Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлғалармен сұқбат

Еліміз егемендікке қол жеткізгелі 30 жылға жуық жылдың көлемі болды. Осы жылдар аралығында мемлекетіміздің барлық салаларында терең, әрі түбегейлі өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болып еңсесін тіктей бастады. Халықаралық деңгейде әлемнің алпауыт мемлекеттерімен бәсекелес бола алатын қабілеттілігін көрсетті. Әсіресе, тарих қойнауында жатқан рухани мұрамыз қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Десек те, бүгінгі қоғамда алаңдататарлық келеңсіз мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – мемлекетіміздің діни ағымдардың ахуалы.   

 Діни экстремизм – діни фанатизмнің шектен шыққан түрі. Кез келген экстремизмнің мәні – олардың пікірлеріне қосылмағандарға зорлық-зомбылықтарын көрсету. «Діни экстремизм»  әлемді өздерінің  шектен шыққан көзқарастарына сәйкес қайта құруға ұмтылады.  «Діни экстремизм» – террористік іс-әрекеттердің туындауына себеп болатын саяси құрал. Жаһандану заманында «діни экстремизм» қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетіп отыр.  Қазіргі уақытта халықаралық экстремизм және терроризммен тиімді күресу үшін әлемдік қоғамдастықтармен біріге отырып жан-жақты күшейтуіміз керек.

Нұр-Сұлтан  қаласы бойынша Дін мәселелерін зерттеу орталығы болса алдын алу бағытында бірнеше жылдан бері нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Діни ағымдардан жапа шеккен адамдарға теологиялық және психологиялық қызметтерді көрсетумен айналысатын Орталық бүгінгі күні көпшілік жамағаттың алғысын алып үлгерді. Орталық мамандары жұмыс барысында түрлі адамдармен кездесіп, түрлі оқиғаның куәсі болуда. Діни радикалдық идеологиялардан сақтандыру бағытында Орталыққа келіп діни бағыттағы күрмеуі қиын мәселелер бойынша қолдау көрген азаматтармен жүргізілген сауал-сұқбаттың қысқартылған желісін ұсынамыз.

 

Кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілген.

 

Бейбітова Әселдің сұхбаты

- Асель ханым, ажырасу қоғамда өте өзекті мәселелердің біріне айналды, діндар азаматтар ортасында ажырасулар (талақ айту) көп кездесіп жатады ма?

- Дін жолында жүрген кейбір бауырларымыздың отбасында түсінбестік және ажырасуға дейін баратын түсініксіз жайттар болып жатады. Ол неліктен? Оның себебі олар көбіне білімді елден тыс жерлерден алып жатады да басқа жолға түсіп кетеді. Осы үшін отбасы шайқалып, жетімдердің көбеюіне себеп болып жатады. Иә, бұл кейде діндарлар арасында да орын алып отыр.

- Діни білімнің таяздығынан ажырасулар болып жатыр дейсіз, осындай жайттардың алдын алу, болдырмау мақсатында сіздің тараптан қандай іс-әерекет жасалды?

- Ал бізде арнайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, мүфтият, мешіттер, ұстаздар бар. Одан кейін мен өзім Нұр-Сұлтан қаласындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығындағы психолог, теологтармен тығыз байланыстамын және осы Орталыққа өзімнің алғысым шексіз.

Олай дейтін себебім, бір туысқан сіңілімнің отбасында түсінбеушілік жағдай болды. Сонда мен ол кісілерге «Сіздерге білікті мамандар тарапынан үлкен көмек қажет екен. Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог, психологтарымен жұмыс жасағандарыңыз жөн» деп ұсыныс айттым.

Олар келісті. Енді отбасын сақтап қалу керек қой. Екі ортада балалар бар, олар жетім қалмауы керек. Менің ұсынысыма келіскеннен кейін мен ол кісілерді осы Дін мәселелерін зерттеу орталығына алып келіп, теолог, психологтармен сөйлестірдім. Білікті мамандар олармен жұмыс жасап, ары қарай отбасын сақтау қалуға үлкен көмек көрсетті. Мен сол үшін осы Дін мәселелерін зерттеу орталығына көп алғыс айтамын.

