"Екінші мүмкіндік". Сириядағы соғыстан оралған қазақтардың қазіргі өмірі
Қазақстан Сирия мен Иракқа кетіп, ДАИШ террор тобына қосылған 500-ден аса азаматын елге әкелді. Соғыс аймағынан оралғандардың көбі – әйел мен бала. Сирия мен Ирактан жеткізілген ондаған ер адам ДАИШ сапында соғысқаны үшін сотталып, түрмеде қамалды. Ал әйелдер мен балаларды қоғамға бейімдеу шарасы жүріп жатыр. Ұлыбритания, Швеция, Франция, Норвегия сынды Батыс елдері соғыс аймағына кеткен азаматтарын елге әкелуге жүрексініп отыр. Олар ДАИШ-қа қосылғандар елге оралса радикализм қаупі артады деп санаса, Қазақстан тәуекелге бел байлады. Сирия мен Ирактағы соғыс аймағына барған қазақстандықтар елге қалай оралды? ДАИШ террор тобына қалай қосылды? Қазіргі өмірі қандай? Шахида Туляганова "Екінші мүмкіндік" фильмінде осы сұрақтарға жауап іздейді.
дереккөз: Азаттық радиосы