Спорттан келген қатер

Діни эстремизм мен терроризм адамзат үшін үлкен қауіптің біріне айналды. Дінді басты қаруларына айналдырған жат ағым өкілдері, бүгінде өздерінің арам пиғылдарын қоғам арасында іске асыруды көздейді. Дәстүрлі емес діни ағымға түсіп, кейіннен өкініп, опық жейтіндер қаншама?! Соның бірі, қазақтың қара баласы Ануар (есімі өзгертілген). Бала кезінен тәртіпті, спортпен шұғылданып, ата-анасының үмітін ақтаймын деп жүрген жас жігіт деструктивті діни ағымның құрбаны болып, ол жолдан қалай шыққаны жөнінде редакциямызға айтып берді.

Балалық шағы

Өзім Солтүстік өңірдің тумасымын. Шыны керек тәрбиеміз де, тіліміз де орыс шатыс болды. Діннен де, дәстүрден де хабарым болды деп айта алмаймын. Бала кезімнен жуас болғандықтан, әкем спортқа баулып, күреспен айналыстым. Үйдің үлкені ретінде, артымнан ерген інім мен қарындасымның алдында жауапкершілігім бардай сезінетінмін. Сол бойдағы жауапкершілігі артсын деді ме, әкем спорт интернатына оқуға жіберді. Осылайша, мектеп кезімнен интернатта тәрбиеленіп, Алматыда білім алдым. Спорт болған жерде, темірдей тәртіп, күнделікті жаттығу, көптеген қалаларға жарыстарға баратынбыз.

Спорттың арқасында Ислам әлемін таныдым    

Кейін есейе келе, жарыстарға барасың, өзіңмен қатарлас жігіттермен танысасың, олармен сөйлесе келе, ұнағандарына еліктей бсстайсың. Менің де басымнан осы жағдай өтті. Өзімнен екі жас үлкен бір жігітпен жолдас болып, араласып кеттік. Намазхан жігіт еді. Араласатын достары да дәл өзі сияқты жігіттер екен. Өз ортасына тартып, досымның жолдастарымен етене араласып кеттік. Мені де намазға тартып, Ислам әлемімен таныстыра бастады. Сол жігіттердің арқасында намаз бастап, өмірім күрт өзгерді.

Намаз өмірімнің мәніне айналды

Осылайша күнде бәріміз бірігіп, жамағат болып намаз оқимыз. Кешке жиналып уағыз тыңдаймыз. Шыны керек, Иманым деген шарықтап тұрған шақ, уағыз тыңдайтын кештерден мүлдем қалмайтынмын. Сүйікті уағызшыларымның бірі - Дарын Мүбаров еді. Сол кісінің әр айтқан сөзіне қалай сенгенімді қазір сөзбен жеткізе алмаймын. Ислам әлеміне жүз пайыз беріліп, фанат болдым. Намаз оқымайтын адамдармен сөйлессем өзімді күнахар сезінетін жағдайға жеттім.

Ата-ана, туған-туыстан безіп кеттім…

Бауырларым мен әке-шешем намаз оқымайтын. Оларды намазға қанша мәжбүрлесем де, дым шықпады. Сосын, бәрінен көңілім қалып, ешкіммен араласпай кеттім. «Браттар» ондай күнахарлармен араласпағанымның дұрыс екенін айтатын. Ауылға да баруды қойдым. Осылайша ағайын-туысты көрмей кеттім.

Жат ағымның жетегінде екенімді сезбедім

Әркім өз ұстанған жолын, «ақидасын» ең дұрыс деп таниды. Менде дәл солай жүрдім. Бірақ, бірге мектепте оқыған досым, менің намаз оқығанымды көріп, дұрыс еместігін айтқан болатын. Сол кезде ол досыммен де араласпай кеткем. Кейіннен, жоғарыда айтқан «браттар» көп кітаптар беріп, соларды ел-жұртқа таратуды тапсырды. Қаншалықты көп таратсам, соншалықты көп сауап жинайтынымды айтты. Шыны керек, ол кезде радикалды мәтіндегі кітап таратып жүргенімді білмедім. Жас жеткіншектерді жинап алып, соларға өзімнің бар білгенімді айтып, кітаптарды қолдарына ұстатып жіберетінмін. Кейін, сондай бір кітап тарату кезімде полиция бөлімшесіне алып кетті. Анықтай келе, ол кітаптар елімізде тыйым салыған, радикалды бағыттағы әдебиеттер қатарында екені белгілі болды.

Кітап үшін түрмеге түстім, кейін есімді жидым...

Кітап таратып темір торға жабыламын деп үш ұйқтасам түсіме кірмепті. Басыма іс түскенде жаңағы «браттарыма» хабарластым, бәрі теріс айналды. Өз ісіңді өзің шеш деді. Темір торда отырғанымды ол жерге теологтар, әртүрлі білікті мамандар келетін еді. Көзімді ашқан да сол кісілер. Исламды басқа қырынан көрсетті. Бағытымның дұрыс болмағанын түсіндім. Қазір түрмеден шықтым. Ата-анамнан, туған-туыстарымның алдындағы қателігімді түсіндім. Қазіргі таңда, спортпен айналыспаймын. Араласатын ортам өзгерді. Жеке кәсібімді аштым. Осы жазбаны оқып отырған әрбір оқырманға айтарым, дінді танығыларыңыз келсе, мешітке барып, сол саланың мамандарын тыңдаңыздар. Менің және мен сияқты адасқан жандардың қателігін қайталаудан аулақ болыңыздар.