Діни білімді сырттан емес арнайы мүфтияттан, мешіттен, Дін мәселелерін зерттеу орталығынан іздеген жөн. Осындай жерлермен тығыз байланыста болса ешқандай отбасында жанжал, ажырасу және жітім-жесір болмайтын еді.

-Діни білімді алыстан іздегенше, жақын өз еліңдегі діни білім беретін орындардан алған дұрыс деп айтып жатсыз, ал Сирияға соғыс үшін кеткен қыз-келіншектер туралы не айтар едіңіз?

- Кейбіреулердің адасып, Сирияға кетіп жатқанын көріп жүрміз. Жаңалықтардан да көрсетіп жатады. Сирияға барып, қайтадан келіп жатқандары да бар. Өмірдің не екенін түсініп, туған-туыс, бауырдың не екенін ұғынып қайтып келіп, өздері кешірім сұрап, дұрыс жолға түсіп жатқанын көргенбіз. Өз басым соңғы кездері ондай нәрселерді ести бермеймін. Бірақ, «Жусан» гуманитарлы операциясын жоғары бағалаймын.

- Намазға бет бұрып діни білім алғысы келетін қыз-келіншектерге бір-екі ауыз ақылыңыз болса...

- Негізінде қаракөз қыз-келіншектерге айтарым барынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан, мүфтияттан, мешіттен, осындай орталықтардан білім алған дұрыс. Өз бетінше амал етіп, өз бетінше «мыналар шейх», «мыналардың пәтуасы мынадай» деп салыстырма жасайтындай терең білім жоқ қой. Оны салыстыру үшін бізде ең бірінші терең білім алу керек.

 

 

Асанова Банудың сұхбаты

- Көпті көрген адам ретінде қазіргі өзіңіз көріп, біліп жүрген қоғамда болып жатқан мұсылмандардың халі, жағдайы  туралы не айтар едіңіз?

- Жасым елу төртте, төрт баланың анасымын. Қыз өсіріп, ұл өсіріп, келін тәрбиелеп отырған анамын. Қазіргі мұсылмандардың қал-ахуалына қарасам көптеген жағдайлардың болып жатқанын көріп те, естіп те отырмыз. Жастар жиһадқа барамыз деп мазхабты ұстанбай, Ханифа мазхабына қарсы шығып, «сіздердікі дұрыс емес», «бұлай жүрмеулеріңіз керек», «имамға, басшыға бағынып қажет емес, барлығын Алла көреді, Алланың алдына намазымызды оқып, осылай жүрсек болды» деп намазбен ғана шектеліп, басқа ұйымдармен бірігіп, адасушылықпен жүргенін естіп те, көріп те жатамыз.

- Сіз қоғамда болып жатқан біраз тақырыптарды айттыңыз, өзіңіз мазхаб ұстанасыз ба, діни мәселелер туындаған жағдайда кімге жүгінесіз?

- Өзім Ханифа мазхабын ұстанамын. Отбасы болғаннан кейін әр түрлі жағдайлар болады, сондықтан осы Дін мәселелерін зерттеу орталығына келіп психолог, теологтармен ақылдасып тұрамын.

- Тағы да қыз өсіріп, келін тәрбиелеп отырған ана ретінде қыз баланың тәрбиесінде не нәрсеге жіті назар аударған дұрыс деп ойлайсыз?

- Қазақ қыздары тәрбиелі болуы керек. Бізді ата-анамыз әдет-ғұрыпқа сәйкес тәрбиеледі. Ата-анамыз да намаз оқыды, соғыстан келген атам да, әжем де намаз оқыды. Ол кісілер қиын кезеңдерде де намазды жасырын оқыды. Кішкентай кезімізден үлкендер дәрет алғанда қолдарына су құйып беріп, намаз оқып жүргендерін көріп өстік.Сондықтан да қыздар ибалы болу керек, үлкенді тыңдау керек, ата-анаға қарсы шықпау керек. Үлкен адамдардың қателесуі мүмкін ғой, сондықтан ата-ана не айтса да, дұрыс болса да, қате болса да қарсы шықпау керек.

