Қазақстанда сәләфизм мен ваххабизмге тыйым салынсын – петиция жарияланды
Ваххабиттердің мақсаты ұлттық мүдделермен мүлде сәйкес келмейді әрі ол Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төндіреді.
Мирас Ермекұлы атты азамат «Қазақстанда салафизм мен ваххабизмге заңды түрде тыйым салынсын» деген талаппен петиция бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«2020 жылдың қаңтарында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында ҰҚК қызметкерлері ақша табу үшін адам ұрлығын ұйымдастырды деген күдікпен сәләфизм деструктивті діни ағымының жақтастар тобын ұстағаны хабарланған. 2018 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысында сәләфиттердің автобус жүргізушілерінен ақша бопсалағаны айтылды. Соңғы 20 жылда мұндай жаңалықтар өте көп, оның барлығын тізіп шығу мүмкін емес», - дейді ол.
Петиция авторы 2016 жылдың 14 қазанында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сәләфизмді ұстанушылар өздерінің идеялары мен құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрімізден, мәдени және рухани құндылықтарымыздан жоғары қоятынын атап өткенін еске салады. «Салафизм – ұйым емес, діни ағым және сенім жүйесі» деген еді ол кезде Ермекбаев. Бұл ұстанымды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы толық қолдады.
«Ваххабиттердің мақсаты ұлттық мүдделермен мүлде сәйкес келмейді әрі ол Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Мұны Қазақстан Республикасының ресми БАҚ-тары хабарлаған. Мәселен, 1999 жылы Дағыстанда ұлттық жиын «Дағыстан Республикасының аумағында уахабизмге және басқа да экстремистік әрекеттерге тыйым салу туралы» заңды қабылдаған. Осыдан кейін Өзбекстан мен Тәжікстан да соған ұқсас заң қабылдады. Қаңтар оқиғасы мұндай қадамға Қазақстан да баруы керектігін көрсетті», - делінген петицияда.
11 тамызда кешке жарияланған петицияны 12 тамыздың сағат 11.12-не дейін 1292 адам қолдап дауыс берген. «Петицияға қарсымын» деген батырманы 18 адам басқан.
Петицияға дауыс беру үшін мына сілтемеге өту керек.