қазір ол Қазақстанда, ательеде жұмыс істейді. Біз оның өз аузынан естіген шынайы оқиғасын ұсынамыз. Айкөркемнің есімі этикалық мақсатта өзгертілді.

Айкөркем, 2014 жылы Сирияға қалай тап болдыңыз?

— Шыны керек, ол кезде мен өте жас, әрі рухани ізденісте жүрген адам едім. 17 жасымда намаз оқи бастадым, бірден орамал тақтым. 18 жасымда тұрмысқа шығып, 2013 жылы қызымды босандым. Бірақ бір жылдан кейін күйеуіммен ажырастым. Себебі, ол теріс жолға түсіп кетті. Маған үнемі «Бұл кәпірлердің елін жою керек, мұнда қалуға болмайды!» - деп, жиі айтатын. Ал мен оның әрекетін қолдамадым. Біраз уақыт өткен жолдасым қолдан бомба жасап отырған кезде, абайсызда мертігіп қалды. Сол сәтте менде қоғамнан шеттету, кінәлау, жалғыздық сезімі қатты күшейіп кетті. Содан соң Түркияға кетемін деп шешім қабылдадым.

Неліктен Түркия мемлекетін таңдадыңыз?

— Бұрынғы күйеуімнің өлімінен кейін қысым көп болды. Туыстарым, отбасым, қоғам... бір жағынан «нағыз ислам мұнда жоқ» деген сенім болды. Ал Түркия арқылы Сирияға өту — сол кездегі кейбір топтардың "қасиетті жолы" саналатын. Содан соң 1 жасар қызымды алып Түркияға кеттім. Ол жақта 1 жылдай тұрып, Сирияға көшемін деп шештім.

Сириядағы өмір қалай басталды?

— Алғашқы жылы бәрі жақсы сияқты көрінді. Маған жесір ретінде ай сайын 50 доллар төлеп отырды. Ол ақша кішкентай қызым екеумізге жететін. Бірақ кейін бәрі өзгере бастады. Аспаннан тек қана жаңбыр емес, бомба жауатын күндер жиілей түсті. Әр ракета ұшқан сайын жүрегіміз аузымызға тығылып, окоп қазып, жерді паналайтын болдық. Тіпті бірде бомбежка кезінде қызымнан көз жазып қалдым. Сол сәт бәрін ұқтырды. «Мен мұнда не істеп жүрмін?» деп есімді жинадым. Жылап отырған қызыммен қауышқанда, бірден: «Бұл майданнан қалай да аман-есен қашып шығуым керек» - деп, айналамнан көмек іздей бастадым.

Ол жерден қалай аман шықтыңыз?

— Сирия жеріне кіру оңай болғанмен, шығу азаптың азабы. Ол жерде сені ешкім жәй жібере салмайды екен. Оның үстіне, әйелдер махрамсыз ешқайда еркін жүре алмайды. Содан соң қызым екеуміздің қауіпсіздігіміз үшін мен сол жақта екінші рет тұрмысқа шықтым. Дағыстандық азамат маған көмектесті. Ол да бұл майданнан қашудың жолдарын қарастырып жүрді. 2018 жыл. Айналамыздағы жолдың бәрі жабық. жол бойы миналарға, әскери адамдарға толып тұр. Бұл елден қашып жатқаныңды білсе, бірден атып тастайды. Бірақ соған қарамастан біз күрдтерге шығатын, минаға толы жолды таңдап, сол жаққа қарай бет алдық. Қаншама сағатқа созылған жолымыз күрдтерге жеткізді. Оларға берілдік. Бізді «Аль-Холль» лагеріне орналастырды. Соғыстың, бомбаның, аштықтың аясынан құтылғаныма қатты қуандым. Кейін 2019 жылы «Жусан» операциясы арқылы Қазақстанға оралдым.

Бүгінгі көзқарасыңыз қалай? Өкінесіз бе?

— Әрине, бес күндік ғұмырда жастығымның 5 жылын теріс жолдың шырмауында өткізгеніме қатты өкінемін. Бірақ... бұл — өмірлік сабақ. Қателескенімді мойындаймын. Мен ол жерге соғыс үшін емес, «дін үшін» деп бардым. Бірақ ақиқат мүлде басқа болып шықты. Мен үшін бұл — сынақ. Еліме, Отаныма, отбасыма мені жылы құшақпен, қателігімді бетіме баспай, қайта қабылдағандарына алғысым шексіз!

Бүгінде немен айналысасыз?

— Тігіншімін. Цехта жұмыс істеймін. Қызым мектепте оқиды. Ешкімге өкпем жоқ. Тек бір ғана тілегім бар — жастар менің жасаған қателігімді қайталамаса екен.