- Сөз соңында өзіңіздің жастарға арналған ақылыңыз, лебізіңіз болса айта кетсеңіз....

- Жастар көбіне білместікке ұрынып жатады. Басқа да ұйымдарға кіріп, басқа адамдардың уағыздарын тыңдап адасып жататыны содан. Өйткені мен осындай өрескел жағдайларды кездестіріп тұрдым. Енді жастарға айтарым исламды танып, барлығы өзіміздің Әбу Ханифа мазхабын ұстаса, имамға бағынып, әдепті болып, үлкенді сыйлап жүрсе екен деймін.

 

Алиханов Серіктің сұхбаты

Бұл кейіпкер діни радикализмнің дертіне ұшырап, агрессивті күймен қылмыс жасауға бекініп, кейін осы ісі бойынша бас бостандығынан айырылған. Тар қапаста отырып, істеген ісіне өкініш білдіре отыра болашақта өзге адамдардың осындай қателікке бармауы үшін берген сұқбаттан үзінді.

- Серік мырза, намазға бет бұруыңызға себеп болған жайттар туралы айтып бере аласыз ба?  

- Мен 2015 жылы Жезқазған қаласынан келдім. Бұрын өзіммен бірге оқыған бауырым маған жайлап дін жолын үйрете бастады. Сүннет жолын, Алладан қорқу керектігін айтты. Маған ең қорқыныштысы қабірдегі азап жайлы айтқандары болды. Содан кейін Алланың қалауымен намазға жығылдым.

-Ал, өзіңізді бұрынғы теріс ағымның жетегіне кетпей тұрған кезіңізбен салыстырып көріп, сол кездегі ойыңыз бен қазіргі кездегі ойыңыз арасында қарама-қайшылықтар болды ма?

- Басқа діни ағымға түскенім 2018 жылы сәләфи бауырларыммен араласып жүргеннен басталады. Осыдан кейін ойым мен көзқарастарым өзгере бастады. Нәтижесінде органдарды, жалпы погон таққан кісілерді жек көретін болдым. Бірақ олардың да арасында құдайға сенетін, намаз оқитын азаматтар бар. Бірақ, сонда да олар мұсылмандарға қарсы жұмыс істейді, оларды түрмеге қамайды деген көзқарас қалыптаса бастады. Олар біздерді сатып кетеді, өкімет құранмен, сүннетпен жүрмейді деп ойладым. Бірақ дін агрессияға шақырмайды ғой. Тіпті Пайғамбардың өзі мейірімді болған, бейбітшілікке шақырған. Сондай бауырлармен араласып жүргенде өкіметке, мемлекетке деген көзқарасым қатты өзгерді. Өзімде кезінде тергеуші болып органда істегенмін. Бірақ мен ол кезде бұлай ойлаған жоқ едім. Көзқарасымның өзгергенінен органда жұмыс істейтіндерді жек көріп, өкіметтегі билік неге мектеп кезінен бастап Құранды үйретпейді деп ойладым.

-Діни біліміңіз қаншалықты дәрежеде, бастапқыда уағызшылардан кімдерді тыңдадыңыз және уағыздардан алған ақпарат сізге қалай әсер етті?

- Өзім құраннан 6 сүре білемін. Сол кездері Абдулла Костекский, Абу Омар Саситлинский деген шейхтарды тыңдай бастадым. Олар шынында дұрыс жолды ұстанатын шығар деп ойлайтынмын. Кейде басқа уағызшыларды да тыңдап жүрдім. Бірақ кейіннен ол ұстаздардан кетіп, шейх Абдулла Костекскийді көп тыңдайтын болдым. Одан кейін Ерлан Ақатаевты және Дарын Мубаровты тыңдайтынмын. Тәжуид үйренбедім, намазға келдім деп мен негізінен агрессивті жаққа кетіп қалдым. Негізінен шейх Абдулла Костекскийді тыңдай беріп агрессияға беріліп кеттім.

- Дінге бет бұрғаннан бастап жаңадан араласып жүрген ортаңыз сіздің отбасыңыз, туысқандарыз, достарыңыз арасындағы қарым-қатынасыңызға қандай өзгерістер алып келді?

- Дінді ұстанған осы екен деп әке-шешеммен келіспей қалатын болдым. Тіпті анамнын пісірген етін, істеген тамағын да жемейтін болдым. Себебі, мен араласатын мұсылман бауырлар «Малды мұсылман адамның сойғанына сенесің бе?», «Бисмилләмен сойылған мал ма?» деп айтатын. Олар маған «Намаз оқымайтын адамның сойған малының еті харам, сен куфрға жасадың» деп  айтатын. Мен «Куфр деген не?» деп сұрадым. Куфр – Аллаға қарсы келу деп түсіндірді. Содан бастап мен ет жемей кеттім. Туысқандарым менен неге ананның пісірген тамағын жемейтінімді сұрайтын. Мен анамның пісірген тамағын жеймін, бірақ етті жей алмаймын, сондықтан етсіз пісірсін деп айтатынмын. Осының салдарынан талай отбасылық жанжалдар болды.

Теріс діни ағымға түскен адамның бойында агрессия пайда болады екен. Бұл бірте бірте пайда болады, тіпті өзің байқамай қалады екенсің. Теріс жолға түскелі әке-шешеммен, туыстарыммен үнемі ұрыс-керіс көбейді. Бұлар әлі дінді білмейді деп оларға дінді үйретпекші боламын. Үйреткенді олар түсінбейді. Нәтижесінде ұрсысып, төбелеске дейін барасың. Намаз оқымайтын жолдастарыммен де араласып жүргенде оларды дінге шақырдым. Егер олар «Сенікі дұрыс емес» дейтін болса, ашуланып, агрессияға беріліп төбелеске дейін баратынмын.

- Қазір қателісіп, теріс ағымның сойылын сойып жүргеніңізді білгеннен кейін бұрынғы ортаңыз, соның ішінде ата-анаңызға істеген ісіңіз үшін қаншалықты өкінесіз?

- Әке-шешемді бұрыннан қатты ренжіттім деп ойлаймын. 2018 жылдан бастап әке-шешеме қарсы келіп, қатты кете бастадым. Қазір әке шешемді көрсетсе екен деп жүрмін, олардан кешірім сұрағым келеді. Өзімнің істеген қылықтарыма қатты өкінемін. Егер Алла маған мүмкіндік берсе, өмірім жетіп бостандыққа шығып жатсам әке-шешемді құшақтап беттеріне сүйер едім. Қатты жалынып кешірім сұрайтын едім. Қатты құшақтап жібермей «Мені кешіріңіздерші» деп айтар едім.

- Бастапқыда айтып кеткеніңіздей уағызшылардың сөздері агрессивті ойлардың пайда болуына алып келді дедіңіз, осындай ойлар сізді қандай әрекеттерге итермеледі?

- Күмәнді шейхтарды тындай беріп ойымның бәрі өзгеріп кетті ғой, өмірге деген басқа көзқарас қалыптасады екен. Мен бас бостандығымнан айырылмай тұрып, неше түрлі жанкешті жоспар құра бастадым. Атап айтқанда, ҚР Ғылым және білім министрін кепілге алуды ойладым. Ол үшін Астана қаласындағы Мәнгілік ел көшесінде орналасқан ҚР Білім ғылым министірлігінің ғимаратына кіріп, күзетші полиция қызметкерін өлтіруім керек болды. Әйтпесе ол мені атып өлтіреді, нәтижесінде шаруамды тындыра алмай қаламын. Полиция қызметкерін өлтіргеннен кейін баспалдақпен жүгіріп шығып, министрді кепілдікке алуым керек болды. Мен одан «Мектеп пен колледждағы қыздарға неге хиджап киіп жүруге рұқсат бермейсіңдер, неге тыйым саласындар?»-деп сұрағым келді. Менде артқа шегінер жол жоқ еді. Себебі, министрді құтқаруға келген арнайы әскери жасақ мені атып өлтіретін еді.

-Намаз оқуға, дінге бет бұрған азаматтар сіздің қателігіңізді қайталамас үшін қандай ақыл айтасыз, қандай өкінішке алып соғатын істер жасамауға шақырасыз?

-Дінде жүрген бауырларыма айтарым бар. Егерде біз құранмен, хадиспен жүрсек неге әке-шешемізге қарсы шықтық, неге оларды тындамай кеттік деп  ойламайсыңдар ма? Ертен қиямет күнінде оның сұралатынын ұмытпау керек. Қазір де менің артымнан зарлап жүрген ата-анам ғана. Қатты кетпеңіздер қазақ бауырлар, ойланайық. Намаз оқымайды ол «жәһил», «кәпір» деген сөздерді айтпаңыздар. Ертен өлім сәті келгенде өзіміз жаһил болып кетпейік. Алла сынаймын десе сынап жібереді. Тілімізге абай болайық. Барлық күнә тілден екенін ұмытпайық. Эмоциямен ойына келген сөзді айтып, қатты кетпеңіздер. Ойланып сөйлеңіздер. Өзімді сәләфи ағымын ұстанып, теріс жолға түстім деп айта аламын. Әрине қатты қателестім. Бұл қате жол. Пайғамбар мен сахабалар да бұлай істемеген.

Мені бұл жақта ұлттық қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдары қызметкерлері қысып жатыр деп ойламаңыздар. Мен түзету мекемесіне түскенде ораза айы басталып кетті. Өзім кәпір деп жүрген қауіпсіздік қызметкерлері маған ораза айында ауыз ашарға тамақ әкеліп тұрды. Олар ендеше қалай кәпір болады?!

Бауырларыма айтарым интернетте жүрген Шейх Абдулла Костекский, Абу Омар Саситлинский секілді шейхтарды тыңдай бермеңіздер. Текке өкініп қаласыңдар. Ол кісілер қатігез, соғыс туралы ғана айтады. Көп жақсылықтың бар екенін айтпайды. Тек соғыстар туралы, әсіресе Сирия туралы уағыз айтады.

Дінді үйренгелі жүрген бауырларыма айтарым, дінді мешіттен үйреніңіздер. Мешіттен тәлім-тарбие алыңыздар. Интернеттен діни білім іздемеңіздер. Мен интернеттің салдарынан осындай жағдайдайға душар болдым. Қазір түрмеде отырғаным үшін емес, адасып басқа жолға түскенім үшін өкініп қиналып отырмын.

- Қателіктер мен кемшіліктеріңізді түсініп, ақ пен қара ажыратуыңызға тағы кімдердің ықпал етті?

- Ойлап қарасам сақал өсірдік, балақ қысқарттық, намаз оқымайтындарға агрессия көрсеттік, осыны дін деп қалай айтамыз? Пайғамбар үйреткен дін осы ма еді? Мен дінде жүрмін, бірақ көп нәрсе білмеймін. Теологтар келіп сахих хадистер мен аяттар айтып түсіндіріп жатыр. Намаз оқымайтын адамдар емес мен жаһил болып қалдым. Жаһил деп надан адамды айтады. Менің дін саласында білімім жоқ және білмейтінім көп. Біз әр нәрсені өзімізден бастағанымыз жөн.

 

P.S. Оқырмандардың назарына ұсынылған сұхбат барысында  кейіпкерлер өз өмірлерінде орын алған оқиғалармен бөлісіп, жастарға діни ақпарат іздеп ғаламтордағы күмәнді уағызшылардың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Олар дінде жүрген бауырларын өздерінің қателіктерін қайталамауға, әке-шешеге қарсы шықпауға және күмәнді уағызшыларды тыңдамауға, сондай-ақ, діни ақпаратты тек білікті мамандардан сұрауға  шақырады.

Сұхбат кейіпкерлерінің дұрыс жолға түсуіне ықпал еткен Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының білікті мамандарына деген ықыластары ерекше. Аңдамай басып, адасудан сақтасын!